Атыраудағы марафонда Қайрат Нұртас өнер көрсетеді
Мамырдың 6-шы жұлдызында Атырау қаласында өтетін «АTYRAU MARATHON» марафоншылар сайысына 18 жастан асқан кез келген азаматтың қатысу мүмкіндігі бар.
Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқарамасы басшысы Азамат Бекеттің хабарлауынша, ұйымдастыратын шараның басты мақсаты – саламатты өмір салтын насихаттау. Марафонға қатысушыларға екі қашықтық – әуесқойлар үшін –10 және кәсіпқойлар үшін 21 шақырым белгіленген.
— Атырау облысында тұңғыш рет өтетін бұл марафонды болашақта дәстүрлі шараға айналдыру ойда бар, — дейді А.Бекет. — Біздің мақсатымыз – бұған әртүрлі жас деңгейіндегі адамдарды қатыстыра отырып, спорттың бұқаралығын арттыруға, саламатты өмір салтын насихаттауға үндеу. Аталған жобаның бастамашысы мен демеушісі – «Infinity fitness» фитнес клубы.
Марафон жарысы 6 мамыр күні таңертеңгі сағат 10-да басталады. Он шақырымдық қашықтыққа жүгіретін әуесқойлар үшін Атырау әуежайынан, ал, кәсіпқойларға «Мұнайшы» стадионынан старт беріледі. Екі қашықтықта да жас ерекшеліктеріне қарай жеңімпаздар анықталады. Спорттық мереке жеңімпаздарын марапаттау танымал әнші Қайрат Нұртастың қатысуымен болатын концертпен аяқталады.
Қатысушылар тіркеуден өтуге міндетті. «Infinity fitness» фитнес клубында марафоншыларға арнайы нөмір беріледі. Сәуірдің 17-нен бастап «Baizaar» сауда орталығында тіркеу жүргізіледі.
Бұдан басқа, сәуірдің 15, 22 және 29-ы күндері «Мұнайшы» стадионында кешкі 17.00-20.00 сағат аралығында марафонға қатысушылар үшін шеберлік сыныбы ұйымдастырылады.
Атырау облысының әкімдігі мен «Infinity fitness» фитнес клубы.
Keremet! Katisy kerek eken!