Нанның құрамындағы улы затқа қатысты тағы дау туып жатыр

Жаңалықтар

Нанның құрамындағы улы затқа қатысты тағы дау туып жатыр деп хабарлайды КТК арнасы.

pogudx15rgq6e3p8t.454cf139

Тағамтанушылар оның формалинді ашытқыдан дайындалатынын айтып, дабыл қақты. Тіпті ас атасына қазір өзге де түрлі химиялық заттар қосылады екен. Салдарынан, нанның дәмсіздігі өз алдына, ағзаға да зиянды. Нанның құрамына өткен айда депутаттар да алаңдаушылық білдірген.

Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер сол кезде тексеруге уәде еткенімен, ешбір нанның құрамынан формалин таппапты.

Бидай өсіру жағынан әлемде алдыңғы қатарда екеніміз мәлім. Алайда отандық нан сапасы соған сай емес. Ас атасының дәмі алдымен депутаттарға ұнамай қалған. Тіпті оның уы бар ашытқыдан пісірілетінін айтып, халық қалаулылары өткен айда дабыл қаққан болатын.

«Ол ашытқылардың құрамында формалин бар. Ал, формалин дегеніміз кәдімгі у. Оны әдетте өлі адамның денесін бұзбай сақтау үшін қолданады», – дейді Cенат депутаты Ләззат Қиынов.

Ал Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер нанның дәмсіз болуын формалиннен емес, өнімнің тым арзандығынан көреді. Баға төмен болғандықтан наубайханалар ас атасын әзірлеу үшін қолданылатын заттарды барынша үнемдейді екен. Дегенмен, сенаторлар алаңдаушылық білдіргеннен кейін, министрлік шұғыл тексеру жүргізгенімен, наннан зиянды зат таппапты.

«Мәселені тұтынушылардың құқығын қорғау комитетімен бірлесе отырып талқыладық. Мұндай жағдай тіркелген жоқ. Яғни, елімізде нан және нан өнімдерін пісіру кезінде формалин қолданылмайды», – дейді Қазақстанның Ауыл шарауашылығы министрлігінің тамақ қауіпсіздігі департаментінің басқарма басшысыЗейнулла Шәріпов.

Дегенмен, тағамтанушылар да дабыл бекер қағылған жоқ деген пікірде. Олар елімізде нан пісіру үшін формалиннен бөлек, өзге де химиялық заттар қосылатынын растап отыр. Салдарынан ас атасы дәмсіз болғанымен қоймай, адам ағзасына үлкен зиян тигізеді екен.

«Нанның дәмі өзінің табиғи көрінісінен айырылып қалып отыр. Ол жәй ғана айырылған емес, ол денсаулыққа өте зиянды. Химиялық жолмен оны жеткіземіз деп, химиялық жолмен оның дәмін келтіреміз деп, тағы-тағы бірдеңелерді қосып жатқанда адам денсаулығына өте үлкен зиянды әсерлер келетіндігін біз байқаймыз. Бұрыңғы табиғи дрождар жоқ. Ол жетіспейді», – дейді Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов.

Ал наубайшылар мұның бәрін жоққа шығарды. Айтуларынша, нан дәмінің халық қалаулыларына ұнамай қалуына өзге жағдайлар себеп болуы мүмкін.

«Нанның дәміне түрлі жағдайлар әсер етеді. Оның дәмсіз болуына қалыпты температураның сақталмауы, қышқылдың тиісті мөлшерде болмауы себеп болуы мүмкін. Қамырдың салмағы форманың өлшеміне сәйкес келмесе де кері әсер етеді», – дейді нан зауытының технологы Галина Григорьева.

Ал нанның түріне қарап, оның құрамында улы зат бар-жоғын білу мүмкін емес. Сондықтан тағамтанушылар оны тек үйде пісіруге кеңес береді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Нұрбота

    Құдай сақтасын. ауамыздың ласы өз алдына, енді ішетін асымыздан да қорқатын болдық.