АТЫРАУ ҚОҚЫСТАН ҚҰТЫЛДЫ (+фото)

img 20220404 wa0068 Жаңалықтар

    Көктемгі тазалық, көгалдандыру және көркейту екі айлығы аясында 2 сәуір күні алғашқы жалпықалалық сенбілік өткізілді. Оған қала әкімдігіне қарасты мекеме-кәсіпорындар мен еңбек ұжымдары белсенділікпен қатысты. Ерікті еңбек мерекесіне жекелеген тұрғындар да атсалысып, шаһарды шырайландыруға өз үлестерін қосты.

    Айта кету керек, бұл күні қаланың тазалығына бірден-бір жауапты құрылым – «Арнаулы көлік базасы» ЖШС кәсіпорны бар күш-мүмкіндігін жұмылдырып, ортақ мекеннің қоқыстан арылып қалуына қолдарынан келген көмегін аямады. Серіктестік директоры Алмас Ізтелеуовтың айтуынша, сенбілікке арнаулы көлік базасының өзінен 8 бірлік самосвал, 4 жүк тиейтін техника, 2 манипулятор мен 120-дан астам жол жұмысшысы, сондай-ақ,  «Атырауинжстрой» ЖШС-нен 2, «Атырау көлік» кәсіпорнынан 3 және «Атырау өзен порты» компаниясынан 4 самосвал тартылған. Нәтижесінде, қатты тұрмыстық қалдықтар мен стихиялы үйінді полигонға 30-дың үстінде рейс жасалып, жалпы салмағы 78 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылған.

    Сайып келгенде, осы жылғы бірінші мәрте өткізіп отырған сенбілік қалада үлкен серпіліс туғызып, мұнайлы астананың шырайланып қалуына оң септігін тиігізді. Мұндай игілікті шаралар алға қарай да жалғасын табады.

Дәулетқали АРУЕВ

img 20220404 wa0067
img 20220404 wa0069
img 20220404 wa0066
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз