70918771 2507012176185825 4621351374175600640 o

Атырауда шахмат академиясы ашылды

Жаңалықтар Қоғам

Atr.kz/9 қыркүйек, 2019 жылАтырау қаласында еліміз бойынша тұңғыш рет халықаралық гроссмейстер, шахматтан бірнеше дүркін әлем чемпионы Динара Сәдуақасованың шахмат академиясы ашылды.

Академияның ашылу салтанатында облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Роллан Құспан, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тіналиев, Маңғыстау облысы шахмат федерациясының құрметті президенті Меңдеш Салихов, Атырау облыстық шахмат федерациясының вице-президенті Сабырбай Гайсиндер сөз алып, шахматсүйер қауымды аталмыш мектептің ашылуымен құттықтады. 

Ерниязов көшесіндегі №16 үйдің төменгі қабатында орналасқан аталмыш академия 150 адамға арналып, оның жалпы аумағы  450 шаршы метрді құрайды. Мұнда топпен және жеке үйренуге арналған арнайы бөлмелер қарастырылған екен. Академияда дәріс алатын шәкірттерге  Динара онлайн сабақтар беріп, одан бөлек  шетелде біліктілігін арттырған шахмат мамандары да  сабақ үйретеді. Сонымен қатар, әлем чемпионы тұрақты түрде арнайы келіп мастер-класс өткізіп тұратын болады.

-Біз атыраулық балалар үшін барынша ірі, халықаралық турнирлер өткізіп тұруға тырысамыз. Спортшылардың біліктілігін арттыратын мұндай турнирлердің маңызы өте зор. Турнирлер туралы ата-аналар мен балалар алдын ала біліп отыруы үшін жыл соңына дейін біз арнайы күнтізбе жасаймыз. Тағы айта кететін бір жағдай, академияда мүмкіндігі шектеулі, жетім және аз қамтылған отбасыдан шыққан балалар үшін тегін үйрену мүмкіндігін қарастырып жатырмыз, – деді Динара Сәдуақасова.

Сонымен қатар, Академияның ашылу салтанаты аясында жүлде қоры 800 мың теңге болатын  «Atyrau chess open 2019» турнирі ұйымдастырылды. Сайысқа 6-72 жас аралығындағы 60-қа  жуық шахматшы қатысты.

69883891 2507012219519154 8728578880798982144 o
70016853 2507012322852477 1401825334835281920 o

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған