ҚАЗЫНА ҚАРЖЫСЫ – ҚЫРАҒЫ НАЗАРДА

Кеше бесінші шақырылған Атырау облыстық мәслихатының кезекті ХХХІІ сессиясы өтті. Онда алдымен «Атырау облысының 2014 жылға арналған бюджетінің орындалуы туралы» мәселе қаралды. Бұл жөнінде облыстық қаржы басқармасының басшысы Бақытжан Жылқыбаев баяндама жасады.

Есепті мерзімде облыс бюджетінің кіріс бөлігі жоспарланған 143 млрд. 182 млн. теңгенің орнына 151 млрд.теңгені құрап, 105,5%-ға орындалған. Салықтық және салықтық емес, сондай-ақ негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер жоспарларының да толықтай орындалысы қамтамасыз етілген. Соның ішінде, республикалық бюджеттен түсетін трансферттердің көлемі 39 млрд. 953 млн. теңгені құраған. Бұдан басқа, облыс қазынасынан бөлінген бюджеттік несиелерді өтеу есебінен 928 млн. теңге, мемлекеттік қаржы активтерін сатудан 18 млн. теңге қаржы түсірілген. Мұның сыртында, республикалық бюджеттен ипотекалық тұрғын үй құрылысын несиелей қаржыландыруға, мамандарды әлеуметтік қолдау мен кәсіпкерлікті дамытуға қаралған 2 млрд. 852 млн.  теңге толығымен түскен.

Баяндамада айтылғанындай, облыс бюджетінің шығындар бөлігінің де толықтай дерлік (154 млрд. 256 млн. теңге) орындалғандығы белгілі болды. Алайда, бюджеттік несиелер, қаржылық активтерді сатып алу, қарыздардың өтелуін қосқанда жоспарланған 163 млрд. 864 млн. теңге қаражаттың 31 млн. 513 мың теңгесі игерілмей қалған. Оның басым бөлігі мемлекеттік сатып алуға арналған, өзге де қаржы көздерін үнемдеу есебінен, қалғаны білім беру нысандары бойынша жоспарланған жұмыстардың орындалмауынан, сондай-ақ ағымдағы шығындарға қатысты қызметтердің уақытында ұсынылып, жеткізілмеуі салдарынан орын алған.

Бұдан кейін облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Марат Мұрзиевтің 2014 жылға арналған бюджеттің орындалуы туралы есебі тыңдалды. Келесі кезекте Атырау облыстық мәслихатының  «2015-2017 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» (2014 жылдың 15 желтоқсанындағы №337-V) шешіміне енгізілген өзгерістер жайында облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева баяндады.

Сессияда қаралған маңызды мәселенің бірі «Атырау облысы бойынша ауыл шаруашылығы және тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер учаскелерін түгендеу барысы туралы» болды. Аталған мәселеге байланысты жер қатынастары басқармасының басшысы Арман Баженов баяндап шықты.

Күні бүгінге Атырау облысының жер қоры 11863,1 мың гектарды құраса, оның 56%-ын босалқы жерлер, 19%-ын ауыл шаруашылығы мақсатындағы, 11,2%-ын елді мекендер аумағындағы, 6,3%-ын басқа да мемлекеттік пайдаланудағы жерлер қамтиды. Қалғаны  түрлі салалардың (өнеркәсіп, көлік, байланыс қызметі, қорғаныс, ерекше қорғалатын табиғи аймақтар, орман және су қоры) еншісіне тиесілі жерлер болып табылады.

2011-2014 жылдар аралығында жүргізілген түгендеу жұмыстарының қорытындысында облыста 682,7 мың гектар көлеміндегі жер телімдерінің игерілмегендігі анықталған. Осы пайдаланылмай отырған жердің 527,7 мың гектары немесе 77,3%-ы мемлекет меншігіне қайтарылған. Мемлекет иелігіне қайтарылған жердің бір бөлігі (131,6 мың гектары) кері айналымға енгізілген. Дегенмен, түгендеу шаралары барысында кейбір қиындықтар туындап, іске кедергі келтіретіндігі, оларды тиісті заңдылықтар шеңберінде реттеу кезек күттірмейтін мәселе екендігі алға тартылды.

Сессия жұмысына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысты. Аймақ басшысы күн тәртібінде қаралған мәселелерге қатысты түсінік берді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз