2004082036238398g 1

Атырауда коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерге 1 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді

COVID-19: Соңғы поштадан... Жаңалықтар Медицина

Atr.kz/10 сәуір, 2020 жыл. Атырау облысында коронавирус инфекциясымен күресте медицина қызметкерлеріне үстемеақы ретінде төленуге 959 млн. 997 мың теңге бөлінді.

Бұл туралы Atr.kz-ге «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Атырау облысы бойынша филиалының директоры Сәбит ҚҰРАЛБЕК эксклюзивті сұхбатында айтып берді.

– Алдымен, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша жеңілдік кезеңінің ұзартылуына тоқталсаңыз. Азаматтар үшін оның тиімділігі неде?

– Бұған дейін биыл бірінші қаңтардан бастап 31 наурызға дейін аралықта барлық қазақстандықтар шартты түрде сақтандырылған тұлғалар болып есептеліп, қажетті медициналық көмектерді мемлекеттің кепілдендірілген көлемінде ғана емес, МӘМС пакеті көлемінде де алды.

Алайда, қалыптасқан жағдайға байланысты Президенттің тапсырмасына орай жеңілдік кезеңі 1 сәуірден бастап 1 шілдеге дейін ұзартылды. Яғни, қазіргі күні сақтандырылмаған немесе ай сайынғы жарнаны төлемегендігіне байланысты жүйеден шығып қалатын азаматтар осы аталған кезең ішінде сақтандырылғандар болып есептеліп, барлық қажетті медициналық қызметтерді кедергісіз алады. Яғни, осы уақытта медициналық қызмет бұрынғыдай баршаға қолжетімді болмақ.


– Сонымен қатар, пандемияға қарсы күресіп жатқан медициналық қызметкерлерге үстемеақы төлеу туралы да тапсырма берілді. Бұл ретте қор қандай жұмыстар жүргізеді?


– Осы орайда қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Ал, қор оператор рөлін атқарып, қаржыны медициналық ұйымдарға бағыттап отырады. Үстемеақыны алушылардың тізімін жасақтауға әрбір өңірдің шұғыл штабтар жанындағы комиссиясы құзырлы. Олардың құрамына қоғамдық бірлестіктер, кәсіподақтар өкілдері кіреді және облыс әкімдерінің орынбасарлары деңгейінде басқарылады. Яғни, нақты айтқанда үстемеақы төлеу туралы шешім тек комиссиямен қабылданады, нақты кімге төленетіндігін қор шешпейді.

COVID-19 короновирусымен күреске тартылған денсаулық сақтау ұйымдарының жұмыскерлерін қаржылық қолдаудың кейбір мәселелері туралы Денсаулық сақтау министрлігінің 4 сәуірдегі бұйрығына сәйкес, аталмыш қауіпті дертпен күресіп жатқан денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің және тәуекел топтарының жалақысына үстемеақы мөлшерлері белгіленді.

352f1c84 ba45 48f9 8cb8 0d5b2e879a08


Бірінші тәуекел тобына COVID-19 коронавирусы бар пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін анықталған реанимация бөлімшелері мен басқа да стационарларды қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері жатады. Осы тәуекел тобы бойынша үстемеақы бір жұмыскерге мемлекетпен бекітілген ең төменгі жалақының жиырма еселенген мөлшеріне дейін төленеді.


Ал, екінші тәуекел тобына провизорлық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, жедел медициналық жәрдем, оның ішінде амбулаториялық-емханалық ұйымдар жанындағы дәрігерлер мен фельдшерлер, сондай-ақ, олар тартылған жағдайда санитарлық авиацияның дәрігерлері мен орта медицина қызметкерлері жатады. Осы тәуекел тобы бойынша үстемеақы бір жұмыскерге мемлекетпен бекітілген ең төменгі жалақының он еселенген мөлшеріне дейін төленеді.

Тұрғындар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бірыңғай байланыс орталығына – 1406 нөміріне немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы байланыса алады


Үшінші тәуекел тобына карантиндік стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, жедел медициналық көмек бригадаларының жүргізушілері, сондай-ақ, пандемияға қарсы жұмыстарды жүргізуге тікелей қатысатын зертханалардың мамандары, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары, жіті респираторлық вирустық инфекциялары, пневмониясы бар пациенттерді қабылдауға және эпидемияға қарсы іс-шараларға байланысты биологиялық материалды алуға айқындалған шұғыл стационарлардың қабылдау бөлімшелерінің және алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының қызметкерлері, Төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың және облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдіктерінің аумақтық штабтарының мүшелері, блок-бекеттерде карантиндік режимді қамтамасыз ететін денсаулық сақтау қызметкерлері жатады. Осы тәуекел тобы бойынша үстемеақы бір жұмыскерге мемлекетпен бекітілген ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшеріне дейін төленеді.

– Расымен де, бүгінде қауіпті дертпен күресте уақытпен санаспай, күні-түні қызмет етіп жатқан ақ халаттылардың еңбегі тіптен орасан. Олардың бұл қызметін бағалауда үстемеақы төлеу жұмыстары Атырау өңіріндегі қалай жүргізілуде?


– Бұл індетпен барлық әлем күресуде. Қауіпті кесел елімізді де айналып өтпеді. Бүгінгі таңда облыста 45 адам инфекция жұқтырды. Олар өңірде облыстық №2 ауруханада емделуде. Облыстық аурухана мен облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде провизорлық және карантиндік жұмыстар жүргізілуде. Сонымен бірге, аудандық ауруханаларда карантиндік және провизорлық қызметтер атқарылуда.

Қазіргі уақытта «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамымен Атырау облысына коронавирус инфекциясымен күрес жүргізетін медицина ұйымының қызметкерлерінің жалақыларына қосымша үстеме ретінде төленуге 959 млн. 997 мың теңге бөлінді.


2020 жылдың 9 сәуірінен бастап қордың Атырау облысы бойынша филиалымен медицина ұйымдарына алдын ала төлем жүргізілді. Оның ішінде облыстық жедел жәрдем медициналық ұйымына – 20 млн. теңге, облыстық және аудандық ауруханаларға 268 млн. теңге аударылды. Бүгінгі күні медицина ұйымдарының қызметкерлері тиісті үстемеақыларын алды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жағдайға үнемі жан-жақты талдау жасап отырады. Медициналық ұйымдарды – қордың жеткізушілерін қаржыландыру еш тоқтатылмайды және де тиісті кесте бойынша жүргізіледі.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған