Атырауда үйлер опырылып ортасына түскен…
Қыстың көзі қырауда Қайыршақты ауылдық округіндегі «Жұлдыз-1» шағынауданының тұрғындары жерасты суының көтерілу себебінен баспанасының дымқыл тартқан қабырғалары үгітіліп, аулада аяқ басып жүретін жер қалмағанына ренжулі. Бірнеше жылдан бері кәріз бен дренаж жүйелерін тартуды талап етсе де, тұрғындардың бұл әрекеті әлі күнге дейін орындалмай отыр.
Құлаған баспана
Желтоқсанның соңында көп балалы ана Амангүл Қанатованың тұрып жатқан үйі жерасты суының әсерінен опырылып ортасына түскен. Абырой болғанда сол үйде тұратын ұлы отбасымен қонақта болыпты. Бұған ашынған шағынаудан тұрғындары мұндай жағдайдың тағы да қайталанып, қауіп төндіруі мүмкін екенін айтып, әкімдіктегілерге базынасын жеткізген еді.
– Пәтер жалдап жүргендіктен несие алып салған үйіміз құлап қалып отыр. Алғашқы жылдары еккен ағаштарымыз жайқалып өсетін. Осыдан екі-үш жыл бұрын ауылдағы жерасты суының ахуалын дрон арқылы түсіріп әкімдіктегілерге көрсеткенбіз, алайда олардың тарапынан ешқандай шара қолданылмады. Үйдің қабырғасы үгітіліп құлай берді. Аула судан толып тұр, мына қарқынмен қасындағы үлкен үйімізді де құлататын түрі бар. Ақ-адал еңбегімізге салынған үй болған соң шырылдап жүрміз. Жерасты суының салдарынан балшықтан көз ашпаймыз. Септикке су жібермей амалдағанның өзінде жерасты суы шығып кетіп отыр. Жөндеу жұмыстарын жасауға мүмкіндік жоқ. Үйдің қабырғасы күмпиіп, түсқағаздар жабыспайды. Жерасты суын тоқтатпаса жағдай ушығып тұр. Осыған байланысты материалдық көмек көрсетілсе жақсы болар еді. Жиырма жылдан астам уақыттан бері мемлекеттік қызметте жұмыс істеп келемін. Үйдің кезегінде тұрмын, әзірге кезектің шеті жеткізбейді. Екі үйді де қарызданып-қауғаланып салғанбыз. Біреуінің несиесін әлі төлеп отырмыз. Жергілікті белсенді блогерлер мен тұрғындар бас көтеріп шықпаса, мәселеміз жабулы қазан жабулы күйінде қалып қойғалы тұр еді, — деді А.Қанатова.
Тұрғындар бұған дейін дәл осы проблеманы облыс әкімімен кездесуде де көтеріп, бұл жайға ерекше назар аудару керектігін айтып, жазбаша арыз жолдаған болатын.
Арызға құлақ аса ма?
Соңғы жылдары жерасты суынан зардап шегіп отырған тұрғындарды алдағы уақытта жүргізілетін кәріз жүйесі құрылысының мерзімі алаңдатады. Өйткені, оларды құрылыс кемінде екі-үш жылға созылса, баспаналарының жағдайы не болатыны толғандырады. Кәріз жүйесі іске қосылғанша денсаулығы мен хал-ахуалын ойлаған олардың су үстінде тұрған үйлеріне зиян келсе, барар жер, басар тауы жоқ.
Облыс басшысымен кездесуде бірнеше тұрғынның қолы қойылған талап-арызда қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілердің талаптарын ескере отырып, шағынауданға жергілікті деңгейде табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялап, соған байланысты тұрғындарға шұғыл түрде көмек көрсетуін сұраған еді.
Облыс әкімі бүгінгі таңда қаланың оң жағын да, сол жағын да орталықтандырылған кәріз желісіне қосу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын айтқан еді.
Мамандардың айтуынша, ешбір құрылыс жүргізілмей тұрғанда-ақ «Жұлдыз-1» шағынауданында жерасты суының деңгейі 4,5-6 метр тереңдікте болған. Топырағы сазды, су өткізгіштігі төмен, жер бетінің суы ағып кететін мүмкіндігі жоқ жерлерде құрылыс жүргізілсе, жерасты суының көтерілуі заңдылық. Мұндай жағдай қазір «Өркен», «Балауса», «Сарықамыс», «Мирас», «Жұлдыз-2» шағынаудандарында да байқалып отыр.
Бүгінде «Жұлдыз-1» ауданында 100-ден астам үйдің 300-ден астам тұрғыны жерасты суының зардабын шегіп отыр. Ауладағы дәретхана суға толып, септикті айына бірнеше рет сорғызып, қалтаға салмақ түсіп тұр.
Тілсіз жаудан қауіп көп
Қырық жылға жуық буын ауруына шалдықса да шағынауданның мәселесін шешуге жұмыстанып жүрген I топ мүгедегі Айгүл Досқалиеваның сөзінше, жерасты суының мәселесі 2022 жылдың көктемінен бастап күрт шиеленісе түскен. Оған көктемдегі жауын-шашынның суы қосылған. Жаңбырдың суы сіңіп кетпеген соң жерасты суы тұрғындарды әбден титықтатыпты.
– Өкініштісі, жергілікті атқарушы органнан тиісті көмек ала алмадық. Бас жоспарға және заңдылыққа сәйкес көрсетілген міндеттер орындалмай отыр. Тұрғындарға жер берілген кезде басқа да инфрақұрылыммен бірге кәріз, дренаж, нөсерлік жүйелер жүргізілмеген. Бүгінде іс басындағы азаматтардың шалағайлығынан жерасты суы көтеріліп, екі жылдан бері «Жұлдыз» тұрғындары техногендік сипаттағы төтенше жағдайда қалып отыр. Бақшадағы жеміс ағаштары қурап қалды. Үйдің ішінде ірге үгітіліп құлап жатқандықтан тұрғындар өз бетінше жөндеу жұмыстарын жасайды, бірақ ол құмға сіңген сумен тең. Бұл жөнінде тиісті құрылымдардың барлығына арызданып, дәлел-дәйегіміз бен арызымызды жолдадық. Одан ешқандай нәтиже шығара алмаған соң, өз құқығымызды пайдалана отырып сотқа жүгіндік. Былтырғы наурызда басталған сот ісі қазан айында апелляциялық сотпен аяқталды. Екі сот та біздің арызымызды қанағаттандырмады, енді кассациялық сотқа арыз түсіріп, қазір соның уақытын күтіп отырмыз, — деді А.Досқалиева.
Шағынаудан тұрғындары Дәмелі Мұханғалиева мен Сәуле Омарованың да жанайқайы осыған ұқсас. Кейбір тұрғындар бүкіл отбасымен созылмалы ауруға шалдыққанын айтады. Үйдің ішкі қабырғасынан бөлінген әппақ тұзды ауамен тыныстағандықтан саулыққа да салмақ түскен сыңайлы.
Бүгінде жерасты суының көтерілуінен ауласы қысы-жазы суға толып, іші-сырты сыз тартқан үйлер құлап жатыр. Жақында ғана тұрғындардың талабы бойынша әкімдіктен келіп, жағдайға қаныққан комиссия мүшелері «Жұлдыз-1» шағынауданындағы ахуалдың техногендік сипаттағы төтенше жағдайға жататынына көздері жеткендей.
Біздің білуімізше, облыс әкімдігінде осы мәселеге байланысты арнайы жиналыс өтіп, мамандарға төтенше жағдай жариялау үшін штаб құрып, құжат әзірлеуге тапсырма берілген. Зардап шеккен тұрғындардың тізімі де алынып жатқан көрінеді.
Қалай болғанда да әбден тығырыққа тірелген жұлдыздықтарға шұғыл түрде көмек көрсетілуі керек-ақ. Қандай істің де байыбына бармай, дер мезгілінде тиісті шешім қабылданбаса, оның зардабы мол, ақыры тіпті кісі өліміне апарып соғары да кәдік. Сондықтан іс басындағы азаматтар қатердің алдын алуды ертерек қолға алса құба-құп.
***
Мамандар не дейді?
Едіге САБУРОВ,
гидрогеолог:
АЙТА-АЙТА ДРЕНАЖДЫ…
– 2022 жылдың мамыр айында «Жұлдыздағы» жерасты суы жердің бетінен 28 сантиметр төменде болған. Құрылыс нормалары мен ережелері бойынша елді мекендегі судың деңгейі жер бетінен 2 метр тереңдікте болуы керек. Бүгінде 50 сантиметрдей тереңдіктен су шығып тұр. Бірақ күзде судың деңгейі төмен болады. Ақпан, наурыз, мамыр айларында су көтеріледі. Жерасты суының қысымы көтерілген кезде ауланың ішін су алып кетіп отыр.
«Жұлдыз-1» шағынауданынан үй тұрғызған кезде ол жерді гидрооқшаулау керектігін тұрғындардың бірі білсе, бірі білген жоқ. Білгенінің өзі жасауға мүмкіндігі болмады.
Менің ойымша қалалық әкімдіктің өкілі, эколог, санитарлық дәрігер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы мен су саласының мамандары, «Спецавтобаза» ЖШС мамандары сол ауданға барып, жағдайды зерделеп қорытындысын шығару керек. Қарапайым тұрғындар зардап шегіп отырған баспана мен адамның нақты санын анықтай алмауы мүмкін. Сондықтан қала әкімдігі бұл шаруаға араласуы тиіс. Халық көмекке өте мұқтаж.
Жобалау-іздестіру жұмыстарымен айналысатын «Шыңдау» ЖШС кәріз жүйесінің жобасын жасап жатқаны белгілі. Сол жобаға дренаждың да жобасын қосып жасау керек деп есептеймін. Себебі кәріз жүйесінің қасына екінші тұрбаны қатар жүргізуге болады. Ал сәулетшілер мен құрылыс мамандары жер телімі берілмес бұрын кәріз бен дренаж жүйелерінің заңдылықтарын ескеруі керек еді.
Тәжірибе бойынша жерасты суының деңгейін төмендетуге арналған ондаған жол бар. Кейбір тұрғындар айтып жүргендей ауладағы септиктердің су өткізетіні рас. Бұл жерасты суының көтерілуін белгілі бір деңгейде арттыра түседі. Негізінен табиғи жағдайға байланысты болып отыр.
Облыс әкімдігінің алдына қойылып отырған негізгі мақсат – кәріз жүйесін жолға қою. Егер ол жүзеге асса, жерасты суының деңгейін түсіруге мүмкіндік туар еді. Бұл мәселе Қазақстан бойынша тек Атырауға тән. Маған қойылып отырған сұрақтарға қарағанда басшылар осы жағдайға бел шешіп кірісіп жатқанға ұқсайды.
Қазір Атырау қаласы мен елді мекендерінің ойлы-қырлы жерлерінде жерасты суының деңгейі жоғары болуы мүмкін деген болжам бар. Басшылар соңғы жылдары ғана жерасты суының жағдайына үңіліп жатыр. Бұған дейін осы мәселелерді көтеріп келген гидрогеологтардың жанайқайын ешкім де ескерген жоқ.
Ізімберген САНАБАЕВ,
сәулетші:
ЗАУАЛДЫҢ БАСТЫ САЛДАРЫ
– Кезінде облыс аумағы, соның ішінде Атырау қаласында үй салу керек деген желеумен ешқандай заңдылық сақталған жоқ. Жауапты адамдар бұған немқұрайдылық танытты. Қазір де тиісті талаптың жүйелі жүріп жатпағанын көз көріп отыр. Сондықтан бұл жағдай бүгін-ертең түзеліп кететініне сенім аз.
Құрылыс жүргізер алдында жердің астында не бар, не жоғын қарап, жерасты суының деңгейін анықтап, құрылыс салуға бола ма, болмай ма, соған көз жеткізу керек еді. Біз жұмыс істеп жүрген кезде де бұған құлақ қойған басшылар болмады, өзімбілемдікке салды.
Ал қазір қалада шағынаудандар көбейгенмен олардың барлығына зерттеу жасалмаған. Айталық, «Нұрсая» шағынауданы салынған аумақта гипстің әжептәуір қоры бар. Демек ол жерге үй салуға болмайды. Бірақ оған қарап жатқан ешкім жоқ, болашақтың проблемасы есепке алынбаған. Бұрын жобалау институты болған кезде білікті мамандар осы жағына жіті көңіл бөлетін. Қазір оның барлығын жойып жіберіп, жекеменшік жобалаушыларға барлық билікті беріп қойған.
Атырау қаласының аумағы теңіз деңгейінен төменде жатыр. Сол себепті теңіздің суы қыста 1 метрге дейін төмендесе, жазда 50 сантиметрге дейін көтеріледі. Жеріміздің ащы, қолайсыз болу себебі сондықтан. Жер бедерінің құмды-сазды болып араласып келуі салдарынан қар мен жаңбырдың суы топыраққа сіңбейді. Сол үшін дренаж керек. Өзім тұратын «Нұрсаяда» жыл он екі ай бойы жауын-шашынның суы ағып кететін жер жоқ. Оны маман ретінде айтсақ, бізге құлақ асар жан болмай тұр.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ