Тіл тазалығының бастауы

Kayyirgalieva Gulfayruz Қоғам

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында  қажеттіліктен туындаған мәселелерді көтерді. Оның ішінде, «қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек» деген Президент бастамасын қоғам қайраткерлері «рухани жаңғырудың іргетасы» деп бағалауда.

Кайыргалиева Гульфайруз

Баршаға ортақ әліпби

Аталған мақалада Елбасы қазақ еліндегі жазудың, оның ішінде әліпбидің қолданылуына  шолу жасаған болатын. Тарихшыларға мәлім, жазу тарихының біздің жерімізде сақтар дәуірінен дами бастағанын тілге тиек етеміз. Аты әлемге белгілі «Есік» қорғанынан күміс тостаған түбіне жазылған жазулар табылған еді. Оны ғалымдар көне түркі руникалық жазбаларының прототипі ретінде де сипаттайды. Көне түркі жазуларының ескерткіштері Білге қаған, Тоныкөк, Могилан бітік жазбалары әлемдік өркениеттің алтын қорына жатады.

Өркениет өлшемімен қарасақ, әрине, ең алғашқы жазбалардың мемлекеттерде пайда болғаны мәлім. Сондай-ақ, қытай, грек, крит, египет, үнді, бенгал, араб, славян, иврит секілді басқа да көптеген жазулар және әліпбилер бар. Бірақ, бірқатар жазулар көптеген халықтарға ортақ жазу ретінде таралуымен ерекшеленеді. Мысалы, орта ғасырларда араб жазуы  араб және түркі әлеміне кең таралуымен ерекшеленгенін білеміз. Сондықтан, халықаралық жазу ретінде ортағасырлық шығыс ғұламаларының бәрі дерлік араб-парсы жазуын пайдаланды.

Орта Азия және Қазақстан жеріне ислам діні таралуына орай X ғасырда араб графикасы да кең тарала бастады. Орта ғасырдағы қазақстандық ғұлама ғалымдар осы жазуды қолданды. Осылайша, араб жазбасы біздің жерімізде XX ғасырдың басына дейін 900 жылдай қолданыста болған-ды.

1912 жылы алаш көсемдерінің бірі, түркітанушы ғалым Ахмет Байтұрсынов араб графикасындағы қазақ әліпбиін бір жүйеге келтіріп, бірыңғай нұсқа жасайды. Байтұрсынов араб тілінің ерекшелігіне сай таза араб әріптерін алып тастап, қазақ тілінің үндестігіне сәйкес келетін дыбыстарды қосты. «Жаңа емле» аталған бұл әліпби қазірдің өзінде де шетелдердегі (Қытай, Иран, Ауғанстан) қазақтар арасында кеңінен қолданылып жүр.

Кеңес Үкіметі орнағаннан кейін  латын графикасына негізделген әліпбиге көшу 1923 жылдан кейін басталды. Көптеген талқылау, талас-тартыстардан cоң 1929 жылы қазақ әліпбиі латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиіне ауысып, бұқаралық ақпарат құралдары, кітаптар латын әліпбиімен басылып, мектептерде латын әріптерін үйретті. Жаңа әліпби 30 әріптен тұрды және 1929-1939 жылдары қолданыста болды. Ал, 42 әріптен құралған кириллица негізіндегі әліпби 1940 жылдан бастап ресми түрде енгізілді.

Қазіргі таңда латын қарпі негізіндегі түрлі әліпбиді әлем халықтарының үштен бірі қолданады екен.  Бұл әліпби де алдымен, грек әліпбиінің негізінде пайда болды. Қазіргі кезде Еуропадағы, Америка құрлығында көптеген мемлекеттердің әліпбиі латын таңбасымен құралған.

Әлемдік тәжірибеге үңілсек

Халықаралық тәжірибеде  латын қарпіне көшу түркітілдес мемлекеттердің біразында бар. Атап айтқанда, Түркияда Мұстафа Ататүрік тұсында 1929 жылы «Түрік әліпбиін өзгерту және енгізу туралы» бұйрықтың негізінде басталды. Бұл процесс Түркияда 30 жылдай уақытқа созылған болатын. Латын таңбасындағы түрік әліпбиінің басты ұстанымы фонетикалық болуымен ерекшеленді, яғни дыбыстар естілуі бойынша жазылды. Кеңес Одағы ыдыраған кезде бірқатар елдердің өз әліпбиіне реформа жасағаны белгілі. Әзербайжанда 1990 жылы арнайы комиссия құрылып, тіл ерекшеліктеріне талдау жасалды. Сөйтіп, 2001 жылдан бастап латын әрпі негізіндегі әліпбиді қолданды.

Көршілес Өзбекстанда 1993 жылы латын әліпбиіне көшу жұмыстары басталып, 2005 жылдан енгізуді жоспарлаған еді. Алайда, дайындық жұмыстарына орай, процесс 2010 жылға шегерілді. Қазіргі кезде өзбектерде латын және кирилицадағы жазу нұсқалары бар. Түркіменстан мемлекетінде де латын әліпбиі 1993-1995 жылдары қолға алынды. 1996 жылы көшедегі жарнамалар, телебағдарламалар атауларында латынша әріптер қолданыла бастады.  Мұндағы әліпби 30 таңбадан тұрады.

Жастар үшін маңызды

Латын тілі жаһандану заманында халықаралық прогресске ілесу үшін қажетті факторлардың бірі болып отыр. Жақында  студенттер арасында шағын сауалнама жүргіздім. Онда «Латын таңбасы негізіндегі қазақ әліпбиіне көшуді қолдайсыз ба?», «Жаңа әліпби несімен маңызды?», «Жаңа әліпби сіз үшін қаншалықты маңызды?», «Сіз жаңа әліпбиді қанша уақытта меңгеріп аламын деп ойлайсыз?» деген сауалдар қойылды.

Студенттердің 75 пайызы қолдайтынын жазды. Жастардың барлығы да жаңа әліпбиді тез меңгеріп кете алатынын көрсетті. Мысалы, «Иә, қолдаймын, бұл әлемдік жаһандану жолындағы маңызды қадам». «Менің болашақ мамандығым үшін маңызды әліпбиді бір аптада үйрене аламын» деген жауаптар болды.

Ғылыми ортаның да жаңалықты тез қабылдайтыны сөзсіз.  Себебі, біз ғылыми зерттеу жұмыстарымызды жазған кезде 30-40-жылдардағы газет-журналдар, кітаптарды еш қиындықсыз оқып жүрміз. Латын таңбалары ағылшын, француз тілдерінде де  қолданылады.

Гүлфайруз ҚАЙЫРҒАЛИЕВА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің деканы,

тарих ғылымдарының кандидаты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз