Атырау қаласында кәмелетке толмағандарға қатысты 200-ге жуық мәселе қаралды
Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Мақсотұлы Ермұхановтың төрағалығымен қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.
Қорытынды комиссия отырысында жыл бойына «Жайсыз отбасылармен» жүргізілген жұмыстар, «Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын-алу шаралары» бойынша мәселелер талқыланды.
Атырау қаласында бір жылда 200-ге жуық балаға қатысты мәселелер қаралып, заң аясында тиісті шешімдер қабылданған.
Атап айтсақ, Атырау қаласы Полиция басқармасы, Жергілікті полиция қызметі, Ювеналды полиция бөлімінің ұсынысы негізінде 32 ата-анаға қатысты ата-ананың құқығын шектеуге ұсыныс қаралып, Атырау облысы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен 11 іс қанағаттандырылды. 4 ата-аналық құқығынан айыруға қатысты ұсыныс қаралып, 3 іс сотпен қанағаттандырылды.
Кәмелетке толмағандармен қылмыс фактілері бойынша 19 жасөспірімге қатысты девиантты мінез құлықты интернатына орналастыруға ұсыныс қаралып, оның ішінде 3 жасөспірім «Маңғыстау облысы, Ақтау қаласындағы девиантты мінез-құлықты интернатына» орналастыру туралы сот шешімі шықты.
Сонымен қатар, 40 тан аса көмекке мұқтаж отбасыларға тұрмысқа қажетті заттармен, азық-түлікпен, балаларға киім-кешекпен көмектер көрсетілді.
Комиссияның қарауына ұсынылған ең басты назардағы мәселе — ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершіліктері. Жиында кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылыққа ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша мемлекеттік органдар мен бірлесе жұмыс жүргізуде және осы бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жандандыру қажеттігі айтылды.