«ТУҒАН ОТАН, МЕН САҒАН КЕЛДІМ!»

«Атырауда не қызық бар? Одан да Баянауылда (Павлодар облысы) қал. Демал, қыдыр, әсем табиғат аясында көңілді өмір сүр» деген нағашыларына кішкентай жиені: «Оның есесіне, бізде Ақ Жайық бар!» – деп жауап берген көрінеді...

 

“Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп” дегендей, күз айында Алатау баурайына демалудың сәті түскен болатын. Мәдениет пен өнердің орталығы саналатын Алматы өңіріндегі сапарымыз сәтті өтті. Жаңа танысулар, жүздесулер, сырласулар болады. Бұл – табиғи құбылыс. Осының өзі адам бойына рухани нәр беріп, ерекше әсерге бөлейтіні жасырын емес.

Отан. Атамекен. Атажұрт. Тарих… Бұл қай құлаққа да асқақ естілер асыл ұғымдар. Адам өмірге келіп, ес жиып, етек жия бастаған сәттен өз Отанының тарихына ден қоя бастайды. Кім-кімге болса да өз туған жері, туған тілі қымбат. Бұлай деуімізге себеп, сапар барысында “туған ел” деп жүректері лүпілдеп, арман қанатына ілесіп, атажұртқа табан тіреген Жылқыбаевтар отбасымен танысуымыз түрткі болды. Бұл отбасын Қытай Халық Республикасынан атамекенге деген сағыныш жетелеп келген екен. Ерлі-зайыпты Қалмиет пен Бахардың Қазақстанға қоныс аударғандарына бес жылдың жүзі болыпты. Отағасы Қалмиет кәсіпкерлік салада қызмет етсе, зайыбы Бахар – Алматы қаласындағы ауруханада беделді дәрігер, өз ісінің білгір маманы. Алты жасар Арлан мен бір жасар Еларыс атты ұлдары құлын-тайдай тебісіп өсіп келеді. «Туған жерге келуіміздің басты себебі, ұлдарымның тілі қазақша шығып, ана тілін, ата-салтын, ұлттық әдет-ғұрып пен дәстүрлерін сақтасын, Абай мен Мұхтардың кім екенін білмей өссе, қалайша қазақ болмақ? Қазақша ойлап-жазу әрбір адамның төл міндетіне айналуы керек. Сөйтіп, ұрпағымыздың болашағын ойладық» деп Қалмиет ағынан жарылды. Тыңдап отырып, іштей қайран қалдық. Отанға деген сарқылмас сағыныштары мен мәңгілік махаббаттарын ұлдарының санасына сіңіріп, елге, жерге деген сүйіспеншілікке, туысқа деген бауырмалдылыққа тәрбиелеп жатқандарын көріп, шексіз риза болдық.

Қияннан оралған қандастарымыздың Отанға деген патриоттық сезімдері зор, ана тілін, дінін, тарихын, салт-дәстүрі мен өнерін сақтап қалған. «Қазақ» деген атқа тіл тигізгілері келмейді, туған тілін ары, абыройы, ұлт келешегі деп біледі. Ал, өз елінде жүріп ана тілін жатсынып, ана тілінде сөйлеуге арланатын, оның қадір-қасиетін білмейтін жастарымыз қаншама?! Олар өз сөздерінде: «Ата-бабамыздың кіндік қаны тамған жерге келіп, туған топыраққа табан тіреп, Тәуелсіздік туының астында бейбіт те берекелі тірлік кешудің маңдайға жазылғанына шүкіршілік етеміз», – дейді.

Арлан секілді қаршадай баланың туған жерге деген өлеңдерін тыңдағанда, тұла бойың шымырлап, ерекше сезімге бөленесің.

«Саған келдім атажұрт,

Қайдан келген ұл деме,

Қаңғырып жүрген тұл деме,

Қызықпаймын үлдең менен бүлдеңе,

Саған қарай сүйрейді

Қанымдағы бірдеңе».

Және:

«Елімнің атын айтсам – Қазақстан!

Жерімнің атын айтсам – Қазақстан!

Қойнауы қазынаға толған мекен,

Байлығым, атын айтсам – Қазақстан».

Сондай-ақ:

«Қазақстан – ұлық мекен,

Ұлылардың арманын үйіп-төккен.

Өзге де ұлт, туысқа қоныс болып,

Оларға да жақсылығын үйіп-төккен.

Қазақстан Республикам – мақтанышым,

Мен сені жырламаймын мақтан үшін.

Құдайым, маған құрттай жүрек берген,

Лүпілдеп сені сүйіп, сақтау үшін!»

Міне, кішкентай Арланның жаттап өскен өлеңдері. Еріксіз ойға қалдырып, көзіңе ыстық жас үйіріледі.

«Бала – балғын тал, ересек адам – бағбан» десек, баланың туған жерге, Отанға, еліне деген сүйіспеншілігін арттырып, патриоттық сезімін оятып, отаншылдыққа баулу – ата-ананың басты мұраты. Осы мақсатты бұл отбасы қалтқысыз атқарып келеді. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөздің өзі отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе?

Тағы бір мысал, Арланның анасына теледидардағы жарнаманы көріп, «мен де әлем чемпионы Александр Винокуровтай болғым келеді. Винокуровтың жеген «Цесна» макаронын маған неге пісіріп бермейсің?» деп айтқан өтінішін естіп, бір күліп алдық. Теледидардан естіген ақпаратты ұмытпай, анасына келіп айтуының өзінде тәрбиелік мән жатқанын аңғару қиын емес. Бала болса да, әріден ойлап, әр сөздің астарына жете мән беретіндігі таңғалдырды.

Осылайша, жас отбасы тарихи Отанымызға оралып, еліміз үшін еңбек етіп, шат-шадыман тұрмыс кешуде. Тәуелсіз ел атанып, көк байрағымыз желбірегелі де біршама уақыттың жүзі өтті.

Қазақстан Республикасы этномәдени білім беру тұжырымдамасының мазмұнында: «Бізге қажетті – жаны да, қаны да қазақы халықтың тілі мен дінін, тарихы мен салт-дәстүрін бойына ана сүтімен бірге сіңірген, егеменді елінің еңсесін көтеруді азаматтық парызым деп ұғатын ұрпақ тәрбиелеу» деп көрсеткеніндей, еліміздің елдігі мен бірлігін сақтайтын, Отаны, халқы алдындағы парызын жауапкершілікпен өтейтін, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Олай болса, өз мәртебемізді көтеріп, ұлттық рухқа суарылған өршіл намысымызды әлсіретпеу жолында аянбайық дегіміз келеді.

 

Жүзімгүл және Гүлжүзім ІЗТІЛЕУОВАЛАР.

 

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз