Атырауда Сармат алтындары табылды
2023-2024 жылдары облыстық тарихи-өлкетану музейінің Археологиялық экспедициясы Қызылқоға ауданы Қарабау ауылы маңындағы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Қарабау-2 және Қарақұдық 1-2 қорғандарына археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген еді. Атырау облысы әкімінің қолдауымен облыстық Мәдениет жәнетілдерді дамыту басқармасының облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен археологиялық зерттеулер нәтижесін таныстыру мақсатында «Сармат алтындары» атты көрме өтті.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов қатысып, тарихи мұралардың маңыздылығына тоқталды.
-Бүгін облыс тарихындағы ерекше күн. Бұған дейін осындай кең көлемде қазба байлық, қорғандар, тарихи мұралар табылған жоқ. Б.з.д. V ғасырға тиесілі қорған Қызылқоға ауданы аумағынынан табылды. 1 қорғанның ішіндегі 9 қабірдің 7-еуі тоналмағандығын ғалымдар дәлелдеп отыр. Жұмыстың басы-қасында жүріп, ауқымды іс атқарған ғалымдарға зор ризашылығымызды білдіреміз. Әлі де құнды мұраларымызды толықтыратын жақсы нәтижелі жұмыстар жалғаса береді деп ойлаймыз. Оған облыстық әкімшілік тарапынан барлық қолдаулар көрсетіледі. Бұл көрме Атырау өңірінің тарихын одан әрі тереңдете түсетіні сөзсіз. Барша ғалымдарға сәттілік тілеймін!, — деді Д.Шамұратов.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологиялық ғылыми-зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Хасенов Қарабау-2 қорғанына жүргізілген археологиялық жұмыстарға тоқталып өтті.
— Қарабау-2 қорғаны Қарабау ауылынан солтүстікке қарай 10 шақырым қашықтықта орналасқан, диаметрі – 70 м., биіктігі – 3 м. болып табылатын Атырау өңіріндегі «патша» қорғандарының бірі. Қорғанға 2023-2024 жылдар аралығындағы жүргізілген қазба жұмысы нәтижесінде 9 қабір зерттеліп, оның ішінде 7 қабірдің тоналмағандығы анықталды. Қорғандағы 3 қабірді (№1, 2, 3 қабірлер) зерттеу барысында біздің дәуірімізге дейінгі V-ғасырда алтыннан «аң стилімен» және өзге де түрде жасалған әртүрлі әшекей бұйымдар мен заттар, қару-жарақтар, әртүрлі пішіндегі қоладан, керамикадан және сүйектен жасалған ыдыстар табылды. Мұның өзі Қарабау-2 қорғанын тек Атырау өңірінің ғана емес, Қазақстанның ерте көшпелілер дәуіріндегі «сармат көсемдері жерленген» бірегей ескерткіш ретінде тануға жол ашады, — деді М.Сейітжанұлы.
Одан әрі Қарақұдық-1 және Қарақұдық-2 қорғандарындағы археологиялық зерттеу жұмыстарының мән-жайы туралы музейдің археология бөлімінің меңгерушісі, жас ғалым Саламат Базарбаев айтты.
— Музейдің Қарабау ауылынан солтүстік-батысқа қарай 9,7 км жерде орналасқан. Қарақұдық-1 қорғанының диаметрі 38 м., биіктігі 1,8 м., Қарақұдық-2 қорғанының диаметрі 37 м., биіктігі 1,4 м. Осы аталған екі қорғанды зерттеу барысында қабірлерден күміс пиктограмма (ақбөкеннің, қасқырдың суреттері), алтын зергерлік бұйымдар, керамикалық ыдыстар, әртүрлі тұрмыстық заттар, ағаш пен керамикалық ыдыстар, қола қазандар, темір және қоладан жасалған қару-жарақ (акинак, қылыш, жебе ұштары, найза бөлігі) табылды,-деді ол.
Көрмеге қойылған археологиялық олжалар Атырау өңірін ерте кезеңдерде мекендеген сармат тайпаларының өркениетінің деңгейін, оның ішінде көшпелілердің қөлөнерінің, әскери өнері мен діни рәсімдерінің жоғары дәрежеде дамығандығын көрсетті.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ