Атырауда «Алтын домбыра» халықаралық күйшілер байқауы өтті
Atr.kz/27 қыркүйек, 2019 жыл. Композитор, ҚР халық әртісі Әзидолла Есқалиев атындағы байқауға Қазақстан, Ресей, Тәжікстан және Қарақалпақстан елдерінен 19 күйші қатысты, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Байқаудың басты мақсаты – домбыра аспабын кеңінен насихаттап, қазақтың ұлттық өнерін дамыту және жаңадан шығып келе жатқан талантты орындаушыларды анықтау. Шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Жұмабай Қарағаев қатысып, аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың атынан құттықтау хатын оқыды. Сондай-ақ, БҚО-дан келген Ғ.Құрманғалиев атындағы филармонияның әртісі Жарас Сатыбалдиевке байқаудың бас жүлдесін табыстады. Байқау 2 кезең бойынша өтіп, бірінші кезеңде 11 үміткер іріктеліп алынды.
І орынды — Индер аудандық мәдениет үйінің директоры иеленсе;
ІІ орынды — Алматы қ., Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы Динара Нұрбаева мен РФ Астрахан облысы мемлекеттік автономиялық мәдени мекемесінің Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталығының әртісі Ильнур Утепкалиев бөлісті;
ІІІ орынды – Алматы қ. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері Назерке Балтабаева мен Тоғжан Кыдырсихова және Талдықорған қ. «Сазген» фальклорлы-этнографиялық ансамблінің домбырашысы Ботагөз Дүнгенбаева қанжығасына байлады.Сонымен қатар, байқаудың арнайы жүлдесіне «Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжінің студенті Ерқанат Қадыр лайық деп танылды.