Атырауда психотроптық препарат сатушылар ұсталды
Облыс полицейлері 16-20 қарашада «Дәрмек»жедел алдын алу іс-шарасын өткізді.
Жедел алдын алу шарасы аясында «дәрігерлік» нашақорлар арасында сұранысқа ие психотроптық дәрілік препараттарды заңсыз сатумен айналысқан үш азамат ұсталды. Олардан 240 «трамадол» (пластинка) және 18 «тропикамид» (тюбик) дәрілері тәркіленді.
«Есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды қолдану, сақтау және пайдалану ережелерін бұзушылықтарды анықтауға ерекше назар аударылып отыр. Атырау облысында 30-дан астам денсаулық сақтау нысаны және өз қызметтерінде психотроптық заттар мен прекурсорларды қолданатын 20-дан астам мекеме бар.
«Дәрмек» жедел алдын алу іс-шарасы барысында үш емдеу-профилактикалық мекемесі және өз қызметтерінде психотроптық заттар мен прекурсорларды қолданатын екі мекеме тексерілді» деп атап өтті полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұрхат Оразбаев.
Жедел шара нәтижесіне Қылмыстық кодекстің 296 (2-бөлігі) және 297 (1, 3-бөліктері) баптарымен төрт сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі басталды. Төрт әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Қатысы бар тұлғаларды (оның ішінде бір медицина қызметкері бар) жауапкершілікке тарту үшін жинақталған құжаттар Атырау облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолданды.
Аман ШАМАР