Атырауда алғаш рет Әлия Бекқожиеваның атында байқау өтті
Мұнайлы мекенде республикалық «Аруана» және облыстық «Бизнестану-Әлия» байқауы ұйымдастырылды.
Кәсіпкерлік жолындағы жаңашылдық, іскерлік қабілеті бар кәсіп иелерін анықтау — байқаудың басты мақсаты болды. Шараға ҚР Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Л.Рамазанова, Атырау облысы әкімінің орынбасары Б.Хаменова, облыстық «Атамекен» ҰКП, Іскер әйелдер Кеңесі өкілдері және Бекқожиевтар әулеті мүшелері қатысты.
— Бүгін, өңірімізде үлкен салтанатты шараның басталуы болып жатыр. Облысқа ғана емес, республикаға белгілі Атыраудағы бірден-бір кәсіп саласының негізін қалаған, өзгелерге үлгі бола білген Әлия Бекқожиеваға арналған «Бизнестану-Әлия» атты алғашқы байқаудың жеңімпаздары анықталды. Мұндай игі шаралар жалғасын табатындығына ешқандай күмән жоқ,- деді Атырау облысының орынбасары Бақытгүл Хаменова.
Сонымен қатар, байқау жеңімпазы мен жүлдегерлерін марапаттау құрметіне Ләззат Рамазанова ие болды.
Республикалық «Аруана» байқауында Бас жүлдені Айгүл Әмірғалиева иеленді.
ҚР «Құрмет» орденінің иегері, Атырау облысының іскер қызы Әлия Бекқожиеваға арналған «Бизнестану-Әлия» байқауының лауреаттары – Балтагүл Едігеева және Мәрзия Әбішева марапатталды.
«Бизнестану-Әлия» байқауында Нина Шындыбаева Бас жүлде иеленді.
— Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы, Іскер әйелдер кеңесі, ҚБ «Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы» және Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен Атырау облыстық «Бизнестану-Әлия» байқауы ұйымдастырылды. Осы сәтте Әлия Бекқожиеваның іскер әйелдердің дамуына қосқан үлесі зор екенін атап өткім келеді.
Республикалық «Аруана» премиясы кәсіптегі қыз-келіншектерді қолдау мақсатындатабысталады. 17 өңірде ұйымдастырылып жатқан бұл байқаудың алғашқы жеңімпазын анықтау Атырау қаласынан басталды, -деді Ләззат Рамазанова.
Еске сала кетейік, өңір бизнесін дамытуда зор еңбек сіңірген, «Ерен еңбегі үшін» және «Құрмет» ордендерінің иегері Әлия Бекқожиева биыл 17 тамыз күні дүниеден өткен болатын.