Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайыҚоғам

Атыраулық спортшылар – тұғырдың төрінде

Атырау облысында спорт саласы жылдан-жылға қарқынды дамып келеді. Соның нәтижесінде спортпен шұғылданушылар саны да өсуде. Осы орайда, өңірде өткен спорттық шаралардың легін назарларыңызға ұсынамыз.

1

Жеңіс – жерлестерімізде!

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен «Балықшы» спорт кешенінде балалар, жасөспірімдер мен жастар республикалық муай-тай федерациясының кубогін сарапқа салды.

Нәтижесінде, алаң иелері жеңімпаз танылып, Юсуф Мухтасип, Әли Өтемісов, Алан Юсупов, Арсен Маратұлы, Әлижан Даумов, Сағынбек Хасанов, Рамиль Маратов, Жомарт Тынышқалиев, Мұхамедали Мақсот және Әли Науанов алтыннан алқа тағынды. Ал, Алматы облысының құрамасы екінші, Алматы қаласының командасы үшінші орыннан көрінді.

Қоржында – алтын мен күміс

№1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 20 жасқа дейінгі жастар арасында ауыр атлетикадан өткен ел біріншілігінде облыс құрамасы сәтті өнер көрсетті.

62 келіге дейінгі салмақта атыраулық Нұрсұлтан Омаров пен Серікболсын Исемберді 213-228 келі болатын зілтемірді көтеріп, алтын мен күміс алқаға қол жеткізді. Сондай-ақ, 77 келіге дейінгі салмақта жерлесіміз Әлішер Сейітқазы жұлқа мен серпе көтеруден 297 келіні бағындырып, күміс жүлдені қанжығасына байлады. Сөйтіп, республиканың спорт шебері атағын қорғап шықты. Айта кетейік, оларды жарысқа тәлімгерлер М.Үсенбаев, Т.Халматовтар дайындаған болатын.

Балалар арасында каратэ спортынан Қазақстан біріншілігі өтті

«Атырау» спорт кешенінде «WKF-каратэ» бойынша 10-13 жас аралығындағы балалар арасында ел чемпионаты өтті.

«WKF», бұл – каратэнің олимпиадалық түрі болып саналады. Жарыс қорытындысымен, Нұрбек Кенжебай, Те Кансэй бірінші, Расул Олжағали, Диана Айтжанова, Валерия Квон, Карина Крешневская екінші және Файзолла Батырғали, Ұлмекен Жалғас, Диана Айтжанова үшінші орындарды иемденді.

Республикалық турнирде атыраулық самбошылар үздік нәтиже көрсетті

Қарағанды облысының Ақадыр поселкесінде Көкбөрі Керней батырды еске алуға арналған самбодан республикалық турнир өтті. Онда 2004-2005 жылы туылған жасөспірімдер кім мықтыны анықтады.

Қырғызстан мен Қазақстаннан қатысқан оннан астам самбошының арасында Атырау қаласындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері де бар. 60 келіге дейінгі салмақта Райымбек Базарбаев алтын, 31 келіге дейінгі салмақта Нариман Мұқан мен 34 келіге дейінгі салмақта Базар Досжан және 46 келіге дейінгі салмақта Ерасыл Удреев қола жүлдеге ие болды.

Қаржыгерлер түсті сайысқа…

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Атырау филиалы қаржы саласының қызметкерлері арасында мини-футбол мен «көңілді сайыс» ұйымдастырды.

Оған сегіз команда өзара бақ сынасты. Нәтижесінде, кіші футболдан Ұлттық Банк бірінші, облыс әкімдігі екінші және мемлекеттік кірістер департаменті үшінші орынға табан тіреді. Облыстық қаржы басқармасынан Айдар Нұрәлиев үздік ойыншы, облыс әкімдігінен Әжмұқан Жұмахмет үздік шабуылшы, облыстық тексеру комиссиясынан Нұрбол Қоныссов үздік қорғаушы және мемлекеттік кірістер департаментінен Болат Құбаев үздік қақпашы атанды.

Ал, «көңілді сайыста» жүлделі орындарды Ұлттық Банк, тексеру комиссиясы мен облыс әкімдігінің командалары иеленді. Асқар Губайдуллин «ең епті», Динара Амиржанова «ең жылдам», Жанат Даугалиева «ең күшті» және Айымгүл Қаламқалиева «жеңіске жігерлігі үшін» аталымдарымен марапатталды.

Амандық Сағынтайұлы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button