Атыраудағы екі мектепте эвакуациялау жұмыстары жүргізілді
«Атырау қаласындағы 2 мектепте жарылғыш зат бар» деп келген хабарлама бойынша дереу анықтап-тексеру және эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Оқиға орнына құзырлы құқық қорғау органдарының қызметкерлері жұмылдырылды. Жүргізілген жедел әрекет нәтижесінде ғимараттан ешқандай жарылғыш зат анықталған жоқ. Жалған хабарлама беру дерегі бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Күдікті тұлғаны анықтау үшін кешенді жедел-іздестіру шаралары қолға алынды. Қазір қаладағы барлық мектептегі қауіпсіздік полицияның жіті бақылауында.
-Жалған ақпарат таратқан адамға ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы, яғни терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау дерегі бойынша жаза қолданылады. Оған бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, — дейді департаменттің баспасөз қызметінің жетекшісі Мейірім Ердәулет.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА