Жарнама
ЖаңалықтарСаясатШаһар шырайыҚоғам

Атыраулық сарапшылар рухани жаңғыру бағдарламасын талқылады

Жаңаша ұрпақты қалай қалыптастырамыз? Тарихи тамырдан ажырамай отырып, жаңаны меңгерудің мәні неде? Жаһандану дәуірінде ұлттық болмысымызды сақтай отырып, технологиялық «төңкеріс» әлеміне қалай қадам басамыз? «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің ұйымдастыруымен өткен «дөңгелек үстелде» осы мәселелер талқыланды. «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Баязи Әбдешев модераторлық еткен жиынға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп, ардагер журналист Айтқали Нұрғалиев, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұхтар, тарих ғылымдарының докторы Ұлжан Ахметова, Атырау өңірлік «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Әния Ермағамбетова және облыстық мұрағаттың бөлім меңгерушісі Нұрсұлу Мұхамедиярова қатысып, өз ойларын ортаға салды.

ЕАС-491

 Жаңа ұрпақ дегеніміз кім?

Баязи ӘБДЕШЕВ:

ЕАС 511

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы еліміздің рухани өміріне үлкен серпіліс әкелді. Мемлекеттік бағдарламаға татырлық мақала ғылым, мәдениет, әдебиет, өнер, баспасөз саласына да ерекше әсер етті. Қазіргі таңда ел бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облысымызда да ірі жобалар қолға алынды. Мәселен, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің базасында арнайы орталық құрылып, түрлі сайттар жұмыс жасауда. Бұл мәселеге орай облыс әкімі Нұрлан Ноғаев таяуда жиын өткізіп, нақты жоспарлар бекітілді. Бүгінгі басқосудың мақсаты – бірнеше тақырыптарды қамтыған ауқымды бағдарламаға байланысты тың идея, ұйымдастыру жұмыстарын жандандыруға қатысты ой-пікірлеріңізді білу.

Жасұлан БИСЕМБИЕВ:

ЕАС 524

– Бағдарламаның басқа әлеуметтік-экономикалық жобалардан ерекшелігі сол, бұл бір ғана мемлекет басшылығы, яғни атқарушы биліктің орындауымен іске асырылатын дүние емес. Оған қоғамның әр мүшесі қатысқан жағдайда ғана, нәтиже сәтті болады.

2030 жылға дейін жалғасатын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы алты бағыттан тұрады. Бірінші бағыт – туған жер. Екінші бағыт – киелі жерлер географиясы. Яғни, елдің ортасындағы қасиетті саналатын жерлерді біріктіріп, республика көлемінде карта жасау. Әр өңірдің өзіне тән осындай картасы болады. Мақсат – ел аузында бар, бірақ, қандай да бір кітаптарға енгізілмеген жерлерді анықтап, сол орындарға инфрақұрылымды жақындату, танымалдылығын арттыру. Үшінші бағыт – «Жүз есім» жобасы. Еңбегі көпшілікке таныла қоймаған азаматтарды ортаға шығарумен бірге, ерекше өмірлік тағдырлары бар адамдар да осы жобаға енгізіледі. Яғни, белгілі бір қиындықтарға тап болып, оны мойымай жеңіп шыққан азаматтар жұртшылыққа үлгі етіледі. Төртінші бағыт – 100 жаңа кітап. Ең заманауи, танымал авторлардың әлемдік деңгейдегі кітаптары. Қазіргі таңда әлеуметтану, биология, математика пәндері бойынша 17 кітапты тиісті комиссия белгіледі. Олар аударылып, білім жүйесіне енгізіледі. Бесінші бағыт – Қазақстанның мәдениеті әлемдік деңгейде. Мақсат – Қазақстанның мәдениетін әлемге таныту немесе әлем өркениетінің озық үлгілерін елімізге әкелу. Алтыншы бағыт – қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру. Жыл аяғына дейін біз өзіміздің нақты әліпбиімізді бекітіп, қолданысқа енгізе бастайтын боламыз.

«Туған жер» ең үлкен, әрі маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Оның өзі тәрбие, білім, атамекен, рухани қазына бағыттарынан тұрады. Қазіргі таңда осы бағыттар бойынша 78 жоба дайындалды.

Тағы бір ескерерлігі, рухани жаңғыру тек қана тарих, дәстүр деген ұғымдармен шектелмеуі керек. Асылында, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өте ауқымды мәселелерді көтерді. Демек, прагматизм, реализм, жаңа сана-сезіммен, креативті ойлау қабілетімен ерекшеленетін  ұрпақ буынын алып келуіміз керек. Басты түйін – тарихи тамырымыздан ажырамау, әрі алға қарай ұмтыла отырып, жаңаны білу, жаңа технологияларды қоса меңгеру деген сөз.

Қадыр ЖҮСІП:

ЕАС 567

– Бұл – қоғамның әр мүшесін, яғни, жастардан бастап, қарттарға дейін елін сүюге, патриоттық сезімге үндейтін құнды жазба. Бұл мақалада Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының көптен ойланып, толғанып, жүрегінің түбіне сақтап жүрген пікірлерін ортаға салғаны көрініп тұр.

Байқаймын, қазіргі жастар арасында әдебиетке, мәдениетке маңыз беретіндер аса көп емес. Өз өңірлерінен шыққан тұлғаларды көпшілігі тани бермейді. Демек, ең алдымен, осы жайтқа назар аударуымыз керек. Және республикалық басылымдар аталмыш мақаланы талдау барысында өңірлердің пікірлерін де назарда ұстаса деймін.

Мақаланың түйіні бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру деген идеямен астасады. Демек, латын әліппесіне көшу – заман талабы. Кеңес дәуірінде бір-ақ күнде арабтан латынға, латыннан кириллицаға көштік емес пе? Ендеше, қорқудың қажеті жоқ. Латын әліпбиімен жазылған  кітаптар ел ішінде сақталуы да мүмкін. Халықтың көзін үйрету үшін, сол кітаптарды жинақтап, көрме ұйымдастырсақ, мұның өзі – тәрбие.

Баязи ӘБДЕШЕВ:

– Ресей тарихшысы Лесков 2001 жылы «Битва вокруг алфавита» деген мақаласын жариялады. Онда Петр патшаның  латынға көшу туралы жоспар құрғандығы айтылады. Алайда, жоспар іске аспаған. Тіпті, Ленин, Троцкийлер де бұл бастаманы қолдаған. Мұның өзі – таңқаларлық  жағдай.

Айтқали НҰРҒАЛИЕВ:

ЕАС 588

– Әліпбиді ауыстырмас бұрын нақты ережені жасап алуымыз керек. Расында да, бұл – ізгілікті іс. Бірақ, үлкен дайындықты, нақты ережені қажет етеді. Және анықтап алатын бір мәселе бар. Бұл латын тіліне көшу ме, әлде оралу ма? Оралу болса, 1940 жылға дейінгі ережелерді пайдалануға болады емес пе? Ал, көшу десек, барлық позициялар жаңадан қаралуы керек.

Жер-су аттары, олардың тарихына қатысты деректерге орай қосарым бар. Жазылған еңбектерді дұрыс пайдалана білуіміз керек. Мысалы, Жолжанов, Иманғалиев сынды шежіреші адамдардың еңбегінің басын құрап, жұмыс жасасақ, нақты іс атқарылады деп ойлаймын.

Ұлттық сапаны қалай күшейтеміз?

Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ:

ЕАС 584

Біріншіден, Атырау облысында соңғы бес жылдан бері жыраулар сайысын өткізіп келеміз. Неге? Себебі, біз – Асан Қайғыдан бастау алатын жыраулар еліміз. Бірақ, біздің өңірімізде ырғақ болғанымен, өзіндік, яғни, жыраулық сарын жоқ. Ал, Қызылорда, Шымкент, Маңғыстауға қараңыз. Олардың өз сарындары бар. Осы дәстүрді насихаттау мақсатындағы жұмыстар нәтижесінде    кезіндегі саусақпен санарлық жырауларымыздың саны бүгінде оннан асты. Рас, айтысты жолға қойдық. 2000 жылдары өңірде екі-үш айтыскеріміз болса, қазір отыз айтыскеріміз ортамызда. Ендігі мәселе – айтыскер ақындардың  деңгейін көтеру. Ырғақ, мазмұн, тақырыпты ашу сияқты поэзияның негізгі тетіктерін меңгерумен бірге, заманға ілесу, іздену кемшін түсіп жатыр. Сол үшін біз арнайы клуб ашып отырмыз.

Екінші мәселе: Атыраудағы оркестрлер жайы. Репертуарын қарап отырсаңыз, барлығы  бірдей. Бізде керемет күйшілер бар. Мысал үшін Есентемір Лесбайды алайық.  Сол Есентемірдің бір күйін оркестрден тыңдадыңыз ба? Құрманғазының ұстазы Ұзақтың күйлерін ше? Болашақта осындай дүлдүлдеріміздің бүкіл шығармаларын нотаға түсіріп, бірнеше кітап етіп шығарып, Атырау өңірінің күй тарихын дәріптеуіміз керек.

Үшіншіден, Алматыдағы орталық киноархивте Атырау жөнінде ғажайып ленталар бар. Кеңес өкіметінің кезінен қалған осы дүниелерді көшіріп алуға тиіспіз.  Және Атырауда киностудия ашатын кез келді. Бізде мамандар бар. Соны пайдаланып, өз тарихымызды өзіміз жасауымыз керек.

Төртіншіден, қазақтың емшілері бар. Патшалы өкімет тұсында халық өзін-өзі емдеді. Тарихты оқып отырсақ, сол кезде бізде бауыр ауруы, соқырішек деген болмаған екен. Білетіндер оның себебін жылқының етін жеп, жылқы сорпасын ішудің нәтижесімен байланыстырады. Өкінішке қарай, теріс көзқарастың кесірінен халық емшілері тасада қалып барады. Ендігі жерде біз қазақтың қабілетінің, жадының мықтылығы ретінде  осындай дүниелерді насихаттауымыз керек. Насихат дегеннен шығады, рухани жаңғырудың негізі халқымыздың салтын, тарихымызды қайта қарауға бастайды. Мәселен, үнділер қазір бізге кино көрсете отырып, өздерінің дәстүрлерін де насихаттауда. Тіпті, елімізде үнді стилінде тойлар өте бастады. Осы әдісті енді өзіміз қолға алып, ауыл-ауылда жылжымалы көрмелер өткізіп, экспедициялар ұйымдастырсақ және оны кеңінен насихаттасақ, көп дүниеге қол жеткізер едік.

Біраз уақыт бұрын, біз Наурыздың концепциясын жасап шығардық. Көне деректерден алынып, тарихи дәлелдер келтірілген брошюраны аудандарға да тараттық, газеттерге де бердік. Бірақ, қолдау көрмей отырмыз.  Осы мәселені  қолға алып, белгілі бір ауданда сынақ ретінде енгізетін болсақ, Наурыз рухани жаңғырудың бастауы болар еді.  Ал, латын тіліне көшуді балаларды мектеп қабырғасынан оқытудан бастау тиімді.Тарихымыздың ең керемет дүниелерін, ұлы жазушыларымыздың туындыларын аударуды бүгіннен бастау керек.

Әбілсейіт МҰХТАР:

ЕАС 622

– Рухани жаңғырудың мемлекетімізге қандай пайдасы болады? Жастар одан не алады?  Басты түйін – осы. Айтылып жатқан дүниелерді жастарға қалай жеткіземіз? Осы ретте ең алдымен, жастар үшін әлеуметтік сайт ашуды ұсынамын.

Екіншіден, қазір арамызда ел, өлке тарихын білетін ақсақалдар қатары азайды. Әр ұйым, мекеме, ауылдық кеңестер қазыналы ақсақалдарымыздың тізімін жасап, оларды сөйлету арқылы дерек жинап алуымыз керек. Рухани жаңғыруға байланысты телеарналарда арнайы бағдарлама шығарсақ та артық етпейді. Өзімізге көрші орналасқан Батыс Қазақстан облысы соңғы жылдары 4000 құлпытасты оқып шығып, Айшуақ  ханды, Жантөре ханды тапты. Осындай ескі қорымдар бізде де жетіп артылады. Неге қолға алмасқа?

Үшіншіден, облысымызда музейлерде бар, мұрағат та бар. Көптеген шаралар ұйымдастырады. Бір ғана Алашорда тақырыбына қанша рет экспедиция жасалды десеңізші? Өкініштісі, барлығымыз әлі күнге дейін Орынбордың мұрағатына барғанға мәз болып жүрміз. Шындығында, Ресей мұрағаттарын мемлекеттік деңгейде көшіріп әкелетін уақытымыз болды. Бір қызығы, осындай экспедициялар нәтижесінде мұрағат әкелген материалын өзінде, университет жинаған дүниесін өзінде ұстайды. Солардың барлығы бір жерде түйісуі керек қой. Ортақ база құрсақ, кім нені қайдан іздеуді білер еді. Әйтпесе, біріміздің барған мұрағатымызға екіншіміз барып, өзгені қайталаумен, текке қаражат шашумен айналысып жүрміз.  Осы ретте, мұрағатқа арнайы тапсырма беріп, Атырауға қатысты мәселелерді  жинақ етіп шығаруды ұсынамын.

Өткенімізді түгендеуге байланысты қазір төрт жоба дайындап қойдым. Қаражат мәселесі шешілсе, «Каспий теңізінен Қара теңізге дейін» атты экспедицияны ұйымдастырғымыз келеді. Ресейдегі Қалмақ Республикасының өзінде бес мыңдай қазақтар тұрады. Олардың тағдыры қалай болды? Краснодар мен Ставропольде де қазақтар тұрады. Бейбарыс сұлтанның, Өзбек ханның мавзолейі Қырымда орналасқан. Хақназар ханның ұлының мавзолейі де бар. Қайырғали Смағұлов сол жерде Кеңес Одағының Батыры атағын алған. Осындай қазаққа қатысты мәселелер тұнып тұр. Айтқым келгені, ғалымның әр еңбегі орынды  бағалануы керек.

 Өлке тарихына дәйектілік керек

Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ:

– Руханият дегеннен шығады, біз әлі күнге дейін жер-су аттарын реттей алмай отырмыз. Мәселен, қала іргесіндегі Томарлыға сол жерде туған Қайырғали Смағұловтың атын неге бермеске? Иегіміздің астында Атырау селолық округі деген жер бар. Осы округті неге Фариза Оңғарсынованың есімімен атамаймыз? Ганюшкиноны Бөкей ханның есімімен атау туралы да ұсынысты қанша жылдан бері айтып келеміз? Осы мәселелерге байланысты біз ауыл халқы үшін анкета дайындап қойдық. Оны әр үйге апарып, нақты жауап алып, ономастикаға тапсырғалы отырмыз.

Жасұлан БИСЕМБИЕВ:

Жер-су атауларын талқыға салған уақытта, әрине, сарапшылар пікірі керек. Сонымен бірге, ғаламтордың мүмкіндігін де пайдаланған жөн. Әсіресе, жастар жағы белгілі бір адамның аты аталған кезде ол туралы дерек іздейді. Бұл да өлке тарихын білу үшін маңызды қадам болар еді.

Ұлжан АХМЕТОВА:

ЕАС 587

–Қазақтың тарихын, әсіресе, әр аймаққа байланысты өлке тарихын оқу орындарында барлық мамандықтар бойынша жаппай бірінші курстардан бастап оқытуымыз керек. Бұл – мектептен шыққан буынды әлде де бекіте түсудің, тәрбиенің бір түрі.

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті осы мәселені әлдеқашан талқыға салып, өлке тарихын барлық факультеттерде оқытуды бастап кетті. Студенттер одан арнайы курс бойынша мемлекеттік емтихан тапсырады. Байқағаным, бұған әсіресе, Қытай, Тәжікстаннан келіп оқып жатқан қандастарымыз ерекше маңыз береді. Менің ұсынысым, өлке тарихын ендігі жерде ғылыми айналымға енгізуіміз керек. Өйткені, әлі күнге дейін өлке тарихына арналған жібі түзу оқулық жоқ. Және өлкедегі қала, елді мекендер, айтулы адамдар, тіпті мекемелер тарихы қамтылатындай белгілі бір бағыт керек.

Өлке тарихын қазір бәрі жазады. Бірақ, «Дерек қайдан алынды? Ғылыми негізі қайда жатыр?» деген мәселелерге назар аудармайды. Яғни, ақпарат шикі,сараланбайды. Өлкенің өткеніне өз аталарының, ауылының тарихын орынсыз тықпалау тенденциясы күшейіп кетті. Сондықтан, осы мәселеде арнайы құрылған зерттеу мекемелерін, институттарды қаржыландыруды ұсынамын.  Зерттеу сол орталық арқылы жүргізілсе, мемлекеттік тапсырыспен бөлінген қаражаттың сұрауы болар еді.

Баязи ӘБДЕШЕВ:

– Айта кетейін, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Атырау-Ақпарат» та арнайы медиа жоспар жасақтау үстінде. Облыстық ішкі саясат басқармасымен бірлесе отырып, бағдарламаның көздеген мақсаттарына жету жолдарын талқылау барысында бүгінгі айтылған ой-пікірлерді қамтитын боламыз.

Жоғарыда атап өткеніміздей, өңірімізде орталық ашылып, жұмыс жасауда. Келесі кезекте Әния Үржімбайқызын тыңдасақ.

Әния  ЕРМАҒАМБЕТОВА:

ЕАС 655

– Бағдарламада айтылған мәселелер ішінен «ұлттық код» тақырыбын ғана талдаудамыз. Ал, Елбасы бізге жаңаша ойлайтын ұрпақ қалыптастыратын идеялық жұмыстарды ұйымдастыруды міндеттеп отыр. Жаңаша ұрпақ дегеніміз кім? Олар қандай болуы керек? Ол бәсекеге қабілетті, прагматизм идеясын қолданатын, білімді, ұлттық бірегейлікті насихаттап, дәріптейтін және ашық саналы болғаны жөн. Осы талаптарға сай келетін ұрпақты қалай дайындаймыз?

«Цифрлы Қазақстан» мәселесі де жиі айтылады. Енді он жыл уақыттан соң, қазіргі бар мамандықтардың кейбірі мүлдем жоғалып кетуі мүмкін. Себебі, студенттермен жұмыс жасағандықтан жақсы білемін, бүгінгі жастар бізден озық. Әсіресе, тіл мәселесінде. Шет елмен студенттеріміз арқылы байланысатын жағдайға жеттік. Оларға сұранысқа ие болатындай қай мамандықты меңгертеміз? Алдыңғы қатарлы технологияларды ше? Прагматизмге қалай жеткіземіз? Үнемшілдікке қалай үйретеміз? Мысалы, таққа отырғызып, бесікке салсақ, той үстіне машинамен келсек, мұның қай жері прагматизм? Сондықтан, осындай кері тәрбиені тоқтатуға шақырамын. Қазіргі кішкентай балалар «Маша мен аюды» қарайтын болды. Олардың орнын басатын кейіпкерді таппай отырмыз. Біздің Ер Төстігіміз, Исатай–Махамбеттеріміз қайда? Бүгінгі ұрпақ жырауларды, күй-термелерді қажетсінбейді. Демек, осы дүниелердің қажеттілік екенін дәлелдейтін технология табуымыз қажет.

«Туған жеріме мен не жасадым немесе не жасай аламын?» деген сауалға нақты жауап беретін де кез келді. Өйткені, Отанға деген сүйіспеншілік туған жерден басталады. Біздің бойымыздан осындай қасиеттерімізді көргенде ғана, ұрпақ кімге еліктеу керектігін білетін болады. Меценаттар, қайырымды жандарды да насихаттауды жандандыру керек. Олар туралы тіпті баннер дайындап, көшеге іліп қойсақ, ұрпақ үшін үлкен тәрбие болар еді.

Нұрсұлу МҰХАМЕДИЯРОВА:

ЕАС 665

– Қазіргі таңда архивтен ғалымдар өз қорларын ашты. Бұл  тарих үшін қажет. Бірақ, сол құжаттарды архивтің ашуға құзыры жетпейді. Біздің міндетіміз – құнды деректерді сақтап, кейінгі буынға жеткізу. Ал, нақты атқарылған жұмыстарға тоқталсам, өткен жылы Уфа, Қазан қалаларына іссапарға бардық. Көптеген құжаттар әкелінді. Қазіргі таңда мамандар өңдеу үстінде.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Гүлжан ӘМІРОВА.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button