
Атырау халықаралық әуежайы «Ашық аспан» режимінде алғашқы халықаралық рейсті қабылдады
15 мамырдан бастап Pegasus Airlines компаниясы Атырау – Стамбул – Атырау бағытындағы тікелей халықаралық рейсті жүзеге асырды. Енді жолаушылар үшін бұл бағытта аптасына екі рет қатынау мүмкіндігі бар, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Нұрбол Жампейсов, Атырау халықаралық әуежайының «Ашық аспан» режиміне көшуі нәтижесінде жүзеге асқан бұл рейс – 2025 жылы ашылған алғашқы халықаралық әуе бағыты екенін атап өтті.
— Жаңа бастама Қазақстан мен Түркия арасындағы туристік және іскерлік қарым-қатынасты нығайтып, жолаушылар ағынын 30-40 мың адамға дейін көбейтуге ықпал етеді деп күтілуде. Сонымен қатар Атырау облысының инвестициялық тартымдылығын арттырып, өңір әуежайының халықаралық мәртебесін күшейтіп, бағыттар желісін кеңейтпек, — деді ол.

Атырау облысының әкімдігі мен инвесторлар арасында жасалған Ынтымақтастық туралы меморандум аясында қолға алынған бағыт әуежайды басқарудың жаңа моделінің тиімділігін көрсетіп отыр.
Pegasus Airlines – Түркияның жетекші лоукостер әуе компанияларының бірі. Атырау мен Стамбул арасындағы тікелей рейс қос мемлекеттің өзара байланысын жаңа деңгейге шығарады деп көзделген.
Айта кетейік, 31 мамырдан бастап Атырау-Стамбул-Атырау бағытындағы рейсті Turkish Airlines компаниясы да іске қоспақ.