Қазақ елінің кішкентай данышпандары

қазақ елінің 2 Жаңалықтар

Жуырда Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласының «Hamdan Sports Complex» базасында «UCMAS» академиясының ментальды арифметика бойынша ХХІ халықаралық жарысы өтті. Онда Қазақстаннан барып қатысқан құрамамен бірге атыраулық жас өрендер де топ жарды.

%d2%9b%d0%b0%d0%b7%d0%b0%d2%9b-%d0%b5%d0%bb%d1%96%d0%bd%d1%96%d2%a3-2

Әлемдегі ең ірі білім жарысы жыл сайын өткізіледі. Биыл мұнда 57 елден 4000  талапкер бақ сынасты. Қазақстаннан ел намысын қорғау үшін 68 бала аттанған болатын. Олардың бәрі де қалалық, аймақтық және республикалық жарыстарда бақ сынап, іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен абсолютті чемпиондар. Бұл жолғы дода «Discovery Fortitude», яғни, «Рух қуатын ашу» тақырыбында өрбіді. Басты мақсат – аса күрделі арифметикалық амалдарды ойша жылдам әрі нақты шешу. Ережеге сай, балалар 8 минут ішінде 200 есептің шешімін табуы керек.

Нәтижесінде қазақстандық жас данышпандар 12 алтын және бірсыпыра күміс пен қола медальдарға қол жеткізді. Осы орайда ерекше атап өтерлік жайт, «ЮСИМАС» Қазақстан академиясының тарихында тұңғыш рет қазақстандық оқушы халықаралық жарыстың Гран-при иегері атанды. Жеңімпаздар қатарында ресейлік тележурналист Андрей Малахов жүргізетін «Пусть говорят» телевизиялық шоуының қатысушысы астаналық Данияр Құрманбаев пен «Россия-1» телеарнасындағы «Удивительные люди» бағдарламасының кейіпкері болған «калькулятор бала» Ілияс Тоқтархан да бар.

Аталған жарысқа қатысушы мемлекет өкілдерінің кездесуінде ментальды арифметика бағдарламасының негізін қалаушы, профессор Дино Вонг сөз сөйледі.

– Бұл – жай сайыс қана емес, көптеген мемлекеттердің басын бір арнаға тоғыстырған ерекше мейрам. Осы бағдарламаны оқу үрдісіне енгізген елдердің біразын аралай жүріп, қай елдің баласы болмасын, бәрі де бірдей қабілетті екенін аңғардым. Соны ескеріп, Ұлыбритания, АҚШ, Үндістан, Біріккен Араб Әмірлігі және басқа да елдерде білім алатын балаларға арнап бірегей стандартқа негізделген бағдарлама жасақтадық. Сол кезде балаларды бір-бірінен айыратын өзгешеліктердің дені сол бала өмір сүріп жатқан елдің менталитеті мен ата-ананың көзқарасынан туындайтынын байқадық.

Мәселен, Қазақстан – «Еуразия кіндігі» саналатын Орталық Азия мемлекеті болып табылады. Ондағы ата-аналар балаларын оқытуға ерекше қызығушылық танытып, көп уақыт пен қаржы бөледі. Біздің бағдарлама бұл елде бес жылдан бері жұмыс жасайды. Есесіне, қазақстандық оқушылар осымен үшінші жыл қатарынан халықаралық жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп отыр, – деді ол.

Жарысқа Атырау қаласындағы «ЮСИМАС» академиясы бөлімшесінің сегіз студенті қатысып, барлығы жүлделі бірінші және екінші орындарға ие болды.

Алда келесі жылдың 9 желтоқсанында Индонезияның Бали қаласында өтетін ХХІІ әлемдік жарыс күтіп тұр. Отанына жеңіспен оралған кішкентай математиктерді жерлестері әуежайдан күтіп алып, «Жарайсыңдар!», «Алға, Қазақстан!», «Сендер мықтысыңдар!» деп ұрандатты.

Айта кетейік, өткен жылы Үндістанның астанасы Нью-Делиде өткен ХХ халықаралық байқауда Таяу Шығыс елдерінен келген 3000 баланың арасынан қазақстандық Таир Оспанов бесінші орынды иеленген еді. Барлығы 12000 бала қатысқан жарыста елімізге 5 алтын, 11 күміс және қола медальдар бұйырды. Сондай-ақ, өткен жылы Данияр Құрманбаев Александр Гордон «Мужское и женское» атты бағдарламаға қатысып, «Қазақстаннан келген жас данышпан» атанды.

Ал, биыл еліміздің үш студенті – Ілияс Тоқтархан, Бақтияр Байбосынов және Максим Саруханов Ресейде өздерінің ойша есептеу қабілеттерін  көрсетті. Онда Максим 100 шардан түрлі түсті матрицаны есте сақтап, 3 минут ішінде суреттің жауабын тауып берді. Академияның тағы бір қазақстандық шәкірті Байжігіт Әли «Первый канал» телеарнасындағы Максим Галкин жүргізетін «Лучше всех» таланттар шоуында көзге түсті.

Амандық Сағынтайұлы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз