Атырауда мүмкіндігі шектеулі әйел тігін шеберханасын ашты
Геолог ауылдық округінің Бірлік шағын ауданында бесінші жыл қатарынан Әлия Исимова балалар киімін тігу бойынша кәсіпкерлікті сәтті дамытып келеді, деп хабарлайды Атырау облысы коммуникациялар қызметі.
Осы жылдар ішінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» оның жобаларын төрт рет қаржыландырып, адал қарыз алушыдан ешқашан бас тартқан емес. 55 жастағы Әлия мүгедектігіне қарамастан еңбек етуде. Оның өмір сүруге әрі қарай дамуға деген құлшынысының басты себебі – балалары. Жалғыз тігін машинасынан басталған шағын кәсіп, бүгінде тоғыз жұмысшы еңбек ететін тігін шеберханасына айналған.
— Биыл біз шеберхана аумағын кеңейту үшін 6 миллион теңге несие алып, маусымда құрылыс жұмыстарын аяқтадық. Карантин кезінде тапсырыс көп түсті. Тапсырыс берушілер өте риза. Өйткені балаларға керек-жарақ пен сапалы киім-кешекті алыстан арбалаудың қажеті жоқ. Мемлекет кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетіп отыр. Бастысы адамның жұмыс істеуге деген құлшынысы болуы керек.
«Еңбек» бағдарламасы бойынша менің бизнес-жобам өтеу мерзімі 4 жыл болатын, жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен несиеленді. Несие бойынша барлық төлемдерді уақытында төлеймін, сондықтан «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» қызметкерлері маған қолдау көрсетіп, көмектесуден ешқашан бас тартқан емес, – деді Әлия Исимова.