ӨРКЕНИЕТТІҢ ДЕ ӨЗ ТАЛАБЫ БАР

Ата Заңның басты қағидасы — адамның бостандық пен құқықтарын мүлтіксіз қорғау болса, зейнет жасын өсірудің де осындай маңызы бар деп білемін. Сондықтан, Үкімет пен Ұлттық банк бастамашы болған зейнетақы заңнамасының әлі де болса жетілдіретін, толықтыратын тұстарын көрсетіп берген Елбасының Үндеуін біздің білім саласы қызметкерлері де толықтай қолдайды.
Жасыратыны жоқ, ұрпаққа тәрбие мен білім беру саласында еңбек ететіндердің басым бөлігін қыз-келіншектер, аналар құрайды. Қазірдің өзінде бұл салада 1052 мұғалім болса, оның 914-і - әйел-аналар. Бастапқыда олардың да зейнет жасын ұлғайту талабын екіұдай көңілмен қабылдағаны жасырын емес. Жылма-жыл ауданда 20-27 мұғалім жасына байланысты зейнеткерлікке шығып келді. Елбасының заңдағы зейнет жасына өзгеріс енгізуді 2018 жылдан бастауды ұсынуы бұл деңгейдің әлі де сақталатындығын көрсетеді.

Шынында, бірқатар жандар жасы егде тартып, 63-ке толған мұғалімнің шәкірттерге сабақ беруін түрліше бағалайды. Ауылдың жағдайында мұның өзін де ойластыруға тура келеді. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму сипатын сараптағанда бұл қадам келешекте тиімділік береді дегенімізбен, оның моральдық-этикалық тұрғыдан да мән-мәнісін әбден салмақтап алған артық болмас еді.
Әрине, бүгінде денсаулығын күтіп, жұмыс істеп, табыс табамын деген әр жанға барлық жағдай ойластырылған. Бірақ, бес саусақ бірдей емес қой. Күнделікті киім-кешекті айтпағанда ас-суының өзін ақылы қызметке, тағы басқа жұмысқа уақытша жалдану арқылы тауып, тиын-тебенмен күн көріп жүргендер қаншама?! Олардың бірқатары үшін зейнет жасын ойлаудың өзін артық нәрседей көрінеді кейде.
Демографиялық жағдайдың оң сипат алуы әйел-анаға деген көзқарастың тек Үкіметтің тарапынан емес, жұмыс беруші жақтың да оған үлес қосуы керек екендігін түсінетін уақыт келді. Бұл бір жағынан жұмыс берушінің жалаң табыс табуды ғана ойлап қоймай, бұдан былайғы жерде өз қызметкерінің, қала берді елдің мүддесін де ескеріп отыруына түрткі болары хақ. Зейнеткерлікпен қамтамасыз етудің бұдан да басқа шараларын таяу арада тереңдей талдап, қолданысқа енгізіп барып, алынған шара баршамыздың талап-мүддеміздің үрдісінен көрінеді деп сенемін.
Қалжан АХМЕТОВА,
білім беру қызметкерлері кәсіподағы аудандық кеңесінің төрайымы.
Индер ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз