Атыраудағы Каспий демалыс аймағының құрылысы қашан басталады?
Atr.kz/4 маусым, 2019 жыл. Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы Зинеден ауылының (Исатай ауданы) тұсы демалыс аймағына айналады.
Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Гүлбаршын Арыстанованың айтуынша, оның көлемі 300 гектарды құрайды. Мұнда 500 орынға арналған балалар лагері, демалыс орындары, көңіл көтеру кешендері, ипподром, жасанды «құз» секілді нысандар бой көтереді. «Халықтар достығы» ауылын салу жоспарланып отыр. Мұнда келушілерге әр ұлттың тағамдары ұсынылып, музейлері жасақталады. Жобалауға қатысты құжаттамалар биыл толық аяқталса, демалыс аймағының құрылысы келесі жылы басталады.
Д е м а л ы с о р н ы н ы ң аумағы бірнеше аймаққа бөлінеді. Оның пайдалануға берілуі, инженерлікк о м м у н и к а ц и я л ы қ инфрақұрылым жүргізілуі кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік береді. Жаңа аймақта жанға керектінің бәрі болады. Мәселен, ипподромда балалар атпен қыдырып, жасанды «құз» арқылы жоғарыға көтеріле алады. Картингте (шағын көлік) сайысуына да мүмкіндік бар.
– Қонақүйлер көптеп салынып, қысқа мерзімге есептелген шатырлар тігілетіндіктен келушілер орын тапшылығын сезбейді. Бір сөзбен айтқанда, бизнесмендерге түрлі база мен жаңа демалыс орындарын ашуға, ал тұрғындарға, қонақтар мен туристерге Каспий теңізінің жағалауында толыққанды демалуға жағдай жасалады, — деді облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Гүлбаршын Арыстанова.
Демалыс аймағы 2 мыңға дейін халықты қабылдауға арналған. Жалпы аумағы 20,4 гектарды алатын коттедждер қалашығында 451 келуші демала алады. Жергілікті 400 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар. Қазіргі күні демалыс аймағының жобасы Исатай ауданына жіберілді. Олар жұмыс жоспарын жасақтап жатыр. Айтпақшы, лагерьден басқа нысандардың барлығы инвесторлардың қаражатымен бой көтереді.
Азамат БАЗАРБАЕВ