Атырауда бір жыл ішінде такси бағасы 37,5 пайызға қымбаттаған
Елімізде такси қызметі бір жыл ішінде 12 пайызға қымбаттады.
Energyprom.kz порталының мәліметінше, өңірлер арасында такси өсімінің бағасы Атырау тұрғындарының қалтасына салмақ салды.
Өңірде қызмет құны 1 жыл ішінде 37,5 пайызға қымбаттап отыр. Одан кейінгі орындарда Жетісу (33 пайыз) мен Абай облыстары (31,2) тұр.
Ал Ақмола облысында такси қызметі жыл ішінде не бәрі 0,5 пайызға көтерілсе, Қарағанды, Түркістан және Ұлытау облыстарында баға бір жыл бұрынғы деңгейде.
Numbeo мәліметіне сәйкес, 2023 жылдың 14 ақпанындағы мәлімет бойынша стандартты тариф бойынша 1 шақырымға такси қызметінің ең төменгі бағасы Мысыр (0,16 доллар), Пәкістан (0,19) және Беларусьта (0,2) тіркелген.
ТМД елдері арасында такси қызметі ең арзан елдердің ондығына Армения мен Өзбекстан (0,26 доллардан), Украина, Молдова және Ресей (0,27) кіреді.
Ал такси қызметі қымбат елдердің қатарында Қазақстан (0,44 доллар) мен Әзербайжан (0,59) бар.
Ең қымбат такси қызметі мына елдерде тіркелген: Швейцария (4,25 доллар), Кувейт (3,27) және Ямайка (3,26).
Айта кетерлігі, өткен жылдың қаңтар-желтоқсанында елімізде такси қызметін көрсететін компаниялардың табысы құндық мәнде жыл ішінде 16 пайызға артып, 5 млрд теңгеге дейін жетті.
Өткен жылы такси қызметін 2,4 млрд жолаушы қолданды. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 1,2 пайызға аз.