Атырауда концерт залы бұзылып, өнер орталығы салынады

zal Жаңалықтар

Мемлекет басшысының Атырауға сапары барысында салаға қатысты айтылған айрықша жаңалық – Құрманғазы атындағы өнер орталығын салу. Осыған орай, облыс әкімі тарапынан Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында жұмыстар жасалуда.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ұйымдастырылған брифинг барысында облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев тоқталып өтті.

– Атырау қаласындағы концерт залын түбегейлі бұзып, орнына жаңа орталық салу туралы тапсырма берілді. Қазір құрылысшылар мен салаға жауаптылар тиісті жұмыстар жүргізуде. Нақты қашан болады деген сауал туындауы заңды. Жобалаусметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін БАҚ-на ашық таныстырылым жасалады, – дейді облыс әкімінің орынбасары.

Облыста мәдени-көпшілік бағыттағы іс-шараларды өткізу үшін сахна жеткіліксіз. Негізгі нысан – 550 орындық Махамбет атындағы академиялық драма театры. Мәдени шаралармен қатар, ресми басқосу, кездесулер өткізілетін бірден-бір орын да осы. Сондықтан, үлкен нысан салу – қажеттілік. Облыс әкімінің орынбасары жоғарыда аталған Құрманғазы атындағы өнер орталығын салу ахуалды оңалтуға септесетін қадам екендігін атап өтті.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз