ОТБАСЫНЫҢ БІРЛІГІ – ОТАННЫҢ БІРЛІГІ

Салтанатты жиын барысында ел Президенті бірінші рет өткізіліп отырған 15 этностың отбасылары мен 34 аралас отбасы қатынасқан «Мерейлі отбасы» байқауының маңыздылығын атап өтті. Жалпы, конкурста еліміздің барлық өңірлерінен 1 298 отбасы бақ сынаса, марапаттау рәсіміне аймақтық турлардан жеңіп шыққан 16 отбасы қатынасты. 

 

АТА-АНАНЫ ҚАДІРЛЕУ – ҚАСИЕТТІ БОРЫШ

Байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанатында сөйлеген сөзінде «Елімізде әрбір 90 секунд сайын дүние есігін жаңадан ашқан сәбидің іңгәлаған дауысы естіледі» деп атап өткен Мемлекет басшысы ел көлемінде жүргізіліп жатқан саясаттың демографиялық ахуалға оң септігін тигізіп отырғанын атап айтты. «Тәуелсіздік кезінде, биыл оған 23 жыл толады, алты миллионнан астам сәби дүниеге келді. Совет одағы күйреп, халымыз мүшкіл болған жағдайда халқымыздың саны 14 миллионға дейін төмендеп кеткенін білесіздер. Осы жылдардың өзінде, қазір еліміздің халқының саны 17 миллионнан артық болды. Өткен бір жылдың ішінде 254 мың адамға көбейдік. Салыстыру үшін айтар болсақ, бұл тұтас Қостанай қаласының халқы болып саналады», – деді Елбасы.

20 жыл ішінде елімізде 1000 білім ордасы, 800 денсаулық нысаны салынған. Бұл халқымыздың игілігіне жасалған мемлекеттің қамқорлығы болып саналатыны сөзсіз. Осындай оң қадамдардың нәтижесінде бұрын-соңды Қазақстанда болмаған күрделі оталар жасалатын болды. Сөйтіп, ел азаматтарының орташа  өмір сүру ұзақтығы 70 жастан асты. Мемлекет басшысының айтуынша, біз – әлемдегі ең жас халықтардың біріміз. «Ел тұрғындарының орташа жасы – 26 жас. АҚШ-та бұл көрсеткіш – 36, Еуропа одағында – 41 жас. Барлық көрсеткіштер бойынша біз – өсіп-өркендеп келе жатқан, жалпы алғанда жас елміз. Бұл – біздің болашағымыздың зор екендігін көрсетеді және кезінде дұрыс таңдау жасап, қазір дұрыс бағытта бет алғанымыздың айқын көрінісі», – деді Н.Назарбаев.

Сол секілді туған баласы мен ата-анасын тастап кету секілді әрекеттер дәстүрімізге қайшы екендігін атап өткен Мемлекет басшысы: «Егде жастағы жеті мыңнан астам адам Қарттар үйінде өмір сүруде, ал олардың көбінің дені сау, табысты балалары бар. Қартайған ата-анасын тастап кету деген біздің дәстүрімізде жоқ, жалпы бұндай түсінік болмаған. Қоғам туған баласы мен ата-анасын тастап кету секілді әрекеттерді масқара құбылыс ретінде бағалауы тиіс. Бұл – біздің жанымызға жат құбылыс. Халқымыз әкені асқар тауға балаған, ешқашан алдын кесіп өтпеген, «жұмақ –ананың табанының астында» деп анасын сыйлаған. «Бала – бауыр етің» деп ұрпағына айрықша қамқорлықпен қараған. Қандай жаугершілік заманның өзінде жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз. Біз – қазақ осындаймыз!» – деді.

Ата-анасын қарттар үйіне тапсыратын қатыгез ұрпақ, баласынан жеритін көкек ана халқымызда ешқашан болмағындығын атап айтқан Елбасы «Бұл-біздің дәстүрімізге қайшы, салтымызда жоқ әрекет. Жастық шақта ата-анаңа не көрсетсең, қартайғанда өз ұрпағыңнан соны көресің. Ата-анаңа құрметпен қарау, халықты сыйлау, ұрпаққа қамқорлық жасау әрбір адамның қасиетті борышы емес пе?!», – деді.

 

ОЛАР –  ҚАЗАҚСТАННЫҢ МАҚТАНЫШЫ

«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі», – дейді халқымыз. Әулеттің ізгілікті жолын жалғастырған ұрпақ – ең мерейлі ұрпақ. Бүгін бір ғана отбасы жеңімпаз атанбайды. 16 аймағымызда конкурс өткізілді, 16 әулеттің қай-қайсысы да – еліміздегі ең мерейлі отбасылар, барша Қазақстанның мақтанышы», – деген Мемлекет басшысы таяуда ғана еліміздің бірқатар өңірінде сапармен болғандығын айтып, аймақтарда жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарғанын, тіршіліктің қайнап жатқанын атап өтті.

«Осының  барлығы елдегі тұрақтылық пен тыныштықтың арқасында жасалуда. Шаңырақтағы жарастық тек қана сыйластық пен татулық арқылы орнайды. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Стратегиясы аясында біз осындай отбасылық құндылықтарды нығайту үшін дәріптей түсетін боламыз. Мерейіміз әрдайым үстем болсын. Еліміз даму көгінде жарқырап жайнай берсін. Басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын, ағайын!» – деді Н.Назарбаев.

Осы ретте Елбасы Президент Әкімшілігі мен ҚР Үкіметіне екі айдың ішінде 2015-2020 жылдарға арналған отбасылық қатынастарды нығайту бойынша шаралардың жалпыұлттық жоспарын әзірлеуді тапсырды. Бүгінде жастарда моральдық-өнегелілік, рухани құндылықтарды қалыптастыру мәселесі өзекті екеніне тоқталған Президент,  жақсы отбасыларда тәрбие алған жасөспірімдер күдікті теріс ағымдардың жетегінде кетіп қалатын жағдайлар кездесіп жататындығын атап өтті. «Бұл – бүгінгі заманның қауіп-қатері, сондықтан да олар мемлекет пен қоғамның жүйелік шараларды қабылдауын талап етеді. Осы орайда Қазақстан Республикасы бойынша 2015-2020 жылдарға арналған отбасылық қатынастарды, моральдық-этикалық, рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту тұрғысында шаралардың жалпыұлттық жоспарын әзірлеу керек», – деді Мемлекет басшысы.

«Астанадан барлық аймаққа таралатын жол тармағын «Нұрлы жол» деп атауға болады. Біз Астанадан Павлодар арқылы Өскеменге  қазіргі қолданыстағы Астана-Көкшетау-Петропавл жолы сияқты  жақсы жол саламыз. Астанадан Ақтөбе арқылы Каспий теңізіне, Астанадан оңтүстікке қарай Алматыға, Алматыдан Өскеменге дейін жол салынады». Салтанатты шара барысында осылай деп атап өткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Осы жылдар ішінде біз 40 мың шақырымнан астам автомобиль жолын салдық, 2500 шақырымнан астам темір жол төседік. Бұл жұмыстар жалғаса беретін болады. Біз ешқашан қазіргідей жол салған жоқпыз. Біз еліміздің барлық түкпір-түкпірін жалғастыруымыз қажет», – деді Н.Назарбаев. Сонымен қатар, Елбасы өзінің Қазақстан халқына арналатын келесі Жолдауында инфрақұрылымдық  дамуға  бағытталған міндеттер  жүктейтіндігін ескертіп өтті.

БІЗ – ЖЕТІМІН  ЖЫЛАТПАҒАН ЕЛМІЗ

Отбасыларда патронатты тәрбие беруді, бағып-қағуды, қамқоршылықты кеңейту үшін заңнамалық негізді нығайту керектігіне тоқталған Нұрсұлтан Әбішұлы «Бала асырап алатын және жетім балаларды тәрбиелеп отырған азаматтар үшін қолайлы құқықтық ортаны күшейту қажет. Осындай отбасылар мемлекет пен қоғамдық бірлестіктердің жан-жақты назарында болуы тиіс. Жыл сайын біздегі балалар үйлерінен жеткіншектерді асырап алатын адамдардың артуы қуантады. Барша әлемде осындай игі шаралар жасалуда. Көптеген елдерде қамқоршысыз қалған балалар уақытша орналастырылатын мейманды отбасы тәжірибесі бар», – деген Президент баласынан бас тартқан жас аналар туған бүлдіршінімен жиі араласып тұруы үшін жақын жерде орналасуына жағдай жасау мәселесін де көтеріп, дәулетті адамдарды  осындай жағдайларда көмек қолын созуларына шақырды. 

Сонымен қатар, қоғамдық бастамалар негізінде Балалар құқығы жөніндегі уәкілетті институт құру мәселесін қарастыруды тапсырды. «Қамқоршысыз қалған жетім балалардың бірыңғай жалпыұлттық мәліметтер базасын қалыптастыру керек», – деген Елбасы, мемлекет балалар үйлеріне бөліп жатқан қаржыны бала асырап алушы отбасыларға бағыттауға болатынын атап өтті. Және де Үкімет пен әкімдіктерге мүгедек балалар мектептерін интернетпен 100 пайызға қамтамасыз етуді жүктеді.

Жалпы алғанда, отбасына қатысты барлық маңызды іс-шараларға мұрындық болып отырған Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның құрамын нығайтуды тапсырған Мемлекет басшысы бұл комиссияның қоғамдағы проблемалық мәселелерді зерттеу мүмкіндігіне ие болуы тиіс екендігін қадап айтты.

«Неліктен балалар тастанды болып жатыр, не үшін некелердің 20 пайызға жуығы алғашқы бір-екі жылда ажырасумен аяқталады? Жастардың отбасылық өміріне алдын ала кім көмектеседі, жас аналарға кімдер қолдау көрсетеді және оларды осы мәселелерге кімдер психологиялық тұрғыда даярлайды? Неге адамдар балаларын тастап кетеді. Осы тұрғыда түрлі жағдайлар бар екендігін түсінеміз, алайда осындай көлемде тастандылар болмауы тиіс. Неліктен баласы бар болса да, қарттар жалғыз қалып жатыр», – деді Президент.

Бұл ретте отбасылық-адамгершілік құндылықтарды нығайтудағы ақпараттық жұмыстарды күшейту қажеттігіне де тоқталды.  «Қоғамда маскүнемдік пен алкоголизм, темекі шегушілік пен нашақорлық, отбасылық борышқа жауапсыз қарым-қатынас, үлкендерге құрмет көрсетпеу сынды жағымсыз құбылыстарға төзбеушілік ахуалын тұрақты қалыптастырып отыру маңызды», – деді Н.Назарбаев.

 

ҰЛТТЫҚ  ТӘРБИЕНІ ҰЛЫҚТАП…

Елордадағы «Қазақстан» орталық киноконцерт залындағы «Мерейлі отбасы» ұлттық  байқауының қорытынды рәсіміне арнайы қатысқан Елбасы жеңімпаз атанған Бимаханбетовтер отбасына шағын әмбебап автобустың кілтін табыс етті. «Байқау жеңімпазына Қазақстанда шығарылған әмбебап шағын автобустың кілтін табыс етемін. Қазіргі уақытта біз автомобиль шығаратын елге айналып отырмыз. Бұл – отандық өндірістен шыққан отбасылық көлік», – деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  көліктің кілтін отбасы отағасы Елтай Бимаханбетовке табыстады.

Бимаханбетовтер отбасы сегіз ұл-қыз тәрбиелеп, олардан 33 немере мен 10 шөбере сүйіп отыр. Отағасы Елтай Бимағанбетұлы – мәдениет саласының ардагері. Түркістан қаласының Құрметті азаматы. Сонымен қатар, байқауға қатысқан басқа 15 отбасы да елімізде шығарылған «Нива» көліктеріне ие болды.

Марапаттау рәсімі аяқталғаннан кейін арнайы ұйымдастырылған концерттен соң, Президент Нұрсұлтан Назарбаев орталық киноконцерт залы алдында тұрған көліктерін көріп, мәре-сәре болып жатқан отбасыларды аралап, олардың қуаныштарына ортақтасты.

Айта кетелік, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы адамгершілік құндылықтарды және неке мен отбасының жағымды образын қалыптастыру, отбасы мәртебесін көтеру мақсатында Мемлекет басшысының өкімімен бекітілген болатын.

«Қазақпарат»  хабарлары негізінде дайындаған

Гүлжан ӘМІРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз