
Атырауда ТЕАТР КҮНІ атап өтілді (+ФОТО)
Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры дәстүрлі театр күнін ерекше сән-салтанатпен атап өтті.
Бір сағат ішінде актерлар театрдың негізгі репертуарынан үзінділерді де, жаңа қойылымдарды да ұсынып үлгерді. Шара шымылдығы «Алладин» балалар спектаклімен ашылды. Мұнда заманауи би мен әсем ән өзара үйлесім тапты.
Осыдан кейін облыс әкімінің орынбасары Нариман Таушов сөз алып, театрдың осыдан төрт жыл бұрын иеленген академиялық атағын артығымен ақтағанын айрықша атап өтті. Бүгінге дейін театр көптеген халықаралық және республикалық жүлделер мен марапаттарға ие болғанын да қоса айтты.
«Сан түрлі өнердің ішінде театрдың орны бөлек. Себебі, онда музыка, балет, хореография, әдебиет, сурет, шешендік, бәрі бар. Халықаралық театр күнін атап өтудің мәні де осында. Өмірден алынған оқиғаларға негізделген қойылымдарды көре отырып, қоғам өзгереді, жаңарады. Біздің театрға көрерменнің көп келетіні де қуантады» деп атап өтті ол.
Шара одан әрі марапатқа ұласты. Атап айтқанда, Мырзабек Мақұлов «Еңбек үздігі», Әміржан Нұрланұлы, Қанат Ізет, Динара Далибаева «Халықаралық дарын» атақтарына ие болды. Ал, Мағрипа Шаненова, Сәуле Байменова, Айнұр Ғұбайдуллина, Мерует Танашева, Анета Баетова, Күнайым Шаматова, Айнагүл Мұхтарова облыс әкімінің Алғыс хатын иеленді. Сондай-ақ, Төлеген Жангелдиев саланың құрметті ардагері атанды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ










