Атырау мен Маңғыстауды сумен қамтитын «Магистралды Суағызғысы» компаниясы күзетсіз қалды

cb27ded9387419af2f7716b3bea8561d Жаңалықтар

Atr.kz/17 ақпан, 2020 жыл. Атырау және Маңғыстау облыстарының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ететін «Магистральдық Суағызғысы»  стратегиялық компаниясы 14 ақпаннан бері күзетсіз тұр. Өйткені, қазір бұл нысанды ешқандай техникасы, қару-жарағы жоқ, қызметкерлері де жеткіліксіз компанияға күзетуге берілген. Мәселе қалай орын алды?

Бұл туралы «Nur Otan» партиясының Атырау облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің кезектен тыс шұғыл өткен отырысында айтылды.

Аталмыш қоғамдық кеңестің төрағасы Сайын Қуанышевтың айтуынша, партияның орталық кеңесінің бұйрығымен «ГБР Сұңқар Секьюрити» ЖШС-нің арызы бойынша мәселені қарауда өңірде арнайы жұмыс тобы құрылды. Бұл арызда «Магистральдық Суағызғысының» стратегиялық объектісіндегі тендер рәсімінде бұзушылықтар орын алғаны айтылған. Өткен жылдың қараша айында «Магистральдық Суағызғысы» серіктестігі «Самұрық-Қазынаның» сатып алу порталында 2000 шақырымға созылатын суағызғысын күзету үшін тендер өткізген. Бұған екі үміткер компания қатысып, нәтижесінде «Тұран Групп секьюрити» ЖШС жеңімпаз деп танылды. Өйткені, олар тендерде көрсетілген бағадан 10 млн. теңге төмен соманы  ұсынған. Ал, тендерден өтпей қалған «ГБР Сұңқар Секьюрити» серіктестігі бұл нәтижеге келіспей, аталмыш партияға және тендерді ұйымдастырушыларға арызданған. Бұдан соң тендер нәтижесі кері қайтарылып, тоқтатылған.

 «Nur Otan» партиясының Атырау облыстық филиалының партиялық бақылау жөніндегі инспекторы, арнайы құрылған жұмыс тобының жетекшісі  Роман Мақсотовтың сөзінше, тексеру кезінде партиялықтар «Тұран Групп Секьюритидің» күзет нарығына жаңадан келгенін анықтады.

«Салық төлеуші ретінде өткен жылдың қазан айында ғана тіркелген. Заңды тұлғаның көрсетілген мекен-жайына да бардық. Кездесіп, сөйлесетін ешбір адам болмады. Сондықтан, бізге олардың материалдық және адами ресурстарын тексеру мүмкін болмады» деді Роман Зұлқарнайұлы.

Аталмыш суағызғысы компаниясының объектісін бұған дейін «ГБР Сұңқар Секьюрити» серіктестігі бір жыл күзеткен. Жиында кезекті тендерден өтпей қалған олар суағызғысы нысанын күзетсіз қалдыруға болмайтынын айтып, өз қызметкерлерінің жұмыссыз қалатынына да алаңдаушылық білдірді.

«Біз қарсы компанияның мүмкіндіктерін қарау кезінде оның құрамында 26 қызметкері ғана барын білдік. Кейбіреулерінің күзет лицензиясының мерзімі өткен. Компанияның екі дана ғана қару-жарағы бар. Бұл осынша нысанды күзетуге жарамды деп айта алмаймын» дейді «ГБР Сұңқар Секьюрити» серіктестігінің заңгері Аман Қалабаев.

Ал, «Магистральдық Суағызғысы» ЖШС бас директорының бизнесті қолдау жөніндегі орынбасары  Ғани Батырхановтың айтуынша, тендерге түскен «ГБР Сұңқар Секьюрити» және «Тұран Групп Секьюрити» серіктестіктерінің екеуінің де құжаттары көрсетілген барлық талаптарға сай болды. «Тұран Групп Секьюрити» тендерде көрсетілген бағадан төмен сома ұсынуымен таңдалды. Бұл ретте партия өкілдері жиынды қорытындылай келе, тендер нәтижесіне күдікпен қарап, бұдан болашақта сыбайлас жемқорлық фактілері туындауы ықтимал екендігін айтты. Сондықтан, мұндай мәселе орын алмас үшін тендер белгіленген уақыттан кейін қайтадан өткізіледі.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Тағы оқыңыз:

http://atr.kz/bez-rubriki/ministr-n%d2%b1rymbetov-k%d3%a9pbalaly-otbasylar%d2%93a-%d2%9batysty-sheshim-%d2%9babyldan%d2%93anyn-m%d3%99limdedi/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз