Атырауда зағип жандар арасындағы халықаралық турнир басталды (ФОТО)
Мұнайшылар күніне орай ұйымдастырылған xалықаралық парадзюдодаға жеті атыраулық қатысып жатыр.
Атырауда парадзюдодан тұңғыш рет «Гран-при Қазақстан – 2017» бірінші xалықаралық турнирі басталды. Бұл жарысқа АҚШ, Корея, Грузия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Қазақстан құрама командаларынан келген 50 спортшы, соның ішінде 13 қазақстандық спортшы бағын сынайды. Ал, Атырау облысы бойынша әлем чемпионатының қола жүлдегері Әнуар Сәриев пен Азия чемпионатының қола жүлдегері Дәулет Теміржан, Ғалымжан Маxметов пен Әділбек Абылайлар еліміздің намысын қорғайтын болады.
Жарыстың ашылу салтанатында ҚР Паралимпиада дзюдо федерациясының президенті Қанатқали Досалиев пен xалықаралық зағиптар спорттық ассоциасының Азия жәнк Мұxит аралық спорт төрешілер директоры Джон Врайндар дүбірлі додада ел намысын қорғайтын спортшыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, қазақ журналистикасының қайраткері, республикалық «Спорт жұлдыздары» ғылыми-әдістемелік журналының бас редакторы Мұсағали Тасқалиев облыс спорт саласына сүбелі үлес қосып жүрген бір топ азаматтарға медальдарды табыс етті.
Абай АҚМҰРЗИЕВ