Атырауда ойын терминалдарына салық есебі жүргізіле ме?
Таяуда банк терминалынан ақша алмақ болып сауда үйлерінің біріне бас сұққанбыз. Соңғы кезде дүкендер мен такси қызметтері қолма-қол төлемді талап еткесін бе, мұнда оншақты адам банкоматқа жиналып қалыпты. Кезекте тұрып байқағанымыз, банк терминалының қатарындағы сары-жасыл «жәшікке» үш бозбала телміріп тұр. Одан кейін тұрған автоматтағы жігіт ағасының «қолы шықпаса» керек, қабағы қатулы ол құрылғыны ара-тұра сыбап қояды…
Біреудің алғысына, біреудің қарғысына қалған автомат
Иә, облыстық басылым бұл тақырыпты талай мәрте мәселе етіп көтерсе де, көз алдымыздағы көрініс көңілден кетпей, қалам тербеуге түрткі болды. Расында, біреудің табыс көзіне, өзгенің қарғыс сөзіне айналған ойын автоматтарын кез келген дүкеннің кіреберісінен көретін болдық. «Оңай олжаға» кенелгісі келетіндердің қатары әйтеуір бір сиремейді, аппараттың алды қашан да топырлаған ойыншыға толы. Осы орайда «Ойын автоматтарының заңдылығын кім тексереді?», «Облыста ойын терминалының саны мен одан түсетін салық есебі жүргізіле ме?» деген сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Бекболат Анесов заңсыз ойын бизнесімен күрес жұмыстары күн тәртібінен түспейтінін айтты.
– Біздің қызметкерлер оқушылар мен студенттер арасында кездесу ұйымдастырып, қаржы пирамидасы мен ойынқұмарлықтан аулақ болуды ескертеді. Кездесуге мұндай келеңсіздіктің салдарын түсіндіретін психологтар мен дін өкілдері де қатысады. Былтыр жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жасырын казино анықталып, оны ұйымдастырған Даумшаровты сот кінәлі деп тапты. Ондағы ойыншылар да әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ онлайн трансляция арқылы заңсыз ойын бизнесін жүзеге асырған Хайыржановаға қатысты сот үкімі шықты. Бұдан бұрын да оның жұбайы Нигметов осы тектес қылмыс жасағаны үшін айыпты деп танылған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғастырылады, — деген басқарма басшысы заңсыздыққа жол берілмейтінін тілге тиек етті.
Сондай-ақ тұрғындар аталған мәселе бойынша немесе қаржы саласындағы құқықбұзушылық деректерді «1458» Call-орталығына хабарлай алады. «Тәулік бойы қызмет істейтін «қауырт желі» мамандары хабарламаны қабылдап, кеңес береді және бұл туралы тиісті шаралар міндетті түрде қабылданады» деп нақтылады Б.Анесов.
Ойсыз – ойынға құмар
Былтыр мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында халық арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелерін көтеріп, заңнамалық, ұйымдастырушылық және ақпараттық-идеологиялық шаралар кешенін қабылдауды тапсырды.
«Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс» деген еді Президент.
Құмар ойынның салдарынан қоғамда орын алып жатқан келеңсіз мәселе туралы депутаттар да дабыл қағып келеді. Ойынқұмарлықтың соңы бірін отбасынан ажыратса, екіншісін қылмысқа итермеледі, енді бірі суицид жасап өмірмен қоштасты. Бұл – күні-түні ойын автоматтарына телміріп, тапқанын терминалға төлейтін адамдардың отбасындағы жағдай. Тіпті, вахталық әдіспен жұмыс жасайтын бір адам жалақысын автоматқа тұтас салып жіберген көрінеді.
Мәжіліс депутаты Руслан Берденовтың айтуынша, 2017 жылдан бастап букмекерлік бизнес айналымы 15 млрд. теңге болса, 2022 жылы 554 млрд. теңгеге, ал былтыр 1 триллион теңгеге жетіпті. «Айналым 70 есе өссе де, салық төлеу мөлшері сол 2017 жылғымен тұр» деген халық қалаулысы ойын бизнесі үшін салық мөлшерлемесін жоғарылатып, құмар ойын мен бәс тігуді жарнамалауға тыйым салу керектігіне назар аударды.
Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне облыстағы ойын терминалының саны мен одан түсетін салық есебін білмек болып хабарластық.
–Біздегі ақпарат бойынша 15 кассалық аппарат тіркеліп тұр. Демек, осынша ойын автоматы бар. Атыраудағы филиалдар қаржылық деректерді Алматыдағы бас кеңсесіне тапсырады. Сондықтан департамент ол аппараттар арқылы түскен қаржының есебін айта алмайды, — деді облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз хатшысы Әлия Байтемірова.
Аталған департамент тұрғындардан арыз-шағым түспесе, сауда нүктелері мен қоғамдық орындардағы ойын терминалдарын негізсіз тексере алмайды екен. Демек, бұл құрылғыға заңмен шектеу қоймаса, әлі қанша адамды құрдымға кетіретіні белгісіз. Үкімет деңгейінде «Ойын бизнесі туралы» заңға түзетулер енгізу жобасы талқыланып-ақ жатыр. Оның ішінде интернеттегі ойын қызметіне, жарнамаға, лотоматтарды жабуға, салық міндеттемесін арттыруға, букмекерлік кеңселердің аппараттық-бағдарламалық жүйелерін Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйесімен біріктіруге бағытталған түзетулер ұсынылған.
Вокзалдағы құрылғы: Орнатылуы заңды ма?
Қалай десек те, ойын автоматтарының кез келген жерде тұруы заңға қайшы. Әсіресе, Атырау темір жол вокзалындағы сары-жасыл «жәшіктер» жолаушылардың ермегіне айналғанын айтпаса болмайды. Жасы да, жасамысы да поезд күтіп отырып, «бақтарын сынап» көруге ұмтылады. Ақырында қалтасының қалай қағылғанын білмей қалып, опық жейтін жағдайлар жиі кездеседі.
Атырау магистральдық желі бөлімшесі вокзал шаруашылығы бөлімінің бастығы Айбек Қуанышевтің айтуынша, ғимараттағы «Lotomatic» құрылғысы ойын автоматына жатпайды.
– Мұндай аппараттар Қазақстанның барлық вокзалында орналасқан. Лотерея операторы «Сәтті жұлдыз» АҚ-ның Атыраудағы мердігері «Хасанов» ЖК келісімшарт негізінде 2025 жылға дейін вокзал ішінде қызметін жүзеге асырады. Келісімшартқа қол қоймастан бұрын Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетіне сұраныс жіберіп, «Lotomatic» ойын автоматы болып саналмайды» деген жауап алдық. Содан кейін ғана аталған құрылғыларды орналастыруға рұқсат берілді. Осы жерде жеке пікірімді де айта кетейін, «Ойынға ойсыз құмар» деген нақыл бар, әр адам өз іс-әрекетіне саналы түрде жауап беріп, жат қылықтардан бойын аулақ ұстаса, мұндай әлеуметтік мәселе алыстан айналып өтері анық. Қазір құмар ойынға тәуелділіктің қоғамдық қаупі алаңдатарлық. Сондықтан әрбір ата-ана балаға мейлінше ойын автоматтарына жоламауға кеңес беріп, дұрыс жолға бағыттаса құба-құп, — деді бөлім басшысы.
Түйін. Ойынпаздықтың әлеуметтік мәселеге айналғаны ащы да болса шындық. Адал еңбекпен тапқан нәпақасына бәс тігіп, уақытын текке өткізген жандарды көргенде «Құмар ойынға тұсау болатын заң тездетіп қабылданса игі» деген ой келеді. Дегенмен, ойын бизнесі өкілдерінің әрекетіне заң жүзінде тыйым салынып, мемлекет тарапынан бақылау тетіктері қатаңдатылатын күнді уақыттың еншісіне қалдыралық…
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА