Атырауда балық қорына қол сұққандарға қатысты 57 қылмыстық іс қозғалды
Atr.kz/3 тамыз, 2020 жыл. Атырау облысының полицейлері жыл басынан бері балық қорына заңсыз қол сұққандарға қатысты 57 қылмыстық іс қозғады.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицейлер биылғы 6 айда балық қорын қорғауға қатысты құқық бұзушылықты төмендетуге қол жеткізген.
«Мұндай оң нәтижеге браконьерлік үшін жауапкершіліктің қатаңдатылуы оң ықпалын тигізді. Сонымен бірге, карантин режимін сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген іс-шараларға да байланысты болып отыр» дейді облыстық полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Оның мәлім етуінше, жыл басынан бері жүргізілген профилактикалық іс-шаралар кезінде табиғат қорғау заңнамасы 337 мәрте бұзылған. Оның 305-і балық қорына қол сұғуға қатысты болған. Осыған байланысты полиция қызметкерлері 57 қылмыстық іс қозғаған. ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 383-бабымен 276 хаттама толтырылған. Құқық бұзушыларға 3 млн теңгеден астам айыппұл салынып, 1,5 млн теңгеден астамы өндірілген. Заңсыз сауда айналымынан 9 тоннадан астам балықты тәркіледі. Оның ішінде бекіре тұқымдас бағалы балықтың 999 келісі бар. Сондай-ақ, 284 ау мен 2 қайық бар. Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау полициясы жарты тоннадан астам бекіре тиеген көлікті ұстаған еді.
«ҚазАқпарат»