Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Атырауда қазан айының 15-і күні жылу беру маусымы басталады

Осынау маңызды кезеңге облыс қандай дайындықпен келді? Қажетті іс шаралардың толымды атқарылуына биыл қанша қаражат бөлінді?

Тұрғын үйлер толықтай дайын

Жылу беру маусымына дайындық қашанда жіті бақылауда болатыны сөзсіз. Биыл, маңызды маусымды ұйымшылдықпен өткізу тұрақты жылумен қамтамасыз ету мақсатында қазынадан 6,3 млрд. теңге бөлінді. Оның 3,6 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттен қаралса, қалған 2,7 млрд. теңгесі кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен шығарылды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бауыржан Тұхфатовтың айтуынша, жоспарлы түрде жүргізілген жұмыстар нәтижесінде облыс орталығындағы 1737 көп пәтерлі тұрғын үйдің 1699- ына гидравликалық сынақ жүргізілген.

Білім беру саласындағы 408 нысан мен денсаулық сақтау саласындағы 147 ғимараттағы жылыту жүйелеріне бақылау жасалып, олардың маусымға толық дайын екені анықталған. Сондайақ, осы кезеңде 19,6 шақырым жылу желісі, 782,8 шақырым электр және 3,08 шақырымнан астам су және кәріз желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Дайындық барысында «Нұрсая» шағын ауданында ұзындығы 3 шақырымнан асатын магистралдық жылу құбыры ауыстырылыпты. Диаметрі 425 мм болатын бұл құбырларды жаңғырту жұмыстары жаз айында басталған.

– Индер ауданындағы 7 жылу қазандығы түгел жаңартылып, аудандар бойынша жылу беру маусымына бөлінген қаражатқа жылу қазандықтары, дизель генераторлары, циркуляциялық сорғылар, газ есептегіш құралдар, термометрлер, монометр, су жылытқыш қондырғылары орнатылып, ғимараттардың жылу және кәріз-су жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Маусымдық дайындық барысында «Атырау жылуэлектр орталығы» АҚ-ның 4 жылу агрегаты мен 3 турбо агрегатының жұмыс қарқыны жіті тексеріліп, агрегаттар резервтік отын қорымен қамтамасыз етілді. Бүгінгі күні бұл қорда 3 мың тонна мазут бар. Жуырда қосымша 2 мың тонна отын алу жөнінде Энергетика министрлігіне өтінім берілді. Бөлінген мазут қоры қараша-қаңтар айларында тасымалданатын болады, — деді Бауыржан Зайденұлы.

Жаңарған жабдықтар

Жылу беру маусымының ашылуы қарсаңында жылу энергиясын өндіруші субъект болып табылатын «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ былтырғы инвестициялық бағдарламаның орындалуы барысын баяндады. Кәсіпорын басшысы Мақсот Аленов бұл мақсатта 433 млн. теңге бөлініп, көзделген жұмыстар алты бағытта толық жүзеге асырылғанын жеткізді. Инвестициялық бағдарлама аясында турбина және қазандық цехт арына арна лған жабдықтар, құрастыру-құрылыс жұмыстарына қажетті қондырғылар жеткізіліпті.

Мәселен, оның бірі – электр қозғалтқышы бар ПЭ-270- 150/3 сорғысы. Бұл құрылғы төртінші кезектегі бас корпустың кеңейтілуіне орай жүргізілген құрастыруқұрылыстық жұмыстардың аяқталуына және «ПавлодарЭнергоЖоба» ЖШС жобасына сәйкес сатып алынған. Осымен қатар, төртінші кезектегі үшінші кезең бас корпусының кеңеюіне байланысты және №13 турбина агрегаты жұмысының технологиялық сызбасын аяқтау үшін 2 дана АДНК 250- 105А конденсатты сорғысы әкелінген.

Аталған құрылғы айналмалы судың қажетті мөлшерін турбинаға үздіксіз беруге арналған. С о н д а й — а қ , Б а л ы қ ш ы ке н т і мен «Нұрсая», «Береке», «Самал» шағын аудандарындағы жаңа тұрғын үйлердің орталық жылу жүйелеріне қосылуына орай, 530х10 диаметрлі станцияішілік тұрбаларды 820х12 диаметрлі тұрбаларға ауыстыру қажеттілігі туындаған. Соған байланысты жылу орталығының технологиялық қажеттіліктеріне су беруді қамтамасыз ететін ЭЖО ОПВ-3-87 құрылғысына қосалқы бөлшектер алынған. Мұның өзі электр энергиясының шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қоса, қазандық цехындағы үрлеу желдеткіші мен түтін сорғыштарына қажетті бірнеше электр қозғалтқыштар, үрлеу және кәріз кеңейткіштері сатып алынды. Құрастыру-құрылыс жұмыстары бойынша төртінші кезектің БУ-5 жылыту қондырғысының жабдықтары және №13 станцияның турбо агрегаттық қызмет көрсету алаңын дайындау үшін металл прокат сатып алынды. Жалпы алғанда, инвестициялық бағдарлама бойынша іс-шаралардың орындалуы орталықтағы техникалықэкономика лық көрс еткіштердің жақсаруын қамтамасыз етері сөзсіз.

Полиэтилен құбырларға ауыстырылады

Өткен жылға арналған инвестициялық бағдарламаның орындалуын энергия таратушы «Атырау жылу жүйелері» АҚ да тізбектеді. Олар осы мақсатта жалпы сомасы 475,7 млн. теңге болатын 6 шараны орындауды жоспарлап, жыл қорытындысында нақты көрсеткіші 482,3 млн. теңгені құрады. «Атырау жылу жүйелері» АҚ президенті Нұриден Шамшатовтың айтуынша, кәсіпорын тарапынан жыл ішінде жылу желілерін қайта жасақтау және жаңғырту бойынша ұзындығы 3,86 шақырым болатын «Пав.1 – Пав.2» учаскесіндегі М3 магистралды жылу жүйесі жүргізілді.

Осы жұмыстар барысында ескі жүйелер диаметрі 720 мм болатын тұрбаларға ауыстырылып, оның ұзындығы 1344 метрге жетті. Бұл құбырлар сыртқы ауаның максималды диапазондарында жүйедегі жылуды жоғары температура мен қысым жағдайында пайдалануға мүмкіндік береді.

Сондықтан бұлардың техникалық жағдайына айрықша көңіл бөлініп, жоғары пайдалану талаптары қойылады. Осымен қатар, диаметрі 530 мм болатын ТК-38-РК 120 МВТ магистралды жылу жүйесінің төртінші кезеңі аяқталды. Каналсыз салынған тұрбалардың былтырғы ұзындығы 1161 метрді құрады.

Жылу жүйелерін толықтай жүргізу бес жылға жоспарланып, төрт жыл ішінде 4275 метр тұрба жаңғыртылған. Айта кетерлігі, бұл жұмыс учаскесінде тұрбалардың бір-бірімен дәнекерленуі ультра дыбыстық зерттеулер арқылы жүргізіледі. Осыдан екі жыл бұрын енгізілген озық технология қазіргі күні жұмыс өнімділігінің едәуір артуына септігін тигізіп отыр.

Бұларға қоса, жалпы ұзындығы 720 метр болатын 5 орталық жылу бекетінің электр қуатын беретін кірме кабелдері алмастырылды. Жұмыс барысында тарату құрылғылары мен автоматты жаңа электрошкафтар орнатылды. Энергияны үнемдеу және энерго тиімділікті арттыру бағытында Атырау қаласында былтыр 7125 метр жылу жүйесі құбыры көбікті полиуретанмен өңделді.

Сондай-ақ, жылу жүйелерін жоғары температураға төзімді полиэтилен тұрбаларға ауыстыру жұмыстары да жылдан жылға қарқын алуда. Былтыр 1792 метр желі ауыстырылды. Қолданылуы мен кепілдік мерзімі кемінде 35 жылды құрайтын бұл тұрбаларды желі бойына орнату 2013 жылдан бері қолға алынды. Осы уақыт аралығында 50 шақырымға жуық құбыр жаңартылған.

 Мұратбек ЖАҢАБАЙ

https://atr.kz/bez-rubriki/atyrau-oblysynda-220-shaqyrymnan-astam-avtokolik-zhane-115-zhaяu-zhurginshi-zholynyn-qurylysy-zhurip-zhatyr/

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button