whatsapp image 2021 09 09 at 18.54.40

БАЛЫҚ АУЛАУДАН ГӨРІ ӨСІРУГЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІЛМЕК

Жаңалықтар
4 / 100

2018 жылы құрылған Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасы үш бағытта жұмыс жасап келеді, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атап айтқанда, бұл – балық аулау (өндіру) және оны өңдеу (экспорт), қолдан балық өсіру (аквакультура) және балық қорларын қорғау және өсімін молайту. Атырауда балық аулаумен 18 кәсіпорын айналысады. Оның екеуі – бекіре балық өсіру зауыттары.

Аталған басқарма басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, 2019 жылмен салыстырғанда, өткен жылы балық аулау мен экспорт үлесі 6-19 пайызға өскені байқалады.

«Елімізде өндірілетін (ауланатын) балықтың 30%-ы Жайық-Каспий бассейінінде ауланады. Яғни, Атырау еліміз бойынша көш бастап тұр деген сөз. Қазір балық аулаумен бірге, оны қолдан өсіруге де зор көңіл бөлініп жатыр. Десек те, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Мәселен, осыдан 30-50 жыл бұрынғы жүзу кемелері заманауи талапқа сай келмейді» дейді ол.

Екінші бағыт – балық өсіру бойынша да тыңғылықты жұмыстар атқарылуда.

«Биыл шілде-тамыз айларында «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты» мен «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» Жайық өзеніне 7 миллионнан астам бекіре тұқымдас балық шабақтарын өсімге жіберді» дейді басқарма басшысы.

Енді басқармамен 2021-2030 жылдарға арналған Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы бекітіліп отыр. Ол жүзеге асса, тауарлы балық өсіру көлемі 15 мың тоннаға, балық өнімін экспорттау көлемі 25 мың тоннаға артады. Ал, Жайық-Каспий бассейнінде кәсіптік балық аулау көлемі 1,5 есеге көбейіп, жылына 25 мың тоннаны құрамақ. Сондай-ақ, 511 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған