ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ

мүмкіндігі  шектеулі  балалардың  қатарынан  қалмауына  жағдай  жасайды

Жуырда облыстық әкімдікте кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан төрағалық еткен жиында негізінен жергілікті жердегі инклюзивті білім беру жүйесін дамыту мәселесі қаралды.

Инклюзивті білім беру  мүмкіндігі шектеулі балалардың қатарынан қалмай, білім алуына, тәрбиеленуіне мүмкіндік береді. Батыс елдерінде біраздан бері жүзеге асырылып келе жатқан жүйенің өзге оңды жағы аз емес. Зерттеушілер денсаулығында кінәраты бар баламен бір сыныпта қатар отырған оқушының мейірімді, қайырымды болып өсетінін дәлелдепті. Өзгенің озық тәжірибесі бүгінде республика көлемінде де кеңінен қолданылуда. Қала әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірованыңайтуынша, облыс орталығындағы 56 мемлекеттік, 1 жеке меншік мектепте осындай жас балғындардың оқуына жағдай жасалып жатыр.

– 13 мектепте психикалық дамуы тежелген балаларға арналған сыныптар  ашылып, онда (55 сыныпта) 312 оқушы білім алуда. Жалпы білім беретін мектептердегі жекеленген сыныптарда 64 оқушы инклюзивті негізде оқытылады. Оқу орындары жанынан көмекші  сыныптар  ашылуда. Денсаулығына  байланысты 168 оқушы үйден тәлім алады. Жалпы білім беретін мектептердегі оқу үдерісінде инклюзивті оқыту жалпы білім беру бағдарламалары бойынша жүзеге асырылуда, – дейді Гүлмира Мүслимқызы.         

Инклюзивті білім берудің өзіндік ерекшелігі бар. Мамандармен қамтылу турасында да осыны айтуға болады. Білім беру ұйымдарының штаттық кестесінде логопед, арнайы психолог, арнайы педагог, тағы басқа мамандары жоқ  болғандықтан мүмкіндігі шектеулі балаларға психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде және оңалту орталықтарында коррекциялық-педагогикалық қолдау көрсетілуде. Қала әкімінің орынбасары денсаулығында кінәраты бар жандардың мектепке еркін кіріп-шығуы үшін барлық жағдай жасалып жатқанын айтты. Болашақта 35 мектепке пандус салу үшін жобалық-сметалық құжат жасақтауға қажетті қаражат бөлінуде. Алайда, бұл бағыттағы мәселенің олқы тұсы да бар болып шықты. Оны облыстық білім беру басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиев жасырмады. Әңгіме, қазіргі бар пандустардың талапқа сәйкес келмейтіндігі туралы. Мәселен, облыс орталығындағы №3 мектептегі жағдай – соған дәлел. «Нұр Отан» партиясының мүшелері олқылықты дөп басып, мүмкіндігі шектеулі балалардың білім ордасына кіріп-шығуына кедергі келтіретінін анықтапты. Осы тұста қала әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова «келешекте пандустардың барлығы да талапқа сәйкес салынады» деп жауап берді.  

Пандустарға қатысты облыстық психологиялық-медициналық педагогикалық консультациясы  мекемесінің директоры Зәуреш Әйтенованың да айтары бар. Оның пікірінше, мектептердің жалпы сыныптарында мүмкіндігі шектелген 264 бала инклюзивті білім алуда, соның 98-і – қалада.

– Осы айтылған ерекше қажеттілігі бар 264оқушы – психикасының дамуы тежелген  және  зерде дамуы бұзылған балалар. Алайда, олармен қатар жалпы сыныптарда тірек қимыл-қозғалысы бұзылған (НОДА), есту, көру қабілеті зақымдалған жас өскіндер де  оқытылуы тиіс. Облыстық, қалалық мектептерде осы балаларға инклюзивті  білім  беруді енгізу  үшін  «кедергісіз орта аймағы» толықтай құрылуы керек. Яғни, мектептерде  мүгедек  балалар үшін көтергіш жабдықтар, пандустар, санитарлық бөлмелерде арнайы құралдар орнату, тұтқалармен, арнайы парталармен, үстелдермен және басқа да арнайы компенсаторлық  құралдармен  жабдықтау  болып табылады, – дейді мекеме басшысы.

Облыс бойынша тек  қалалық  үш мектепте ғана «Кедергісіз орта аймағы» арнайы пандустармен жабдықталған болып шықты. Осындай жағдай басқа мекемелерде жасалмағандықтан, тірек қимыл-қозғалысы бұзылған (НОДА)139 бала үйден оқуға мәжбүр. Комиссия отырысында инклюзивті білім берудің өзге  де кемшін тұстары айтылып қалды. Бастысы, арнайы сыныптарды ашу мен педагог-дефектолог бірлігін енгізуде жағдай қарастырылмаған. Сонымен қатар, жергілікті жерде логопед, дефектолог секілді арнайы мамандардың дайындалмайтындығы, инклюзивті  оқыту  бойынша  мұғалімдерге  қосымша біліктілік  аттыру  курстарын ұйымдастырудың қажеттілігі – шешімін күтер мәселе.

Комиссия отырысында облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан инклюзивті білім беруге байланысты айтылған толғақты мәселелерді саралап, тиісті ұйымдарға нақты тапсырмалар берді.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз