ЕСТЕЛІКтен ЕСКЕРТКІШке дейін…

pllp Жаңалықтар

Atr.kz/5 қараша, 2019 жыл. Жақында ғана Индерде Мұрат Мөңкеұлының еңселі ескерткіші бой көтерді. Жанжақтан жиылған жұртта есеп жоқ. Оның үстіне сол күні Мұраттың бүгінгі замандағы рухтасы, әйгілі бард ақын Табылды Досымовқа да ескерткіш қойылды. Даңқты тұлғалардың мәңгілік мекені – Дендерде «Мұраттан Табылдыға дейін» деген тақырыппен ауқымды кеш өтті.

ҰЛЫлар мен ҰСТАЗдар

Қазақ әдебиетінің тарихынан өшпес орын алған Мұрат ақын ұлылықтың бастауы ретінде құрметтелді. Иә, бұл – қазіргі ахуал. Ал бір кезде шығармаларына тыйым салынған сөз зергерінің ардақты есімін жұрт өзара сыбырлап қана айтатын. Тәуелсіздік алдындағы жылымық кезеңде Мұрат мұрасы қапастан шығып, халқымен қайта қауышты. Содан соң тың тақырыпқа түрен түсті. Бірден ашығын айтайық, біздің бұл мақаланы бірлесіп жазатындай ретіміз бар.

Зар заман әдебиетінің айтулы өкілі Мұрат Мөңкеұлының ардақты есімі ақталып, шығармалары жарыққа шыға бастаған тұста екеуміз де республикалық «Жас алаш» газетінде қызмет істейтін едік. Біріміздің еншімізге қазақтың әйгілі ақынының әдеби мұрасын зерделеу, екіншімізге осынау іргелі іске тілекші болып, елжұртқа зерттеу барысын кеңінен таныту міндеті бұйырды. Орда бұзар отыздың жалына енді ғана жармасқан жас шағымызда басталған ғылыми жоба екеуміздің рухани танымымызды байытты, беделімізді биіктетті.

Тәуелсіздік алған соң Мұрат Мөңкеұлы мұрасын зерттеу Атырау топырағынан басталды.

Ең алдымен, бағыт-бағдар берген батыс өңірі шежіресінің білгірі, жазушыдраматург Берік Қорқытов еді. Біз ол кісіге арнайы барып, құмарымыз қанғанша әңгімелесетінбіз. Академик Зейнолла Қабдолов пен көрнекті әдебиетші Қабиболла Сыдиықовтың сәлемін жеткіземіз. Ардақты ағамыз төрт қабырғасына кітап толып тұрған жұмыс бөлмесінде отырып, Мұрат мұрасы жөнінде ұзақ толғайды.

1947 жылы КазГУ-дің бірінші курсында оқып жүргенде Қажым Жұмалиевтің тапсырмасымен Атырауға арнайы келіп, Мұраттың өлең-жырларын жинаған Берік Қорқытовтың тапсырған қолжазбасы Орталық ғылыми кітапхананың қорында сақтаулы тұр. Біз жолға шықпай тұрып, алдымен осы қолжазбалармен толық танысқанбыз. Көк сиямен жазылып, маржандай әріппен таңбаланған дәптерлерді асықпай оқып шыққанбыз. Соны айтқанымызда Берік аға қатты толқыды.

«Осы ғой енді, сол өзім тапсырған материалдарға жете алмай отырғаным мынау», – деп күрсінді.

Берік Қорқытов КазГУ-дің филология факультетінде оқып жүргенде әдебиет теориясы пәнінен Қажым Жұмалиевтен дәріс алыпты. Бірде профессор сабақ үстінде студенттерге шығарма жаздырады. Берік Қорқытов өзінің шығармасында бала кезінен жатқа білетін Мұрат
өлеңдерін мысалға келтіреді. Көп ұзамай ұстазы шәкіртін үйіне шақырып, ақыл-кеңесін айтып, алғашқы тапсырмаларын бере бастайды. Ақыры, сол жазда бірінші курстың студенті белгілі ғалымдардан ғана құралатын экспедицияның құрамына енеді.

Мұның өзі ашқұрсақ бозбалаға қанат бітіреді. Мұрат мұрасының дені сол сапарда жиналған-ды. Соның бәрін Берік аға асықпай әңгімеледі. Мәселенің мәнжайына әбден қанықсын дегені болар. Содан соң ол кісі бізге шын тілеулестік танытып, қайда баратынымызды айтып, жөн сілтеді. Өзінде талай жыл сақталған жазбалардың көшірмесін қолымызға ұстатты. Бұл дүниелер өте құнды еді. Өйткені, Берік ағаның әкесі Ыбыраш ақсақал өңірге белгілі шежіреші болыпты. Ескі мұраны өте көп зерттеген кісі екен. Біз де қарап қалмай, жазушы ағамызбен Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорынан алған мәліметтеріміз жөнінде ой бөлістік.

Санкт-Петербургтегі СалтыковЩедрин атындағы кітапхананың сирек басылымдар қорынан алдырған, 1908 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Мұрат ақынның Ғұмар Қазығұлына айтқаны» деген кітаптың көшірмесін көрсеттік. Содан соң Берік ағамыз бізді жатсынбай, бауырына тартып, еркін көсілді.

АҒАлар мен АҚСАҚАЛдар

Бұдан кейін Махамбет, Индер және Қызылқоға аудандарын аралап қайттық. Алдымен Индерде болып, Мұрат Мөңкеұлының зиратына барып, тағзым еттік. Ол кезде ақынның кесенесі салына қойған жоқ-ты. Бұл жолы біз Мұрат ақынның қабірін тауып, сол жерге арнайы белгі қойған азаматтар туралы естіп-білдік. Мұрасын жариялауға болмайтын жыр жүйрігіне қатысты шараларды онша құптай қоймайтын кеңестік дәуірдегі бұл әрекет ерлікке бара-бар еді.

Зират салудың жай-жапсарын Жөкес Кенжеғалиев және Бердеш Есбосынов деген ағайынды кісілер айтып берді. Бұл азаматтар әкелерінің жөн сілтеуімен ақынның басына ескерткіш белгі орнатқан. Мұның өзі машақаты көп жұмыс болғанға ұқсайды. Әңгімені майын тамызып айтатын Жөкес аға Құрылыс ауылында тұратын еді. Ол кісінің айтқандарын жата-жастана тыңдап, қойын дәптерімізге мол мәлімет жазып алдық.

Жөкең Мұраттың «Сарыарқа» және «Үш қиян» толғауларының үзінділерін және «Қыз» деген өлеңін жатқа айтатын. Біз жолсапар барысында бұл екі кісімен де кеңінен сұхбаттастық. Бердеш Есбосынов өз ауылындағы беделді басшылардың бірі еді. Ұмытпасақ, Жарсуаттың тұтынушылар кооперациясының жетекшісі болды-ау дейміз. Бердеш ағаның үйіне арнайы барып, Мұрат туралы әңгімелерге молынан қанықтық. Осы жолғы қызықты кездесудің бірі мынау еді.

Біз «Мұрат ақынды көрдік» деген екі адаммен жүздестік. 1906 жылы өмірден өтіп кеткен Мұрат Мөңкеұлымен жүздескендердің тоқсаныншы жылдардың бас жағында естелік айтуы шынында да таңғаларлық болатын.

Алғашқы сұхбаттасымыз – Өрлік ауылының тұрғыны, жасы тоқсаннан асқан қария Үмбетияр Есжанов. Ақсақал жаңылып тұрған жоқ па екен деп, сұрақтың мәнін сәл-пәл өзгертіп, қайталап қоямыз. Айтқанынан танбайды-ау танбайды.

Есінде қалған көріністің әрбір сәтіне дейін баяндап береді. Жадындағыны ұмытпағаны байқалып тұр.

«Мұратты сегіз жасымда көрдім. Мына Өрліктің құбыла жақ бетінде Құттыбике деген жер бар. Қармыстың ұлы Шалда шеркеш сол тұсты мекендеді. Соның үйіне Мұрат келіп жатыр дегенді естіп, қой бағып жүрген әкем Есжан екеуміз ат басын тіредік. Мұрат қолындағы сындырмалы домбырасын бебеулетіп, күні бойы жырлады», – деді ол.

– Ақсақал, Мұраттың домбыра тартпағаны жөнінде де деректер бар ғой, – дейміз өзеуреп. – Көзімен көрген мен білем бе, кеше туған сендер білесіңдер ме? – деп Үмбетияр көкеміз шырт ете қалды. Бұл кісінің әңгімесінде «осы қалай?» дейтін бір-ақ жайт бар еді. Оның «ақынды сегіз жасымда көріп едім» дегені сәл үйлесімсіздеу секілденді.

Тоқсаннан жаңа ғана асып бара жатқан Үмбетияр көкеміз сегіз жасқа толғанда Мұрат үш-төрт жыл бұрын қайтыс болып кеткен болып шығады. Тек осы тұсын ғана шатастыруы мүмкін. Бәлкім, сәл ілгеріректе көрген шығар.

Адамның есінде төрт-бес жастағы кезі де сақталып қала бермей ме?! Алайда шақар шал «Айттым ғой, мен сендерге сегіз жасымда көрдім», – дегенінен ауытқымады. Бірақ қалған әңгімесінің бәрі кітап сөзіндей нық. Мәліметтері біз қарастырған деректермен толық үйлеседі. Екінші сұхбаттасымыз – Осиға Құбашқызы деген кейуана. Ол кісімен әңгімелесу үшін Кулагин ауылына әдейі іздеп бардық.

Себебі, жергілікті басылымдардың бірінде «Мұраттың телпегін киген қыз» деген мақала жарияланып еді. Соны көрген соң өзімен жолығуға бел будық. Бұл кісінің дерегі қоюлау. Өзі – Мұраттың немере қарындасы. Ақын әулетінің ғана емес, шайыр шыққан Беріштің Қаратоқай, одан өрген Аққұлы аталығының шежіресін жетік біліп тұр. Бұл кезде біз Мұрат ақынның ағайын-туыстары мен жақынжұрағаттары кімдер болғанынан жақсы хабардар едік. Сондықтан Осиға апамыздың кімнің ұрпағы екенін, Мұратқа қандай туыстығы бар екенін оп-оңай тауып алдық.

Осиға апамыз жас күнінде Мұраттың әйгілі қызыл телпегін киіпті. Сол телпекті ойнап жүріп жоғалтып алыпты. Соған әлі күнге дейін өкінеді. Бұл кісіден ақын әулетіне қатысты адамдар туралы бірқатар мәлімет алдық. Үйде Исахмет деген ұлы жүрді. Өнерпаз жігіт екен. «Бұл бала Мұрат атасына тартқан-ау» деп риза болып аттанғанбыз сол жолы. Осы сапарда халық ақыны Дияр Жолаев, зобалаң кезеңді бастан өткерген Тауман Қосшиев, еңбек ардагері Құспан Есбосынов сынды ардақты ақсақалдармен сөйлестік. Бұлардың бірін Миялыдан, екіншісін Қарабаудан, үшіншісін Кулагиннен жолықтырдық.

Дияр ағамыз жасы ұлғайғанына қарамастан ақын мұрасына қатысты аз-кем әңгіме өрбітті. Бейнетті көп көрсе де рухын түсірмеген Тауман Қосшиевтен Мұрат өмір сүрген кезеңнің адамдары туралы мол мәліметке қанықтық. Ал Құспан Есбосынов ақынның перзенті – Дәулетқали Мұратұлының өміріндегі белгісіз жәйттер жөнінде сыр ақтарды. Қызылқоға ауданында болғанымызда Төлеп Тілегенов пен Макар Қаражанов ағаларымыздың бізді төрге шығарып, біршама дерек ұсынғанын қалай ұмытайық…

ӘКІМдер мен ӘРІПТЕСтер

Алғашқы сапарда өзімізбен бірге болған тағы бір қадірлі әріптесіміздің есімін атай кетейік. Ол – сол тұстағы аудандық «Дендер» газеті бас редакторының орынбасары Сансызбай Базарбаев. Сәкең алыстан әріптестері келген соң, бар жұмысын жиып қойып, бізге ілесті. Бастығы да бір сабаз екен. Сансызбай серінің еркін жүрісіне әбден көндіккен секілді. Бұл жолы да аяғына тұсау салмады.

Жолбасшымыз Сәкең Жайықтың арғы беті мен бергі бетіндегі елді мекендердің қойын-қонышын түгел аралатып шықты. Атырау мен Алматыға қайтар кезімізде тәуелсіздік алғаннан бері жергілікті газетте жарияланған Мұрат туралы мақалаларды бізге арқалатып жіберді. Кейінірек «Қызылқоға» газетіндегі әріптестеріміз де индерліктердің үлгісімен көптеген жарияланымды қолға ұстатты. Сол Сансызбай ағамыз бертінде Индерге жолымыз түскенде талай рет бірге болды. Жалпы, Мұрат десе, оның делебесі қозып кетеді.

Көңілқошы келсе, шабыттанып өлең оқиды. Ақкөңіл азамат. Арқырап тұрған ақын. Кейде біздің тобымызға Табылды Досымов қосылады. Сол кезде нағыз «елу бақсы, сексен шайырдың» кейпіне енеміз.

Мұрат мұрасын жинауға зор еңбек сіңірген азаматтардың бірі – журналист Қырықбай Бекбаев. Тоқсаныншы жылдардың басында ол «Прикаспийская коммуна» газетінің Махамбет, Индер аудандарындағы меншікті тілшісі болып қызмет істеді.

Ақынмен аталас болып келетін ағамыз Мұрат шыққан әулеттің тегін нақтылауға көп көмектесті. Мұрат Мөңкеұлының 150 жылдығын өткізген кезеңнен бастап үзбей араласып келе жатқан тағы бір ағамыз бар. Ол – Өтеп Нұриев. Сол тұста ол кісі Индер аудандық кеңесінің төрағасы еді. Былайша айтқанда, ауданның екінші не үшінші басшысы.

Ал Индер ауданының әкімі Дүйсенғали Төленов болатын. Сөзіне жауапты, ісіне тиянақты Өтеп аға бізге салғаннан ұнады. Білдей бір бастық екеніне қарамастан бірнеше жыл бойы ауданда Мұрат оқуларын ұйымдастырып, жас ұрпақтың ақын шығармаларына ден қоюына барынша ықпал етті. Жыр жампозының мұрасына үнемі жанашырлық танытып келеді.

Әлі күнге дейін Мұрат өмірбаянына қатысты кейбір деректі дәлдей түскіміз келсе, көп ойланбай сонау Индердегі Өтекеңе телефон шаламыз. Көненің көзіндей қадірлі ағамыз әдеттегідей тиянақтылық көрсетіп, дереу анықтап береді. Бүгінде ол Индер аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып қызмет істейді. Жалпы, бұл аудан о баста жетекшіге жарыған. Солардың қай-қайсысы да Мұрат мұрасына қамқор болды.

Серік Арыстан, Әлифолла Балахметов, Дарын Шамұратов сынды аудан басшылары елге келген қонақтарға бірден ақын кесенесін көрсетеді. Сөйтіп, Мұраттың ардақты есімін мәртебелі меймандардың жадына жаттатады.

Ал бүгінгі басшы Мейірім Қалауи – руханияттың өз өкілі. Мөңкеұлының мұрасын қадірлейтін шаңырақта тәлім алған перзент талай жыл қалыптасқан дәстүрді лайықты жалғастыратыны сөзсіз. Аудан әкімінің бұрынғы орынбасары Әлифолла Балахметов былтыр Мұрат кесенесі тұрған Жарсуат ауылына әкім болып барыпты. Мұны да жақсылыққа жорыдық. Өнер мен өлеңді қадірлейтін азаматқа кім тілеулес болмас дейсің?!

МЕКТЕПтер мен МӘСЕЛЕлер

Мұрат Мөңкеұлының ардақты есімін ұлықтауға қатысты тындырылған шаруаның ең елеулісі – ақын есімінің Атырау қаласындағы №6 мектепке берілуі. Бұған оңайлықпен қол жеткізілген жоқ. Алдымыздан бірнеше кедергі шықты.

«Атырау облысында ақын есімімен аталатын бір мектеп бар ғой. Сондықтан екінші мектепке атын берудің қажеті бар ма? Ережеге сәйкес емес», – деді жергілікті шенеуніктер.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Индер ауданындағы Құрылыс орталау мектебіне Мұраттың аты берілген-ді. Сол мектепті былтыр ғана көрудің сәті түсті. Кіре берістегі Мұраттың жалғыз суретінен басқа ештеңе байқалмайды. Шағын ғана ғимарат. Бірақ білім ордасында Мұраттың аты бар да, рухы жоқ. Арнайы бөлме түгілі, титімдей мүйіс те жасақталмаған. Әйгілі ақынның атындағы ұлағат ұясы екені мүлде сезілмейді.

Өзімізбен бірге барған сол кездегі аудан әкімі Серік Арыстанға ақын есімін ұлықтаудың жолдарын айттық. Арнайы мүйіс ашылса, жеткілікті бұйымдарды, кітаптарды, қолжазбалардың көшірмелерін тауып беретінімізді аңғарттық. Нар тұлғалы азамат Секең қуана құптаған. Алайда көп ұзамай ол басқа қызметке ауысып кетті. Енді Индер ауданын басқаруға келген, қаламгерлердің өз ортасынан шыққан жігерлі жас әкім Мейірім Қалауи Мұраттың мектебін тағылым мен тәрбиенің ордасына айналдырады деп ойлаймыз.

Құрылыс ауылындағы Мұрат мектебінің өте жұпыны болуы бізді жаңа қадамға жетеледі. «Соңғы жылдары ерекше сәулеттене бастаған Атырау қаласындағы жаңа мектептердің біріне ақынның атын неге бермеске?!» деген ой жұртшылықты бұрыннан мазалап жүрген-ді.

Әкімдікке қазақ зиялылары талай рет хат жолдады. Жергілікті жердегі азаматтар да елеулі үлес қосты. Әсіресе, Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Қадыр Жүсіп пен «Айқын» газетінің осы облыстағы меншікті тілшісі Тұрсын Қалимованың сіңірген еңбегі өлшеусіз екені айдан анық.

Бірі облыстық ономастика комиссияның мүшесі, екіншісі бұқаралық ақпарат құралының беделді өкілі ретінде мәселе толық шешілгенше тыным тапқан жоқ. Қадыр аға тек мектепке есім беру ісіне ғана атсалысып қойған жоқ, Мұрат мұрасын жұртшылыққа танытумен де ұдайы айналысып келеді.

Сонымен, мектеп Мұраттың атын алды. Енді басшылар білім ордасын ақын өмірі мен шығармашылығына қатысты бұйымдармен жабдықтамаса, о н ы ң к ө п м е к т е п т е н айырмашылығы қайсы?! Мұның жолдары өте көп. Біріншіден, Алматыға арнайы өкіл жіберіп, баяғы Берік Қорқытов тапсырған қолжазбалардың көшірмесін алдыру керек.

Қазіргідей цифрландыруға көшкен заманда оның түк те қиындығы жоқ. Екіншіден, ең көп насихатталған ақынның бірі – Мұрат Мөңкеұлының шығармаларын таныстыратын арнайы бөлме белгілеген жөн. Өз мектебінен бір Мұратқа бір бөлме табылатын шығар…

Үшіншіден, мектеп оқушыларына Мұрат өлеңдерін жатқа білуді міндеттеген абзал. Мәселен, Алматы облысы Қарасаз ауылындағы мектептің ұландары Мұқағали өлеңдерін шетінен жатқа оқиды. Дәлізде кез келгенін тоқтатып, өлең оқуын өтінсең, ешқайсысы іркіліп қалмайды.

Төртіншіден, Мұрат мұрасына қатысы бар кісілердің көбісі Атырау облысында тұратынын ұмытпаған жөн. Солармен жүйелі түрде кездесу ұйымдастыру керек. Кімдер дейсіз бе? Жаңағы айтқан қадірлі ағамыз Қадыр Жүсіп, Мұраттың 150 жылдық тойын жоғары дәрежеде өткізген Өтеп Нұриев, ақынның портретін жүрегімен жазған белгілі суретшілер – Әділқайыр Жантасов, Темірбек Мұхтаров, Дина Жасмағанбет және басқалар. Ұлыларды ұлықтаудан жалықпайтын Тұрсын Қалимованы да осы топқа қосуға болады.

«Мұрат мектебінің өкілдері едік» деп біреу-міреу хабарласып жатса, бәріміз де бұл шаруадан тыс қалмас едік. Бірақ әзірге олар үнсіз. Қашанғы үнсіз отырарын… Әлде бұлар мектебі кімнің атында екеніне онша бас ауыртпай ма? Қайдан білейік?..

ЗИЯЛЫлар мен ЗЕРДЕЛІлер

Мұрат Мөңкеұлының кесенесі 1993 жылы бой көтерді. Ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында бұл кесенені ақтаулық сәулетші Көпбол Демесінов салды. Ол Мұраттан басқа Жәңгір хан, Балуанияз батыр, Дәулеткерей, Мұхамед-Салық Бибажанов, Махамбет Өтемісұлы, Қайырғали Смағұловтың кесенекүмбездерін тұрғызған. Бірақ былтыр ақынның 175 жылдығы тойланған кезде қадірлі Көпбол ағаны шақыру ешкімнің есіне келе қоймаған сияқты.

Әрине, уақыт өтті, ұрпақ ауысты. Алайда ол Мұраттың кесенесін салған адам ғой. Ұмытпауымыз керек еді… М ұ р а т М ө ң к е ұ л ы шығармашылығы Халел Досмұхамедұлы, Қабиболла Сыдиықов, Сабыр Қазыбаев, Берік Қорқытов, Қадыр Жүсіп, Өтеш Қарашин, Аманқос Қаржаубаев, Ғарифолла Әнес, Аманқос Мектеп, Шәмшәдин Керім сияқты ғалымдар мен әдебиетшілердің еңбектерінде жан-жақты көрініс тапты.

Ақын мұрасын жинауға және оның шығармаларында айтылатын ел шежіресіне байланысты деректерді нақтылауға Фариза Оңғарсынова, Мереке Құлкенов, Жанаш Нұрмахан, Қырықбай Бекбаев, Ерсайын Көшеков, Сансызбай Базарбаев, Ғатих Маштақов, Қадырғали Таңқиев, Хисмет Табылдиев, Әбуғали Ғабдуллин, Бақытжан Мұсағалиев, Кенжеғали Қаюпов, Жексен Жұлқаров, тағы басқа зиялылар біршама үлес қосты.

Осыдан жиырма алты жыл бұрын И.Е.Репин атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік академиялық көркемсурет институтының түлегі, әйгілі қылқалам шебері Мұхит Қалимов Мұрат ақынның портретін салды. Сол сурет қазір санамызға берік орнықты. Ғылыми айналымға да әбден еніп кетті. Баяғыда ақынның 150 жылдығы тойланып жатқан күндері Атырау аспанында Мұраттың сөзіне жазылған «Қыз» деген ән қалықтап тұрғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Бұл әнді басқа емес, Қазақстанның халық әртісі Ғафиз Есімовтің өзі шырқаған-ды.

Ал Дендер даласы Мұрат рухымен тыныстап тұрған сол сәтте балауса жырын оқып, Фариза апайының ықыласына бөленген мектеп оқушысы Әлия Дәулетбаева бүгінде қазақ поэзиясындағы талантты ақын қыздардың қатарына қосылды. Тылсым тірліктің, үйлесімді үндестіктің, жарасымды жалғастықтың бір мысалы осы. Шынында да, «Юбка киген Махамбеті» (әдепкіде Тахауи Ақтанов айтқан деседі, кейде Асқар Сүлейменовке де телінеді) бар қазаққа қамзол киген Мұрат артық болар дейсің бе?!

Замана жыршысының еркін ойы мен өткір мінезі біздің Әлия қызға да мықтап дарыған секілді. Сондай-ақ, кейінгі кезде Мұрат мұрасы жөнінде жантәнімен беріле жазатын Әділбек Өмірзақов сынды жас буын өкілдерінің де бой көтеріп келе жатқаны қуантады.
арасында

Сөйтіп, мұрағат ақтарып, там-тұмдап дерек пен дәйек іздеп, көнекөз қариялармен тілдесіп, мәлімет пен естелік жинаудан басталған мұраттану тағы бір биікке жетті.

Ардақты ақын туған өлкесіне еңселі ескерткіш болып қайта оралды. Жалғыз келген жоқ, бүгінгінің жампоз жырауы Табылдыны жетектей келді.

Әлде, алпамсадай алып бала әйгілі ақын атасын өзі ертіп келді ме екен?.. Бұл үшін тектіні төрге шығарып, өнерді өрге сүйреген ел ағасы Нұрлан Ноғаевқа, інілік пен іріліктің таразысын тең ұстаған жас әкім Мейірім Қалауиге алғысымыз шексіз. Біздің де естеліктен ескерткішке дейінгі азды-көпті еңбегіміз ақталған сыңайлы.

Сондықтан «Исатай – басшы, мен – қосшы» деген Махамбет өлеңіндегідей өзара тілеулес болып бірге жүрген сапарымызда ақыл қосқан, жөн-жоба көрсеткен, бағыт-бағдар сілтеген азаматтарға ризашылық білдіріп, өмірден өткен ағалардың рухына тағзым етуді парыз санадық. Естеліктен ескерткішке дейінгі тағылымды жол әрі қарай да жалғаса бермек…

Бауыржан ОМАРҰЛЫ,

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор,

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,

ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі

Нұр-Сұлтан – Атырау

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз