Атырауда «Тауарларды жергілікті қамту: елдің және саланың стратегиялық дамуы» атты семинар өтті
Мұнай-газ саласы өкілдерінің басын қосқан алқалы жиынға облыс әкімі Серік Шәпкенов, Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек қатысты,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Серік Шәпкенов өңірде жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар пайдаланатын құрал-жабдықтың жартысын жергілікті мекемелер шығаратынын айтып, көрсеткішті жоғарлатуда бірлескен жұмыстар атқару қажеттігін атап өтті.
— Атырау облысы индустиралды дамуы үшін бір орында тоқтамай, өсуіміз керек. Шетелдіктердің жасайтын нәрсесі біздің өндірушілердің де қолынан келеді. Облыстық әкімдік жергілікті қамтуды одан әрі дамыту және мұнай-газ компаниялары үшін отандық тауарлар жеткізу мен қызмет көрсетуді арттыру мақсатында ірі операторлармен алдағы бес жылға тауарлар, жұмыстар, қызметтер және қазақстандық мамандар үлесі нысаналы индикаторларын белгілеп, Меморандумға қол қойды. Мұндай қолдаулар жалғасын таба бермек. Бүгінгі форум аймақта жаңа өндіріс көзін ашуға серпін береді деген сенімдемін, — деді С.Шәпкенов.
Жиынға 50-ге жуық бизнес өкілі қатысып, тәжірибесімен бөлісті. Мәселен, биыл алты айда «Теңізшевройл» ЖШС-нің тауарлар, жұмыстар және қызметтердегі жергілікті қамту үлесі 68% құрады. Өз кезегінде компанияның бас директоры Кевин Лайон отандың өндірушілерге жасалған жеңілдіктерге тоқталды.
— Біз қазақстандық кәсіпорындарды қолдау, технологияларды беру және жергілікті әлеуетті арттыру шараларын белсенді жүргізіп келеміз. Соңғы 31 жылда Қазақстаннан 50 миллиард долларға жуық тауарлар мен қызметтер сатып алдық. Біздің жетістіктерімізде жергілікті мердігерлер мен қызметкерлері маңызды рөл атқарады. Биыл ТШО қазақстандық өнім берушілерге екінші деңгейдегі банктер берген кепілдікті пайдалануға рұқсат беріп, тендерлерге қойылатын талапты жеңілдетті. Бұл өнім берушілерге ірі тендерлерге қатысуға мүмкіндік береді, — деді К.Лайон.
Семинар қатысушылары «ATV», «Newtech Systems Group», Tynys, «Глобал Спец Одежда», «Aleks», «Oil Qazaqstan Group», «Borkit Safety» сынды жергілікті компаниялардың стендтері мен өнімдері қойылған көрмемен танысты.
Айта кету керек, семинар ТШО компаниясы мен «Казсервис» ЖШС ұйымдастыруымен өтті.
Атырау облысында 22 ірі, 21 орта, 625 шағын өнеркәсіптік кәсіпорын қызмет атқарады. Өңірде 68 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.