Елорда Нұр – Сұлтан атауына әбден лайық

astana 1 1 Жаңалықтар

Atr.kz/23 наурыз, 2019 жыл. Белгілі жазушы Әлібек Асқаров Елорда мен Елбасының егіз ұғым екенін айтты.

Қайсыбір жылы Париж қаласында бір топ қазақ жастарымен кездескеніміз есімде. Сонда Сорбонна университетінде оқитын бір жас қыздың көзіне мөлтілдеп жас ала отырып: «Университеттің залында келе жатсақ бізді «Борат» деп шұқып көрсететеді, мазақ етеді. Алғашында түсінбей мән бермей өте беретінбіз, соңынан фильмді көргеннен кейін, қатты қорландық. Тіпті қазақ екенімізге намыс­танатын да кездеріміз болды» дегені бар. Кейін мен Африканың оң­түстік қиыры Кейптаун қаласында әлем кітапханашыларының кон­ференциясына қатыстым. Сол жерде Намибиядан келген бір топ әріптестермен шүйір­келесіп қа­лайын. Оған дейін «Пески Кала­хари» деген романды оқыған едім. Сол арқылы ол елді шамалап бі­ле­тіндіктен, жақын тартып, әңгі­мелесіп тұрғанда олар да менің қайдан екенімді сұрады. Мен Қазақстаннан екенімді айттым.

Сол-ақ екен олар «Назарбайофф!» деп шу ете түсті. Содан ұққаным, шетте Қазақстан мен Назарбаев егіз ұғым екен. Бірде, тағы да сол шетте жүргенде бір азаматтан «Қазақстанды қалай таныдыңыз?» деп сұрайын. Сонда, ол ІІ Иоанн Павелдің сапары арқылы Қазақ­станның атын алғаш рет естіп, танығанын айтты. Расында да, понтификтің Қазақстанға келген сапарын жер шарының жарымы, яғни күллі христиан әлемі бай­қап-бақылап отырыпты. Со­ңы­нан дүниежүзі діндар­ларының бас қосқан бірнеше съезі өтті. Оны да көкірегі ояу, көзі ашық әлем жұртшылығы көріп отыр. Бірнеше Олимпиада ойыны өтті. Оны да өзге жұрт қызықтап, көріп-біліп отырды. Анау Си­рия­дағы қантөгісті тоқтату жөнінен Қазақстан бірнеше мәрте мәмі­легер болды. Оған да әлем жұрт­шы­лығы разы. Дүниежүзін шула­тып EXPO-ны өткіздік.

Untitled 54

Оның өзі Қазақстанның мәртебесін тағы бір көтеріп тастады. Міне, елді, жерді танытуда, қазақтың атын шығаруда ­Нұр­сұлтан Әбішұлының рөлі қаншалықты зор екенінің шағын мысалдары осы! Соның арқа­сында қазір шетелде оқып жүр­ген жастарымыздың еңсесі биік, жүздері жарқын. Олар бүгінде, баяғыдай қорланбайды, өзін ­«қа­зақпын», «қазастандықпын» деп мақтанышпен айта алады.

Өйт­кені Қазақстанды дүние­жүзі бі­ле­ді. Осының бәрі Нұрсұлтан Әбіш­ұлының еңбегі екені баршаға аян. Нұрсұлтан Әбішұлы балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен қиын-қыстау кезеңде басшы болды. Егер әр адам үшін тағ­дыр­дың маңдайына жазғанының барлығы сұрапыл сынақ десек, Нұрсұлтан Әбішұлы осы сынақ­тың баршасынан көрегендігі мен саясаткерлігінің арқасында сүрінбей өтті. Кеңес империясы құлаған сәтте дүние төңкеріліп кеткендей болып, өткел таппай абдырап, сансырап қалған елді бүгінгідей еңсесі биік, өзіне-өзі сенімді бекем елге айнал­дыр­ды. Тақыр жерден тау орнатқандай болды. Қираған КСРО орнында бей­бітшілік пен тұрақтылық ор­наған, өз Туы, Әнұраны мен Ел­таң­басы бар мемлекет құрылды. Осы арадағы отыз жыл ішінде небір алмағайып заманды бастан кештік. Соның барлығында Мем­лекет басшысы әділ, тура, халық мүддесіне сай шешімдер шығара білді. Алғаш тәуелсіздік алған жылдары ішкі саясатта «әуелі экономика, одан кейін саясат» деген бағытты ұстануы – заман талабы болғанын, ең сәтті шешім болғанын бүгінде уақыт өзі дәлел­деп отыр. Қай кезеңде қандай шешім қабылдануы керек екенін ерекше көрегендікпен бағдарлай білді. Сол саясаттың арқасында шаруасы шатқаяқтаған елдің экономикалық, саяси, әлеуметтік тұрақтылығын сақтап қалды. Ең бастысы – тәуелсіз ел, бәсекеге қабілетті мемлекет болып қала алдық. Айтуға оңай болғанымен, бұл, шын мәнінде, ұлы мұрат жолындағы ерен ерлік еді. Қазақ халқының тағдырына әлемнің алпауыт елдерімен көрші болу жазылған екен. Солай бола тұра, ел іргесін берік ұстап, шека­рамызды шегендей алдық. Көр­шілермен достық, ымыра­шыл­дық қарым-қатынасты сақтай біл­дік. Әлем алпауыттарының барлығы – біздің елімізді тәуелсіз Қазақстан ретінде мойындады, Қазақстан әлем қауымдастығынан өзінің лайықты орнын ойып тұрып алды. 90-жылдары қандай ала­құйын кезеңдер болғанына бәріміз куә­міз. Бастан өткердік. Сол кездің өзінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша мамандар даярлау ісі қолға алынды. Қазақ баласы әлемнің түкпір-түкпіріне барып, білім алды. Өйткені сол кезеңдегі біздің қоғамға әлемдік тәжірибені зерттеген зерделі, заманына сай білімді, білікті тұлғалар ауадай қажет еді. Ал сырттан көз аларт­қан­дар­дың аузына құм құйып, Арқа төсінен Астанадай асқақ қаланы тұрғызу – өз алдына жеке әңгіме. Осы жылдар ішінде қаншама жол салынды, қаншама жаңа мектеп, қаншама оқу орындары ашылды. Ауылдар абаттанды­рылып, бір кездері ауылдан қалаға ала дорба арқалап үдере көшкен ел қайтадан ауылға бет бұрып жатыр. Жеке кәсіпкерлерге жа­салған қамқорлықтың арқасында ауылдарда үлкен сауда орта­лық­тары салынып, ауыл шаруа­шы­лығы жаңа бағытта, ерекше серпінмен жұмыс істей бастады. Қиын-қыстау жылдары эко­но­мика бірінші орынға шық­қа­нымен, халықты рухани жаңғырту ісі бір сәтке де тоқтаған жоқ.

Отан­дық кинематография, ұлт­тық әдебиет, мәдениет саласы қай кезде де алда болды. Жазушы қа­­уымы бұрынғы айт дегенді айт­саң, абыройың кететін, айтпа де­­генді айтсаң, басың кететін цен­зурадан арылды. Президент өзі де шығар­машылық адамы ре­тінде жазу­шыларға не жазам, қа­лай жазам десең де еркінде бол­­ған мамыра­жай өмірді қам­тамасыз етті. Осының арқасында әдебиетіміз де, мәдениетіміз де қарыштап да­мыды. Нұрсұлтан Әбішұлының бастап берген «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ба­ры­мызды бағамдап, жоғымызды түгендедік. Тарихи-мәдени ес­керткіштеріміз қалпына келті­рілді, қайта жаңғыртылды. Қа­зақтың тарихына, мәдениетіне, өнеріне, салт-дәстүріне қатысты құжаттар шетел мұрағаттарынан жинас­тырылып, 600 аталымнан астам кітап пен альбом жарық көрді. Осы бағдарламаның заңды жалғасы болып, «Рухани жаңғы­ру» үрдісі басталды. Бұл – ұлт Көшбасшысының шын мә­нін­дегі дана басшылығының жар­қын көрінісі еді. Өйткені қазіргі жа­һандану заманында тек жер­асты байлығымен ғана мем­лекетті бақуатты етіп ұстап тұру мүмкін емес болатын. Сондықтан да Нұрсұлтан Әбішұлы елдің басты құндылығы ретінде адами капи­талды алға шығарды. Бә­секеге қабілетті 30 елдің қа­та­рына ену үшін жаңа ұрпақтың білімді, қабілетті, интеллектуал ұрпақ болуы керегін ол жақсы түсінді. Астанамызды Нұр-Сұлтан ­аты­мен атау, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өткенде кө­терілген болатын.

Менің пікірім­ше, Астанаға Тұңғыш Президент атауын беруге лайықты. Әлемде мұндай тарихи деректер кездеседі. Халық бұған лайық. Нұрсұлтан Әбішұлының мә­лімдемесінен халық өзінің бір дәуірі шын мәнінде ұлт Көш­бас­шысы бола білген парасатты саясаткермен, дара тұлғамен бірге өткенін, осы бір тарихи дәуір Назарбаев атымен байланысты екенін түсінді. Көңілде қимастық сезім қалды» дейді жазушы Әлібек Асқаров.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз