АҚ ЖАЙЫҚ – ЕЛДІҢ ЫРЫСЫ

dfgdfg4egdbfjn5ендеше, оның ертеңі алаңдатады
Су – тіршілік нәрі, өмірдің бастауы. Оны пайдалану мен су қорларын сақтау жайы – қашанда өзекті мәселе. Көршілес Ресей елімен бірігіп пайдаланатын өзен-көлдердің жағдайына қатысты қандайма мәселе болмасын бірлесіп шешіп отыру мақсатында 1992 жылы құрылып, жұмыс жасап келе жатқан Қазақстан-Ресей комиссиясының кезекті отырысы Атырауда екі күн бойы өтті. Мұнда трансшекаралық өзендер мен Жайық өзенінің көкейкесті мәселелері кең талқыланды, нақты ұсыныстар қабылданды.

ҚР Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі, аталған комиссияның тең төрағасы Ерлан Нысанбаевтың төрағалығымен өткен алқалы жиында тұтастай еліміз үшін маңызды бірнеше тақырып талқыға түсті. Жұмыс тәртібіне сай, комиссия мүшелерін толық таныстырған соң, тараптар талданған тақырыптарға қатысты тиімді шешім шығару туралы уағдаласып, қызметтеріне кірісті. 
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев аймақ басшысының атынан қатынасушыларға алғыс білдіріп, жұмыс комиссиясына сәттілік тіледі. Өңірдің жалпы ахуалына қысқаша тоқталып өткен Ғұмар Ислямұлы: «Атырау – мұнайлы өлке, ел экономикасының өрлеуіне сүбелі үлес қосып келе жатқан бірнеше жобаларды сәтті жүзеге асырып отырған аймақ. Бұл ретте таяуда Елбасының өзі келіп жағдайымен танысып кеткен «Қашаған» жобасы мен жиырма жылдан бері өңірде жұмыс жасап келе жатқан «Теңізшевройл» компаниясын атап өтуге болады» дей келе, мұндай іргелі жұмыстардың жүруі аймақтың экологиялық ахуалын сақтау жұмыстарының жүйелі жүргізілуін талап ететіндігіне тоқталды. «Бұл жерде тұтастай су қорының сақталуы мен трансшекаралық су көздері болып саналатын Жайық пен Қиғаш өзендерінің жағдайын да айтып өткен жөн. Бүгінгі комиссия отырысының біздің өңірімізде өтіп жатқанына қуаныштымыз. Сан ғасырлардан бері су көздерін сақтау, оны қорғау жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Бүгінгі таңда бұл бағытта атқарылып отырған ауқымды жұмыстарға қарамастан, Жайық өзенінің арнасы тартылып, суы азайып барады. Бұл өз кезегінде бекіре тұқымдас балықтардың азаюына да соқтырады. Өңірдегі трансшекаралық Қиғаш өзені де – ауыл шаруашылығы саласы мен балық шаруашылығы кәсібіне кеңінен пайдаланылып отырған, тұтастай Құрманғазы ауданын қамтып отырған бірден-бір су көзі. Сондықтан, екі елге де қатысы бар маңызды жайтқа орай нәтижелі жұмыс жүргізіп, тиімді шешімдер қарастыруға мүмкіндік болатынына сенімдімін. Себебі, Жайық өзенінің ахуалы мен Қиғаштың қазіргі жайы екі ел мамандарының бірлесіп, тиімді жұмыс жасауын қажет етеді», – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Бұл мәселенің үнемі қадағалауда екендігін атап өткен ол кез келген сұрақты облыс әкімдігі талдауға дайын екендіктерін жеткізіп, бірлескен жұмыстың берекелі боларын айтып өтті.
Ресей өкілдерін бастап келген комиссияның тең төрағасы, Ресей Су ресурстары агенттігі жетекшісінің орынбасары Игорь Никитин де бұл пікірді толықтай қолдайтындығын білдіріп, су ресурстарын тиімді пайдаланудың екі ел үшін де маңызды екендігін жеткізді. «Бір өзеннің жағасын бойлап, ғасырлар бойы бірге жасасып келе жатқан халық үшін бұл мәселе маңызды. Қай салада болмасын, тиімді жұмыстар атқарып, әріптестік бағытта қоян-қолтық өмір сүріп келе жатқан екі елдің өкілдері үшін де аталған тақырыптың мәні зор. Су тақырыбы бүгінгі күн үшін өткір тұр. Тұтастай бұл мәселе БҰҰ көлемінде де кең талқылануда. Осы ретте біздерге артылар жүк ауыр, атқаруымыз тиіс жұмыс ауқымды» дей келе, бүгінгі отырыстың қажетті шешімдер қабылдап, нақты жетістіктерге жететініне сенім білдірді.
Өз бастауын Орал тауларынан алып, Башқұртстан жерін басып өтіп, Ресей алқаптарынан асып, ақ толқын қарт Каспийге жететін Жайық өзенінің қазіргі уақытта тартылып бара жатқаны көңілге қаяу түсіреді. Өзен жағалап, тірлік кешкен шаруа үшін де аталған тақырыптың маңызды екені сөзсіз. Орыс халқы Урал, қазақтарымыз Жайық, башқұрттар Балөзен деп атап кеткен өзеннің жалпы ұзындығы 2400-ден астам шақырымды құрайды. Соның ішінде біздің Қазақстандағы бөлігі – 1049 шақырым.
Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Бисен Қуановтың сөзіне сүйенсек, бірлескен комиссияның өткен жылғы шешіміне сай атқарылуы тиіс жұмыстар толығымен әрі уақтылы жүзеге асқан. Өткен жылдың көктемгі мезгіліндегі өзенге су жіберу маусымында Жайық өзені бассейніне оныншы сәуір мен отызыншы мамыр аралығында келген су көзінің мөлшері 0,82-0,89 текше шақырымды құрады. Бұл өз кезегінде бекітілген талаптан екі есеге аз, яғни, осы аралықтағы келетін ағыстың жалпы шамасы 5,91 текше шақырымды құрауы тиіс.
Орташа көпжылдық деңгей бойынша ағыс су келуінің мұндай мөлшерде азаюы тұтастай су шаруашылығына, жалпы аймақтың экологиялық ахуалына кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Бисен Отарұлының айтуынша, су мөлшері ауыл шаруашылығы, өндірістік және коммуналдық қажеттіліктерді өтеуге жетеді. «Алайда, бұл балық шаруашылығы мен экологиялық қажеттілікке жетпейді, әсіресе көктемгі маусымда. Балық шаруашылығын кәсіп еткен мамандардың сөзіне сүйенсек, жылдық ағыс 1,9 шаршы шақырым болуы тиіс. Жұмыс комиссиясының отырысында бұл мәселені түбегейлі шешуге қол жеткізе алмай келеміз. Себебі, Ресей тарабы, Орынбор облыстық бөлімі бұл мәселені жете білгенімен, осы уақыт аралығындағы ағыс суын көбейте алмай келеді. Біздің сұранысымызға сай мөлшердегі су көлемін жіберуге негіз жоқ екендігін алға тартады» деді ол.
Жайық өзенінің негізгі арнасы Ириклинск су қоймасы арқылы өтіп, реттелетіндіктен, соңғы үш-төрт жылда аталған нысаннан суды жіберу жайын қайта қарау туралы ұсыныстар айтылған. Бұл жерде қазақстандық мамандар «тек бір мезгілде, яғни көктемгі ағыс кезіндегі суды көбейту жайлы айтып отырмыз» дейді. Ал, осы көрсеткіштің жаз айларында тіптен азаятыны сөзсіз. Сондықтан, өзен бойын жағалай орналасқан су көзін тұтынушылар, әсіресе ауылдық жерді мекен еткен шаруалар үшін бұл сұрақтың маңыздылығы тіптен жоғары. Себебі, шабындық, егістік жерлерге судың қажетті мөлшерде жеткізілмеуі үлкен шығындарға ұрындыратыны сөзсіз.
Сонымен қатар, ағысы баяу суда түрлі аурулар тудырушы зиянкестердің көбірек мекендейтіні де белгілі. Бұл жерде мамандар су жіберу мөлшерін көктемде көбейтіп, басқа мезгілде азайту туралы мәселені көтерген шақта, осындай проблемалардың туындайтынын да жоққа шығармады.
Башқұртстаннан бастау алатын Сақмар өзені – Жайықпен жанасатын үлкен су көздерінің бірі. Ол Орынбор қаласынан сәл төменірек жерден келіп құяды. Сақмар Жайық суының 47,6 пайызын береді. Бұл да өз кезегінде аталған проблемалардың бәрін бір-ақ сәтте шешіп тастауға кедергі келтіреді. Сондықтан, күнделікті жұмыс барысында бұл мәселені тиімді шешуге мүмкіндіктер болмайтындығын ескерген сала мамандары комиссия мүшелеріне осы сұрақтың оңтайлы шешімін табуға ықпал жасау керектігіне баса назар аударды.
Өз кезегінде Бисен Қуанов: «Осы мәселе талдауға түскен шақта, қазақстандық тарап мәселенің маңыздылығына қарамастан, бұл істі шешуге қауқарсыздық танытуда, су көзін әртүрлі мақсатқа пайдаланушылар санының артып отырғанына қарамастан, Ресей еліне талап қоя алмай отыр деген әңгімелер жиі айтылады» деп әңгіменің ашығын айтты.
1996 жылы екі ел арасындағы келісілген шарттарға сай, су жіберу мөлшері тұтас жылға шаққанда дұрыс болғанымен, әр айға бөлініп келгенде, тұрақтылықты сақтап қалуға қол жетпей отыр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін алдағы уақытта арнайы ғылыми-зерттеу институттары мен су көзін тұтынушы нысан иелерін толық қатыстырып, мәселені тиімді шешу қажет деген пікір білдірді.
Тақырып турасында түсінік беріп өткен Ресей Су ресурстары агенттігі жетекшісінің орынбасары Игорь Никитин: «Жайық өзенінің мәселесі өте ауқымды әрі екі ел үшін де маңызды. Айтылған мәселелердің қай-қайсысын да тиімді шешу үшін қазіргі таңда Қазақстан мен Ресей арасындағы Жайық трансшекаралық өзенінің экожүйесін сақтау бойынша үкіметаралық келісім жасау ісі қолға алынуда. Бүгінгі күні бұл құжат біздің тарапымыздан толық дайындалып бітті. Барлық талаптар сақталып, келісім берілуі тиіс тараптардың алдарынан да өткен. Құжаттың маңыздылығы сол, ол тұтастай Жайық өзенін бірлесіп пайдалануға бағытталған. Осы келісім бекітіліп, қолданысқа енгізілген күнде өзенге қатысты мәселелерді толыққанды шешуге жаңа мүмкіндіктер ашылады деп күтілуде» деп көңілдерді күпті еткен сұрақтардың оңтайлы шешімін табар күннің таяу екендігін жеткізді.
Тақырыпты толықтыра түскен Орынбор облыстық су ресурстары бөлімі басшысының орынбасары Сергей Юзепчук те өткен жылғы есебін баяндай келе, осынау мәселе жөнінде деректер келтірді: «Жалпы, өткен жылды алар болсақ, жазғы маусымда Ириклинск су қоймасынан секундына 30 текше метр су жіберілді. Басқа уақыттағы бұл көрсеткіш секундына 15 текше метрді құрайды» деді ол.
Сондай-ақ, алқалы жиында тағы да бірнеше маңызды тақырып талқыға түсті. Республикалық деңгейдегі өзге де трансшекаралық су көздеріне қатысты маңызды жайттарды сараптаған комиссия отырысы жөнінде газетіміздің алдағы сандарында толықтай баян етпекпіз.

Гүлжан ӘМІРОВА.
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз