Атырауда «Бизнеске жол» жобасы аясында 5 кәсіпкердің құқығы қорғалды
Осы жылы ҚР-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттікпен кәсіпкерлерді қорғау бойынша «Бизнеске жол» жобасы іске қосылды. Жоба аясында атыраулық 5 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Бұл туралы ҚР-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының уақытша міндетін атқарушы Ерұлан Серікқалиев баспасөз конференциясында мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аталған жобаның негізгі мақсаты – кәсіпкерлерге құжаттарды ресімдеу кезінде әртүрлі әкімшілік кедергілерді сезінбеуге көмектесу. Оларға заңды көмек беріп, мемлекеттік қызметшілер қабылдайтын шешімдердің мерзімдері мен ашықтығын сақтауды қамтамасыз ету. Сондай-ақ кәсіпкерлер жерді ресімдеу, сәулет және басқа да бақылаушы органдардан рұқсат алу, коммуникацияларды қосу және мемлекеттік қолдауды оның ішінде кредиттер, гранттар, субсидиялар алу кезінде кездесетін нақты проблемаларды болдыртпау.
— Жыл басынан бері жоба аясында өңірдегі 5 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Атап айтқанда, кәсіпкерге көрсетілген қызмет үшін мемлекеттік органнан ала алмай жұрген ақшалай қаражаты аударылды, негізсіз салынған салық алынды, инфрақұрылым бойынша мәселесі шешілді. Айталық, «ҚазТрансГазАймақ» Атырау өндірістік филиалының лауазымды тұлғалары жеке кәсіпкердің жылжымайтын мүлігін газға қосу үшін келісім шартқа 2021 жылдан бастап қол қоймай, әкімшілік кедергілер жасағаны және оған қоса бұрынғы иесінің берешегін жабуды заңсыз талап етуі бойынша өтініш түсті. Департаменттің жедел араласуының нәтижесінде жеке кәсіпкермен газбен жабдықтауға шарт қайта жасалып, бұрынғы иесінің қарызы өндірілмейтін болды,- деді Е.Серікқалиев.
Сонымен қатар Е.Серікқалиев өңір кәсіпкерлеріне жоғарыда атаған мәселелермен кездескен жағдайда департаментке шағымдарын түсіре алатынын жеткізді. Ол үшін шағымданушылар 1424 нөміріне немесе 87754281282 WhatsApp желісі арқылы хабарласуға болады.