Атырауда Илья Жақановтың 85 жас мерейтойына орай республикалық пленэр көрмесі қорытындыланды
«Атырау — Орал — Ақтөбе — Атырау» пленэр экпедициясына ҚР Суретшілер Одағы Басқармасының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақанов пен оның жұбайы Тиыш Алтайқызы және еліміздің әр түкпірінен келген бір топ қылқалам шеберлері қатысты.
Іс-шараның мақсаты, жергілікті суретші, көрнекті композитор, жазушы, публицист Илья Жақановтың туындыларын кеңінен таныту. Аталмыш экспедицияда қылқалам шеберінің «Ойыл күзі» сынды үш түрлі, үш өлкенің табиғатын бейнелейтін картиналары жарық көрді.
— Еліміздің түкпір-түкіпірінен жиналған суретшілер «Бұл менің Ұлы мекенім» атты үлкен шараның тақырыбына орай, қазақтың елі мен жерінің құдыретін бейнелейтін картиналар салып отыр. Бұл — үлкен өнер, – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақанов .
Салтанатты жиында мерей той иесі Илья Жақановқа Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың атынан Құттықтау хат пен 1 миллион теңгелік сертификат табысталды. Ал, плэнер қатысушыларына алғыс хаттар мен 200 мың теңгелік сертификаттар берілді.
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова аймақ басшысының тілегін жеткізді.
— Илья ағамыз Жақанов тәуелсіздік туын тіккен еліміздегі тамаша әндердің жалпы зайырлы қоғамның келбеті деуге болады. Ағамыздың қылқаламынан туған Алтай көрінісі, Жайық жағасы, Сарыарқа туындыларын өнер сүйер қауыммен бірге бағалауды жөн санадық – деді облыс әкімінің орынбасары Б.Хаменова.
Мерекелік жиынға келгендер іс-шара соңында «Бұл менің Ұлы мекенім» атты республикалық пленэр көрмесін тамашалады.