Атырауда «Шаңырақ» балалар ауылының жаңа ғимараты салынуда (+ФОТО)
Atr.kz/26 наурыз, 2020 жыл. Атырау қаласында отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылының жаңа ғимаратының іргетасы қаланды.
Бұл нысанның құрылысы облыс орталығындағы Бесікті-Талғайраң ауылдарының ортасында Жайық жағалауының маңында салынуда. Аталмыш балалар ауылының директоры Гүлсара Ботатаевадан білгеніміздей, жаңа ғимарат салу үшін жер телімі 2016 жылы алынды. Бүгінге дейін барлық қажетті құжаттары рәсімделіп, аяқталды.
«Қазіргі уақытта заманауи талаптарға сай салынып жатқан нысан аумағы үш гектарды құрайды. Бұл жерде 80 балаға арналған әрқайсысы екі қабатты сегіз үй болады. Сондай-ақ, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда бір қабатты спорт кешені мен акті залы, би үйірмесіне арналған орын да болады. Қазіргі уақытта Геолог ауылындағы ескі ғимаратта балалар қоян өсіру жұмыстарымен айналысады. Алдағы уақытта жаңа орында бұл жұмыстарды кеңейту көзделді. Балаларды кәсіпке үйрету мақсатында әртүрлі шаруашылық бағытындағы жоспарлар қолға алынып, ешкі, тауық өсіру, бау-бақша егу жұмыстары да жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, бұл жерде монша да салынады» дейді Гүлсара Аманғалиқызы.
Жаңа ғимарат құрылысы Каспий құбыр консорциумы компаниясының демеушілігімен жүзеге асуда. Мердігер компания – «Лара-сервиз» ЖШС. Бүгін іргетасы тұрғызылған нысанның келесі аптада кірпіштері қаланады. Ғимарат 2021 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Қазіргі уақытта «Шаңырақта» алты отбасында 57 бала тәрбиеленуде. Оларға 8 тәрбиеші-ана қызмет етеді.
Сондай-ақ, аталмыш компаниялардың демеушілігімен Атырау қаласындағы Жасөспірімдер үйінің де құрылысы бұзылып, оның орнына екі қабатты 30 орынға арналған заманауи типті ғимарат салынады. Бүгінде мұндағы 18 тәрбиеленуші Атырау сервиз колледжінің базасына орналастырылып, ескі нысан бұзу жұмыстарына толық дайындалды. Жаңа Жасөспірімдер үйінің құрылысы 2020 жылдың аяғында аяқталады.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА