«Жеріне ие болмаса, ел баласы бола ма?»

EAC3806 Шаһар шырайы

Рухани жаңғыру елдің ұлттық түп-тамырынан басталуы қажет. Бұл ретте Елбасының алға қойған мақсат-міндеттерін іске асыруда бүкіл шығармасын Атырау топырағын дәріптеуге, оның географиялық атауларын жан-жақты танытуға арнаған Мұрат Мөңкеұлының мұрасынан айналып өту мүмкін емес. Осы тұрғыда жыраудың туғанына 175 жыл толуына арналған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өткен «Мұрат Мөңкеұлының мұрасы және туған жер идеясы» республикалық ғылыми-теориялық конференциясында белгілі зерттеуші ғалымдар бас қосты. Ақынның тарихи тұлғасын айқындауда тың пайымдар айтылып, жаңаша көзқарастар ұсынылды. Мұрат Мөңкеұлының шығармаларындағы туған жер идеясы заман талабы биігінен қайта зерделенген баяндамалар тыңдалды. 

????????????????????????????????????
????????????????????????????????????

Сейіт  ҚАСҚАБАСОВ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

Үштағандық тұтастықты жырлаған…

– Ақын қазақ халқының бес-алты ғасырлық тарихын асқан шеберлікпен суреттеп, баяндайды. Оның жырларындағы тарихи оқиғалар мен тұлғалар, жер, су, қоныс, жайылым, өріс, құдық аттары – әлі күнге дейін игерусіз жатқан асыл мұра. Мұрат шығармаларында 150-ге жуық жер, су, қала аттары, 300-дің үстінде адам есімдері кездеседі. Сол замандағы ащы шындықты бейнелеген кеңістігі де әр алуан. Бірқатар туындылары Ресей империясының отарлау саясатына қарсы бағытталды.

Ақын мұрасын жан-жақты зерттегенде оның шығармашылығында «үш» санымен өрнектелген тіркестер көп. Мәселен, басты шығармасы – атақты «Үш қиян» толғауы десек, мұнда туған жер ұғымы «Еділдің бойы – қанды қиян, Жайықтың бойы майлы қиян, Маңғыстаудың бойы – шаңды қиян», – деп үштағандық тұтастық арқылы аңғартылады. Ол ел мен жердің ахуалына үш тұғырдың үйлесімі арқылы зер салады.

Ғарифолла  ЕСІМ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің философия кафедрасының меңгерушісі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы:

Түп-тамырдан жаңғыру қажет

– Қай халықтың тағдыры да, тарихы да мұңға толы. Бүгінгілерге, алдағыларға ғибрат, сабақ болатын қазақ халқының да тағдыры, тарихы бар. Біз өткеннен өріс алған халықпыз. Енді өткеннен сабақ алатын халық болуымыз керек. Өкініштісі, осы сана-сезім-түйсік әлі де бесікке бөленіп, өрістей алмай жатқаны шындық. Демек, бізге рухани жаңғыруды жалаң ұранға айналдырмай, әлі де айтарлықтай тер төгуіміз қажет. Бұл ретте Мұрат Мөңкеұлының мұрасына үңілу – тамырдан жаңғыру деген сөз.

Тарихқа үңілсек, қазақтың ата қонысынан шұбыра көшкені – Дулат ақынға да, Бұқар жырауға да, Мұрат жырауға да, хакім Абайға да ортақ тақырып. Мұрат пен Абай заманы бір, зары бір, мұңдас ойшылдар. Екеуіне де ортақ ұғым – заман. Олардың ғұмыр кешкен заманы – қилы заман… Бұл сарындарды біз Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиянынан» табамыз. Ендеше, Мұрат жыраудың осынау толғауын мектептерде міндетті түрде оқыту қажет. Оқушылар арасында «Үш қиянды» жатқа айтатын байқаулар ұйымдастыру керек. Оны домбырамен айтылған толғау ретінде музыкалық әдеби-мәдени байқау өткізу керек. Жыл сайын Қазақстанның барлық оқу орындарында ретіне қарай Мұрат Мөңкеұлының оқуларын өткізу дәстүрлі іс-шараға айналғаны жөн.

Ғарифолла ӘНЕС,Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, «Арыс» қорының директоры, филология ғылымдарының докторы:

Ұлттық кодты аша түссек…

– Ақын еңбегіндегі ұлттық кодты әлі де аша түсу керек. Сондай-ақ, тарихтағы барлық ақын жыр-толғаулары домбыра әуенімен халық арасына тараған. Сол кездері домбырасыз еш жыр айтылмаған. Сондықтан, Мұрат мұрасын музыкамен  байланыстыра зерттеу қажет. Өйткені, музыкада батыстық дәстүр деген термин қалыптасты. Маңғыстаудан бастап Қызылорданың жеріне дейін болған оқиғалардың сарыны бұл. Бізге сол кездегі музыкадан бұрын жорық жырлары бірінші жетті. Ал, музыка халық жадында сақтала бермейді. Сондықтан, рух, намыс, ел, жер үшін күреске бастаған әуендерді ғылыми-зерттеу қажет. Бұл оқу орнында қолға алынса құба-құп.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы:

Шежірелі ақын

– «Алаш» ұғымы мен Мұраттың мұрасын бөлек қарауға болмайды. Халел Досмұхамедұлының «…Әрбір жастың ойы тарихпен байлаулы болуы керек. Әр жастың ойы намыспен байлаулы болуы керек» дегені бәрімізге ой салуы тиіс. Осы тұрғыда Ұлттық қауіпсіздік архивінен табылған құжаттағы жазба туралы айтқым келді. Біз 1990 жылдары ғылыми айналымға түсірген бұл бағдаршам болған құжатта Мұрат Мөңкеұлының есімі аталады. «Шынында қазақ әдебиеті  болған, һәм бар. Қазақ өмірінің түрлі өзгерісі, мөрі, қыры, қайғысы, қуанышы, ойы, қиялы әдебиетіне түсіп отырған. Кешегі Мұрат, Махамбет, Шортанбай, Ақан сері секілді ақындардың елдің мұңын, зарын жырлай білген шын ақындар екені анық. Олар қазақ даласына бет алған еуропаның, орыстың отаршылдығын көріп бірінші уланған ерлері…

Бұл сөздер кейін Мұрат Мөңкеұлының алғашқы жинағына алғысөз жазған кезде немесе халықты мұраттануға қарай бейімдеген кезде Халелдің айтқан ойларымен үндеседі. Қазақтың тарихын жазған адам Мұрат Мөңкеұлы секілді ақындардың сөзін елеусіз қалдыра алмайды. Мұрат – бір жағынан  өткенді білген шежіре болса, екінші жағынан халықтың мұңын, елдің зарын айтатын әлеуметшіл ақын.

Бауыржан  ОМАРОВ, Қазақстан Республикасы Президенті баспасөз хатшысының орынбасары, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының  докторы:

Ел мен жер мұңы

Мұрат Мөңкеұлының мұрасын салмақтап-саралаған кезде бірқатар ерекшелікті байқаймыз. Оның барлық өлең-толғауларына, айтыстары мен арнау өлеңдеріне, термелері мен жырларына ел мен жер тақырыбы арқау болды. Мұрат шығармалары дегеніміз – туған өлкенің шежіресі, Атыраудың энциклопедиясы, әрі Жайық  жағасындағы елді мекендердің ономастикалық бет-бейнесі. Мұрат Мөңкеұлының шығармалары әр жылдарда бүгінгі қазақ жерінен тысқары қалаларда жарық көрді. Мәселен, 1978 жылы «Үш қиян»  толғауының аудармасын Ленинград қаласынан шыққан «Поэты Казахстана» атты антологияға енді. Өз жерімізде басуға тиым салған Мұрат жырлары кеңестік дәуірде-ақ түндер қаласында асқақтап тұрды. Америкалық ғалымдар да оның толғауларын талдай отырып, «Мұрат тығырықтан шығар жол іздеп, «замананы қалай жөнге келтіреміз?» деген сауалға жауап таппай қиналды» деп қазақ әдебиетінде бірнеше рет айтылған дәстүрлі қорытындыға келеді. Ең бастысы, ағылшын ғалымы Томас Виннер зар заман әдебиетінің табиғатын таниды, әлеуметтік-тарихи себептеріне үңіледі, халық тағдырымен тамырластығына назар аударады. Бұл зерттеу осынысымен де биік тұрады.

Абзал ТАЛТЕНОВ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры:

Тарих тамырына үңілсек…

– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бүгінде тарихи-танымдық ой-тұжырымдар жасауға кеңінен ықпал етуде. ХХІ ғасырдағы ұлттық сана тарихи өткен жолымызды саралап, болашақты болжауға, қазақстандық даму жолын нық жүргізуге іргетас болуы қажет. Мемлекет басшысы айтқандай, туған жердің ауқымы ұлғая келе, туған ел идеясына ұласады. Ал, оның тарихи тамырынан нәр алу –  шынайы патриотизмнің көрінісі. Демек, бізге рухани жаңғыру жолында Мұрат ақынның мұрасына терең үңілу аса маңызды.

 

Сайфулла САПАНОВ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік  университетінің  профессоры, тарих ғылымдарының  докторы:

Мұрат мұрасы мәңгілік

Мұрат Мөңкеұлы – қазақ әдебиетінде шығармалары қайшылыққа толы күрделі тұлға саналған ақындардың бірі. Оның шығармаларын  алғаш зерттеген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ демократы, профессор, Алашорда үкіметінің Батыс бөлімі жетекшілерінің бірі Халел Досмұхамедов болды. Яғни,  Халел – алғашқы мұраттанушы. Ол Мұрат шығармаларын сараптай отырып, оның мемлекетшілдігін, халықшылдығын бірінші орынға қояды. Зерттеуші Халел «…Он жеті жасында Жылқышы деген ақынмен айтысқан сөзінде Мұрат: «Жігіттің халыққа тигізген пайдасын айт, сырғия ұрыны айтып неге керек?» дейді. Өмір бойы өлгенінше Мұрат осы ұранды айтып кетті десе болады.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ақынның шығармашылығын ғылыми зерттеуде мұраттанушылардың жаңа толқындары қалыптасты. Олардың зерттеулері нәтижесінде Мұраттың ақындық сапары әлі де ұзақ  болары сөзсіз.

 

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Самал

    өте қуаныштымын. қазағымыздың ұлы тұлғаларын есте сақтап жүруіміз керек.