Атырау шекарасында тың технология көмегімен 105 келі контрабанданың жолы кесілді (+ФОТО)
ҚР ҰҚК ШҚ Атырау облысы бойынша департаменті жаңа технологияның көмегімен кезекті контрабанданы анықтады.
«Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген ұлы қазақ сөзі бекер айтылмаса керекті. Осы сынды соңғы үлгідегі инспекциялық тексеру кешенін (ИТҚ) шекарашыларымыз қарқынды пайдаланып келеді.
Қазақ шекарасының шебін асқан қырағылықпен күзетіп келе жатқан Атырау облыстық департаментіне қарасты «Құрманғазы автокөліктік шекаралық бақылау бөлімшесі» бүгін жаңа техниканың қуатына куә болды. Орнатылғанына көп бола қоймаса да, өзінің алғашқы нәтижелерін көрсетіп үлгерді.
Бұл құрылғы кез-келген автокөліктің адам көзі жетпейтін бұрыштарын еш қиындықсыз көз алдыңызға шығара алатын шебер техника. Оған дәлел осы жылдың 5 ақпанында жоғарыда аталған автокөлік өткізу бекетінде «Өзбекстан «Урген» — Ресей Федерациясы «Санкт-Петербург»» бағытындағы, «ИСТИНА» автокөлігінің есік қаптамасында күдікті заттың болғандығын ИТК құрылғысы анықтады.
Тексеру барысында көлік есігінің және салон қаптамасында барлығы 105 келі көлемінде жасыл түсті ұнтақ (насвай) анықталды.
Сұрау жұмыстарын жүргізу барысында аталған азаматтар 2021 жылғы 5 ақпан күні 105 келі лас, жасыл түсті ұнтақ затын Өзбекстан Республикасы, Ургенч қаласындағы базарынан алып, автокөліктеріне жасырып, Ресей Федерациясына өтпек болған.
Алайда қылмыскерлердің бұл ойы жүзеге аспай, «Құрманғазы автокөліктік шекарылық бақылау бөлімшесінде» қолға түсті. Ұсталған азаматтар Атырау облысы, Құрманғазы ауданының полиция бөліміне тапсырылды.
Бұған дейін де, аталған бөлімше екіжақты жалған құжат жасап өтпекші болған үш азаматты ұстады. Яғни еліміздегі карантиндік жағдайды пайдаланып, құйтырқы әрекетпен өтпекші болған жан иелері сол арада анықталып, құзырлы мекемелерге тапсырылды.
Өмірбат АЙТӘЛІ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі Атырау облыстық департаментінің баспасөз хатшысы, аға лейтенант