Атырауда ауған-тәжік соғысы ардагерлеріне тағзым етілді
Биыл ҚР Қарулы күштері әскерінің Тәжікстан-Ауғанстан шекарасынан шығарылғанына 28 жыл толды. Осыған орай Ұлттық ұлан 5546 әскери бөлімінде ел үшін опат болған қазақстандық ішкі әскердің жауынгерлеріне тағзым ету шарасы өтті.
Шарада 5546 әскери бөлімнің командирі, подполковник Ерлан Ипатов атаулы күннің тарихи маңызын атап өтті.
– 1995 жылдың 7 сәуірі халқымыздың тарихында мәңгіге қалды. Ел үшін кеудені оққа тосқан батырлар тәжік-ауған шекарасында айбынды ерліктің үлгісін көрсетті. Амал қанша, мұздай қаруланған лаңкестермен кескілескен сол шайқаста бірнеше бауырымыз қаза болып, қаншама азаматтарымыз жарақат алды. Оларды ұмытпау, ерліктерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу біздің мақсатымыз. Кеудесін оққа тосып, өздерін бейбіт күннің құрбаны қылған жауынгерлердің ерен ерліктері қанша уақыт өткеніне қарамастан ел есінде, ұрпақ жадында сақталуы тиіс, — деді командир.
Содан кейін ардагерлер, Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектебінің курсанттары және сарбаздар қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімін жасады.
Иә, мән-мазмұны терең шарада осы тәжік-ауған соғысында батылдық танытып, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жандардың рухына тағзым еттік.
Осы күні жауынгерлік парызын адал орындаған офицер ардагерлерге біздер – жас буын әскерилер ерекше құрмет көрсеттік. Бұл сіздердің жеңістеріңіз!
Абзал НҰРИДДИН,
Ұлттық ұлан 5546 әскери бөлімнің клуб бастығы, қатардағы жауынгер