
Атырауда 900 орындық жаңа мектеп ашылды
«Каспий Құбыр Консорциумының» демеушілігімен Талқайраң ауылында 900 орындық мектеп пайдалануға берілді. Білім ордасының ашылу салтанатына облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысты.

– Осыдан екі жыл бұрын мектеп іргетасының алғашқы кірпішін қалаған едік, бүгін, міне білім ордасы есігін айқара ашпақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ірі бизнеске әлеуметтік жауапкершілік күшейтуді жүктеген болатын. Консорциум бұған дейін де ауқымды қайырымдылық жобаларды іске асырып, әлеуметтік нысандарды салуға, қайта жаңғыртуға мұрындық болып келеді. Осы ретте компанияның халық игілігі үшін атқарып келе жатқан жұмысына айрықша алғыс білдіремін. “Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді, мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді” деген сөз бар. Бұл дәуір ой жарыстыратын заман екенін Президентіміз жиі айтады. Ендеше, жаңа білім ордасы ақыл-ойдың озаттарын тәрбиелейтін тағылым ұясы болсын демекпін. Педагогикалық ұжымға шығармашылық табыс тілеймін! — деді ол.

«Каспий құбыр консорциумының» бас директоры Николай Горбань компания демеушілігімен бой көтерер жобалар легі мұнымен тоқтамайтынын айтты.
–Жақында тағы да ірі жобаны іске асырмақпыз. Үш жыл ішінде Атырауда Жастар үйін саламыз, — деп атап өтті ол. Символикалық қызыл лентаны қиған облыс әкімі Серік Шәпкенов пен Каспий Құбыр Консорциумының бас директоры Николай Горбань Жастар үйінің құрылысын жүргізу үшін екі жақты меморандумға қол қойды.

Мектеп ғимараттың жалпы ауданы – 12 мың шаршы метр. Мұндағы 36 сыныптың әрқайсында 25 оқушыдан білім алады. Барлық аудитория заманауи үлгіде жарақталған. Химия, физика және биология зертханаларында су құбыры, қосымша желдету жүйелері мен компрессорлар бар. Шет тілі кабинеттерінде лингафондық-мультимедиялық жабдық орнатылған. Ұлдарға арналған шеберханада станоктар, жұмыс үстелдері, муфель пеші орналасқан. Қыздарға тігін машиналары, айналар мен манекендер қойылды. Оқу сыныптарынан бөлек екі кітапхана, медициналық пункт, екі спорт залы, 210 адамға арналған акт залы және 312 орындық асхана орналасқан. Сондай-ақ мектеп ауласында футбол алаңы, жүгіру жолы, спорттық тренажерлер аймағы, теннис корты және волейбол алаңы және тағы басқа алаңдар бар.

“Каспий құбыр консорциумы” 2001 жылдан бері жыл сайын қайырымдылық жобаларға 3 млн. АҚШ долларын жұмсайды. Консорциум Атырау облысының бірқатар ауданында әлеуметтік нысандар салуға демеушілік етіп келеді. Олардың қатарында Атырау қаласының «Самал» шағынауданы мен Бірлік ауылында, Құлсары қаласында, Құрманғазы ауданының Құрманғазы және Ақкөл ауылдарында балабақша, Исатай, Құрманғазы және Махамбет аудандарында мектеп, қалада Жасөспірімдер үйі мен отбасы үлгісіндегі балалар ауылын салды.

Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ