52eb80e12b94803b6473811d2120c01b generic

Сақтық шаралары әлі де сақталады

Жаңалықтар Қоғам

Бұл пандемия ірі кәсіпкерлермен қоса, зейнеткерлерге де, әсіресе, өзін-өзі жұмыспен қамтып, күнделікті нәпақасын тауып отырған жандарға оңай соқпағаны анық.

Мемлекетте төтенше жағдай жарияланып, карантиннің ұзаруы бір жағынан індеттің алдын алу болса, екінші жағынан шектеу шараларының күшейтілуінен көптеген отбасының тығырыққа тірелгені де жасырын емес. Алайда, үкімет ешкімді далада қалдырмады. Әр карантинде мемлекеттік жәрдемақы төлеп отырды.
Ал, бүгін шектеу шараларын жеңілдеткен күнге де жеттік. Қазір тұрғындар санитарлық шараларды сақтау керек екенін жақсы түсінгендей. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия осыған байланысты жоспарын бекітті. Еліміздің қалыпты тіршілікке оралуы қалай жүзеге асатыны белгіленді.

Сондай-ақ, экономиканың күретамыры – бизнесті жандандыру кезең-кезеңімен іске аспақ. Мемлекеттік комиссия 17 тамыздан бастап кәсіпкерлік нысандардың бірқатарына қызметін қайта бастауға рұқсат бергені қуантарлық жайт. Бірақ қауіпсіздік талаптары әлі де қатаң ескерілуі керек екені даусыз.

Атап айтқанда, сауда орындары, сұлулық салондары әр келуші үшін кемі 4 шаршы метр аумақ берілуге тиіс делінген. Қызметке жүгіну үшін алдын ала жазылу да міндетті. Мен де сән салонының иесі ретінде бұл тәртіпке бағынып, дүйсенбіден басталатын жұмысты жоспарлап қойдым. Салынған тыйымның барлығы сақталады. Өйткені, денсаулық бәрімізге қажет. Оған қоса, эпидемиологиялық жағдайды одан әрі тұрақтандыру мақсатында демалыс күндері шектеу шаралары сақталатыны да індеттің таралуын тоқтататыны сөзсіз.

«Бетперде режимі мен әлеуметтік қашықтықты сақтау ‒ барлық адамдар үшін сақталуы тиіс міндетті санитарлық талаптар және бұл азаматтардың күнделікті өміріндегі ережелерге айналуы қажет екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан, санитарлық режимді қатаң сақтау баршамыздың міндетіміз болып қала бермек.

Айгүл НҰРЛЫҒАЙЫН,

сұлулық салонының иесі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған