«ҚАРА АЛТЫН» ҚОРЫ

оны  арттырудың  жолдары  қандай?

Расында да, елімізде көмірсутегі шикізаты жеткілікті ме? Дүниенің төрт бұрышына мұнай тасымалдап отырған Сауд Арабиясы, Иран, Ирак тәрізді алпауыттармен теңесе аламыз ба? Елбасымыздың алдымызға қойған мерейлі міндетін орындап, әлемнің ең көп «қара алтын» өндіретін елдерінің алғашқы бестігіне кірудің мүмкіндігі қандай? Міне, қазақстандық бір топ ғалым-геолог осындай сауалдар төңірегінде толғанып, салмақты зерттеу жүргізіпті.

 

Жалпы, мұнай – қазақ жеріне Жаратқанның өзі сыйлаған ен байлық. Қазірдің өзінде Қазақстан әлемнің ондаған еліне көмірсутегі шикізатын тасымалдайды. Еуропа мен Азиядан Атырауға ағылатын ресми делегация мен іскер адамдар тобы алдымен «қара алтынымызды» ауызға алады. Соны бірлесіп игеруді ұсынады. Әрине, өз мүддесін де көздейді. Ендеше, осы көл-көсір байлығымызды қалайша игілігімізге жұмсап, оның қорын көбейте аламыз?

Шыны керек, соңғы бірнеше жылдар жетегінде бірде-бір іргелі де күрделі кен орны пайдалануға берілген жоқ. Қазіргі «қара алтын» алынып жатқан кеніштердің дені – сонау кеңестік кезде ашылғандар. Солардың өнімі бүгінге дейін жетіп, игеріп жатырмыз. Ал, біз кейінгі ұрпаққа не қалдырамыз? Қазіргі кен орындарын әбден  пайдаланып, сарқа тауысамыз ба?

Байырғы мұнайшы-геологтардың жадында болуы тиіс, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары ортасында «Ембімұнайгаз» өндірістік бірлестігінің бұрынғы басшысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, марқұм Бөлекбай Сағынғалиев Мәскеуге дейін барып, республиканың батысында геологиялық іздестіру шараларын өрістетуге КСРО үкіметінің қаулысын шығартқан. Егер сол шақта Батыс Сібірде бұрғылау жұмыстары жаппай жүріп жатқандығын ескерсек, онда атыраулық мұнайшының бұл әрекетін ерлікке баламасқа болар ма?

Бұл 1976 жылы еді. Теңіз кенішіне бастап бұрғы бойлату да сол шақта басталды. Көп ұзамай алғашқы ұңғыма өнім берді. Қазақстандық геологтар мұнда мол мұнай қоры барлығын алдында да білген. Жаңа кеніштің мүмкіндігін анықтаған да солар. Кейін Каспий ойпатында геологиялық іздестіру жұмыстары кеңінен өрістеді. Қарашығанақ, Әлібек мола, Қожасай кеніштері ашылды. Ақырында, Қашаған табылды. Оны қазақстандық геологтар 1988 жылы өмірге әкелді. Рас, 2000 жылы инвесторлар алғашқы ұңғыманы қазды. Бірақ, қайталап айтқанда, сейсмикалық зерттеулер қорының нәтижесінде мұнда мұнай барлығын қазақстандық геологтар анықтады.

 Әйтсе де, бүгінде ескі кеніштердің қоры сарқылғандығы жөнінде жиі айтылады. Өткен ғасырдың орта шенінде пайдалануға берілген кен орындары әбден тозған. Мәселен, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының кейбір байырғы ұңғымалары суланған. Компания мамандарының айтуынша, олардан 99 пайыз су шығады. Сонда тек бір пайыз ғана мұнай өндірілетін болғаны ғой. Мұндай өзін өзі ақтамайтын, қыруар шығынға батыратын ұңғымалармен алысқа бармаймыз.

Шындығында, біз қазір Теңіз кеніші арқылы ғана қорымызды толықтырып отырмыз. Республикада өндірілетін «қара алтынның» дені «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі екендігі де сондықтан. Ембілік геологтардың тікелей қатысуымен ашылған Жетібай, Өзен, Кеңқияқ, т.б. кеніштердің де ертеңгі күнгі мүмкіндігі шектеулі болып қалады. Ендеше, қосымша геологиялық – іздестіру-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тың алаңдарды тапқан жөн емес пе?

Рас, республикада Геология министрлігінің жоқтығы да үлкен істерге қолбайлау болып отыр. Кеңестік кезде осы құрылым бәріне басшылық жасап, жоспарлы жұмысты жүйелейтін. Қазіргі Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің құрамындағы Геология комитетінің қауқары шамалы. Соған қарамастан, қазақстандық бір топ ғалым-геолог республика бойынша зерттеу шараларын жүзеге асырып, перспективалы алаңдардың картасын жасапты. Бұл жұмыс 2009 жылы басталып, 2012 жылы аяқталған. Байқап отырғанымыздай, осы мақсатқа біраз жыл сарп етілген. Еткен еңбек, төккен тер нәтижесіз де емес.

Мәселен, Каспий ойпаты мен Маңғыстау ғана емес, сонымен қатар Солтүстік және Оңтүстік Торғай, Ертіс маңы, Балқаш пен Солтүстік Үстіртте де келешегінен үлкен үміт күттіретін кеніштер бар екен. Ал, Каспий ойпаты, Арал және Сырдария төңірегінде 5,5-7,5 мың тереңдіктен мол өнім алуға болатын тәрізді. Жасыратыны жоқ, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап Қазақстанда геологиялық мақсатта терең бұрғылау жүргізілген жоқ. Инвесторлар өнімді көбейту үшін бұрын зерттелген алаңдарды бұрғылаумен ғана шектелді. Ендеше, тұз үсті құрылымдарынан алынған мұнайды қанағат тұтпай, оның ар жағындағы құпияны ашуға да ұмтылатын уақыт келді. Сайып келгенде, кеңестік кезде аса терең саналған бірен-саран ұңғыма қазылды. Сонда жер астының жоғары қысымына төтеп беретін қондырғы да жоқ еді ғой. Ал, қазір техника да жақсарды, технология да жаңғырды. Ендеше, тұз астының сырын ашып, мол өнім алуға не кедергі?

Әрине, еліміздің тұз астының терең қабаттарының ен байлығын игеруге көп қаражат қажет. Мұны өз бюджетіміз көтере де бермейді. Елбасының сырттан инвестиция тарту керектігін айтып жүргені де сондықтан. Алайда, байқап көрдіңіз бе, геологиялық іздестіру шараларын жүзеге асырып, қайтарымды кеніштерді ашқан инвестор жоқ. Мұндай шаруаға құлықты да емес. Олардың бәрі де қазақстандық геологтар әлдеқашан зерттеген, қорын анықтаған дайын кеніштерге келді. Егер геологияның тәуекелі көп іс екендігін ескерсек, онда беймәлім шаруаға шетелдік компаниялар орынсыз ақша шығармайды. Демек, еліміздің мұнай қорын өзіміз ғана көбейтеміз.

Бүгінде қазақстандық ғалым-геологтардың зерттеу жұмыстары Қазақстан-Ресей президенттері мақұлдаған аса ірі инновациялық «Еуразия» жобасында пайдаланылмақ. Бұл құрылым оң нәтиже берсе, еліміздің геология саласына қосылған зор үлес болмақ. Бұл – осы бағытта бұрын-соңды қолға алынбаған шаруа. Сонымен қатар, ғалым-геологтардың ғылыми жұмыстары жер қойнауын зерттеудің 2014-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасына енгізілген. Қажет десеңіз, 2030 жылға дейінгі кезеңді де қамтиды. Сонда алыс көкжиекті көздеген маңызды құжат даярланған. Бұл жөнінде Атырауда өткен геолог-мұнайшылардың конференциясында да айтылған-ды.

Сонымен, республикамыздың көмірсутегі шикізаты қоры қанша? Он бес тұнба бассейнін зерттеген ғалым-геологтар оны 76 млрд. тоннаға бағалап отыр. Рас, бұл – болжамды ресурс. Ендігі міндет – оны әрі қарай бұрғылау арқылы нақтылап, мұнайдың дәлелденген қорына айналдыру. Қазір бізде әбден анықталған бес миллиард тонна шамасында «қара алтын» қоры бар. Әйтсе де, соның 3,8 млрд. тоннасы ғана өндіріліп, халық кәдесіне жарайтын қор. Өзгесі әзірге тәжірибелік-өндірістік сатыда. Мәселен, Қашаған кенішінің жалпы қоры екі миллиард тонна делінгенімен, соның 760 тоннасы ғана республикалық қорға кіреді. Өзгесін бұрғылау арқылы дәлелдеуге тура келеді. Өйткені, Батыс және Шығыс Қашаған бар. Демек, бұл – айдын төсіндегі тұтас кешен. Жасанды аралдар, «Болашақ» мұнай мен газды кешенді даярлау қондырғысы, теңізден құрлыққа тартылған құбыр, т.б. – кеніштің мол мүмкіндігін анықтайтын алғашқы адымдар. Тәжірибелік-өндірістік жайғастырудан кейін ғана толық технологиялық жүйе орнығады.

Енді, 76 млрд. тоннаға оралсақ, оның 64 миллиарды Каспий ойпатында орналасқан. Демек, біздің облыс аймағында. Осы ен байлықтың 60 пайызы тұз асты тереңдігінде жатыр. Мамандардың айтуынша, 76 млрд. тонна шартты отынның бір пайызы ғана дәлелденсе, тағы бір Қашағанды ашқандай болар едік.

Жалпы, геологиялық бұрғылау – тәуекелі көп жұмыс. Мәселен, Қашаған кеніші ашылғаннан кейін бәрі теңізге ұмтылды. Оның қай жерін қазсаң да, мол мұнай шығатындай көрінді. Әйтсе де, Аташ, Түпқараған мен Құрманғазы кен орындарында қазылған ұңғымалардан түк шықпады. Рас, соңғысында келешекте таза судың мол қоры жинақталуы мүмкін.

Елбасы айтқан елге төнер қауіп-қатерлердің санатында ауыз су тапшылығы да бар. Болашақта оның бір жұтымын алтынға таба алмайтын күн де тууы мүмкін. Су ресурстары бар іргелес елдер оны қымбатқа сатуы да ықтимал. Тіпті, алдымыздағы 20-30 жылда таза ауыз су бірқатар мемлекеттер үшін нағыз табыс көзіне айналатын түрі бар. Қазір «КазТрансОйл» мекемесінің құбыры арқылы келетін су Құлсары қаласының тұрғындарына жетпей отыр. Қиғаштың бойына кеңестік кезде сегіз су жинақтау орны жасақталған. Олардың ешқайсысы бір мезгілде іске қосылып көрген жоқ. Ал, қатар жұмыс жасаса, өзен суы деңгейінен күрт түсіп кетері кәміл.

Қайталап айтқанда, геологиялық жұмыстарды өрістету – түбінде мұнай өндіруші компаниялардың қуатын арттыру кепілі. Бұл бағытта «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының мүмкіндігі жоғары. Мұнда Маңғыстау мен Өзен кен орындарымен салыстырғанда бос жер көп. Сондықтан, Елбасы айтып отырғанындай, инвестиция тартып, геологиялық іздестіру шараларын кеңінен өрістеткен жөн. Бір ұңғыманы бұрғылауға тереңдігі мен күрделілігіне қарай он млн. доллардан елу миллионға дейін қаржы жұмсалады. Осы қаражатты инвестор тарапынан шығарып, кейін өнімді бірлесіп пайдалануға жұмыстануымыз қажет.

Міне, ел бойынша осындай кең көлемде геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізген геологтарды «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына ұсыныпты. Олар – геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Минералдық ресурстар академиясының мүшесі, «АкАйКонсалтинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Орал Ақшолақов; геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті мұнай және газ кафедрасының меңгерушісі Герой Жолтаев; геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры Құрманғазы Есқазиев; геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, «Геокен» ғылыми-өндірістік орталығы бас директорының бірінші орынбасары Петр Коврижных; геология-минералогия ғылымдарының докторы, «Меридиан Петролеум» ЖШС-нің президенті Балтабек Қуандықов пен техника ғылымдарының докторы, «ҚазМұнайГаз» мұнай өндіру және бұрғылау технологиясын ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары Евгений Огай. Міне, осы ғалым-мамандар еліміздің бас жүлдесі – Мемлекеттік сыйлықты алуға ұсынылып отыр. Құнды еңбек иелерінің оған лайық екені де кәміл.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз