СЕНІМ ЖҮГІ ҚАШАН ДА АУЫР

Қасан ҚАМАШЕВ, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі.

 

Индер ауданы.

Жастық кезеңімді айтпағанның өзінде, еліміз егемендік алып, тәуелсіз ел екенін танытқан уақыттан бермен қарай өткізілген сайлаулардың барлығына дерлік қатынасып келемін. Ал, күні кешегі өткізілген кезектен тыс Президент сайлауының мәні мен мағынасы өзгелерден тіптен бөлек.

Өйткені, әлемде болып жатқан түрлі қиындықтардың, геосаяси жағдайлардың өзіндік салқынын сезінбес үшін алдымызға нақты жоспар жасақтап, дамыған озық мемлекеттердің қатарынан көріну талабы қойылған тұста жүзеге асып отырған шара болды бұл. Оған деген елдің қатынасуы да жоғары деңгейде болғанына өзім де куә болдым. Көрші-көлем отбасымызбен С.Сейфуллин атындағы орта мектепте орналасқан №100 сайлау учаскесіне барып, ел сенімін ақтайтын тұлғаға дауыс берген болатынмын. Ширек ғасырға жуық ел тізгінін қолға алып, халық аманатына адалдық танытқан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қайтадан ел Президенті болып сайланды. Бұл әлем мойындаған қазақ елінің демократиялы зайырлы мемлекет екендігін тағы бір мәрте айшықтай түсті деуге толық негіз бар.

Ұлт Көшбасшысының «Нұрлы Жол» стратегиялық даму бағдарламасында айқындалған міндеттер де ауқымды. Оны халық болып жұмыла жүзеге асыру – өзін елінің нағыз патриоты санайтын, оның дамуына бейжай қарай алмайтын әр азаматтың асқақ борышы болуға тиісті.

Болашақ үшін жасалған бұл қадамымыз қайырлы болып, еліміз алға қойған нақты мақсаттарына қол жеткізіп, мәртебесі асқақтай бергей. Туған топырақтың бауырында жатқан кен байлықтарымыз ел игілігіне бағытталып, Отанымыздың экономикасы өсе берсін деген тілектің үстіндемін.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз