Атырауда «Million» атауымен шай шығарылды

shaj Жаңалықтар

Маңдайыңыз жіпсіп, тары қосылған шәй ішкіңіз келсе, атыраулық өнімді таңдаңыз. Жоғары сұрыпты кениялық қарай шәй сапасы жағынан өзгелерден кем түспейді. Облыс орталығындағы шағын дүкендерде «Million» атауымен сатылып жатқан тауар жергілікті жерден қапталып, жіберіледі.

Өндірісті өңірде тонналап мұнай өндірілгенмен, отан-дық тауар туралы айтқанда тосылып қалатынымыз рас. Сондықтан, «Атырауда шығарылған» белгісі бар өнімді саусақпен санауға болады. Онда да жәрмеңке, дүкен сөрелерінен бірді-екілі түрі кездеспесе, үлкен супермаркеттер желісінен жергілікті тауарды іздесеңіз де таба алмайсыз. Жақында кәдімгі шәйдың қаптамасынан бізден шыққанын көріп, дереу өндірушілерге хабарласқанбыз. Сөйтсек, олардың да айтары бар екен.

«Million» жоғары сұрыпты түйіршіктелген кениялық қара шәй Атырауда қапталып, шығарылғанымен, дайын өнім Алматыдан жеткізілетін көрінеді. Жеке кәсіпкер Аман Есмамбетовтың бұл іспен айналыса бастағанына екі жыл болыпты. Бүгінде цехта айына 7-8 мың қаптама шәй әзірленеді екен. Оның ішінде нарықтағы сұранысқа сай пәкістандық, тары араласқан, кениялық жоғары сұрыпты шәйлар бар. «Million» жоғары сұрыпты шәйінің бір қаптамасының негізгі бағасы 700 теңге. Әр сатушы одан пайда табу үшін өзінің үстемеақысын қосып, әртүрлі бағада сатып жатқан көрінеді.

 – Менің оңтүстіктен Атырауға қоныс аударғаныма биыл 18 жыл болады екен. Осы жерде отбасын құрып, тұрақтап қалдым. Алматыдағы інілерім осы шәй бизнесімен айналысқандықтан, бұл саланы да көрейік деп шештік. Цехта отбасымызбен жұмыс істейміз. Әрине, қазір «шәйдың бояуы бар, пәкістандық тауардың сапасы төмен» деген алыпқашпа әңгімелер айтыла бастады. Бірақ, әуелден шәйға үйреніп, дағдыланып қалған біз осы өнімдердің барлығын өзіміз пайдаланып отырмыз. Шындығында, бояусыз шәй болмайды. Қаптаманың орамасын да жергілікті жердегі баспаханадан шығарамыз, – дейді Аман Есмамбетов бізбен әңгімесінде.

Жеке кәсіпкер әзірге ай сайын 2 тоннадай шәй қаптап, шығарып отырғанымен, тапсырыстың көбеюіне байланысты цехтың қуатын да арттыруға болатынын жеткізді. Бірақ, супермаркеттер желілері жергілікті жерден әзірленген өнімдерді алуға аса қызығушылық танытпайтын көрінеді.

– Рас, Атырауда шығарылатын өнімдер өте аз. Сол себепті, біз жергілікті тауар шығаруға жұмыстандық. Оның үстіне, өзімізді жұмыспен қамтып отырмыз. Цехымыздың қуаты артса, қосымша жұмысшылар аламыз. Алайда, ол үшін ең алдымен  тауарымыздың сатылымы жоғары болуы керек. Біз жоғары сападағы құрылғыларымызды өз күшімізбен сатып алдық. Анда-санда қатысатын жәрмеңкелерден көп пайда таба алмайсыз, – дейді Аман Есмамбетов.

Шын мәнінде, кәсіпкер сөзінің жаны бар. Естеріңізде болса, осыдан 4-5 жыл бұрын Атырауда мемлекет қолдауымен макарон цехтары ашылған болатын. Алайда, тауарды өткізе алмағандықтан жабылып қалған еді. Өйткені, ірі супермаркеттер желілерінің нарқына кіре алмады. Сондықтан, отандық өнімді шығарумен қатар, оны өткізу жағын да ойластырған жөн болар. Әйтпесе, онсыз да сирек кездесетін атыраулық тауардың сөрелерден мүлдем жоғалып кетуі де ғажап емес.

Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз