Атырау облысында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін енгізуге басымдық беріледі

06. 10. 2020 8 Білім

Atr.kz/7 қазан, 2020 жыл. Атырау облысының барлық орта білім беру ұйымдарында «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» іс-тәжірибесін енгізуге басымдық берілмек.

Бұл туралы аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов пен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың қатысуымен өткен кездесуде белгілі болды.

Аймақ басшының селекторлық кеңесіне облыстық білім беру басқармасының басшысы, өңірдегі педагогикалық біліктілікті арттыру орталықтарының жетекшілері, білім беру ісіне жауапты мемлекеттік мекеме өкілдері қатысты.

Кездесуде Күләш Ноғатайқызы Атырау облысындағы білім беру сапасының жалпы көрсеткіштері туралы сараптаманы таныстырды. Есепте оқушылардың мектеппен қамтылуы, түлектердің жұмысқа орналасуы, мұғалімдердің кәсіби біліктілігі мен аймақтағы жалпы білім көрсеткіштерінің проблемалары сөз болды.

Күләш Шәмшидинова өңірдегі білім беру саласының түйіткілді мәселелерінің шешілуіне арналған бағдарламаны ұсынды. Бағдарламада білім сапасын арттырудың сегіз басымдықтары белгіленген.

– Біздер мектеп оқушыларының білім сапасы жоғары болуы үшін оқушымен тікелей жұмыс істейтін педагогтардың шеберлігін арттыруға мән беруіміз керек. Сондықтан бұл ұсынылған бағдарламада ең әуелі мұғалімдердің кәсіби дамуына, яғни күнделікті сабақ беру процессіне ынталандырудың жолын қарастырамыз. Екінші мәселе «мүмкіндіктер мектебін» құру керек. Мұнда 10-11 сынып оқушыларының емтиханға дайындығын пысықтау үшін арнайы курстар жүргізіледі. Сондай-ақ «мүмкіндіктер мектебінде» баланың болашақ мамандығына бейімдеу, таңдау пәндері бойынша жұмыстарды бастауымыз керек», – деді Күләш Ноғатайқызы.

Үшінші басымдыққа басқарма басшысы, қосымша білім беру жұмыстарын жандандыруды, әсіресе IT бағыттағы курстар, STEM лабараториялар, робототехника және ұлттық құндылықтарға негізделген дәстүрлі үйірмелерді көбейту керектігін айтты.

Жалпы кез-келген педагог баланың психо-эмоционалдық күйінен, отбасындағы жағдайы мен әлеуметтік тұрмысынан хабардар болады. Сондықтан білім беру ұйымында балаға қолайлы орта құру үшін біздер ата-аналарды да тәрбиелеуіміз керек. Балаға қажет дағдыларды игеру үшін ата-аналар қолдау білдіруі тиіс. Бұл біздер ұсынып отырған бағдарламаның төртінші басымдығы. Демек осы тапсырмаларды жүзеге асыру үшін педагог-писхологтардың жұмысы жаңа көрініс табады. Себебі ата-анамен байланысты жоғалтпау, оларды мектеп өміріне араластыру уақыт талабы.

– Білім беру саласында белгіленген жұмыстарды атқару және нәтижелерді бағалау үшін облыстық білім беру басқармасы жанынан аналитикалық топ құруды ұсынамын. Бұл ұсынылған бағдарламаның бесінші бағытында көрініс тапты. Аналитикалық топ Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату бойынша жұмыстарды жоспарлау және ұйымдастыру үшін қажет болады. Бағдарламаның алтыншы бағыты білім беру ортасын құруға арналса, жетінші және сегізінші бағыттарда «мотивация» және білім саласындағы трендтер негізге алынды», – деді баяндаманы қорытындылаған Күләш Ноғатайқызы.

«Әрине, инновациялық үлгідегі үздік тәжірибені енгізу үшін қаражат мәселесін шешуіміз керек. Аймақтағы педагогика саласының сұраныстарын  ескере отырып арнайы жол картасы жасақталады. Сіз ұсынған бағдарламаны бірлесіп іске асыру үшін біздің мүмкіндіктеріміз жетеді», – деді өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов.

2008 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен құрылған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» желісі елімізде үздік отандық және халықаралық үлгіде сабақтастық тапқан білім берудің дербес ұйымы. Зияткерлік мектептердің тәжірибесі Қазақстандағы және шетелдегі жетекші білім беру ұйымдарымен расталып, түлектердің жетістігін әлемнің алапуыт мемлекеттері мойындап отыр.

«Atr-Ақпарат»

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз