Атыраудағы қарттар үйінде қариялар босқа отырмайды
Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінде, яғни, қарттар үйінде қызмет алушыларды еңбекке баулу жұмысы жақсы жолға қойылған. Күнбе-күн жұмысқа жарамды қызмет алушылардың саулығы тексеріледі.
Орталықта іс машинасымен жабдықталған шеберхана бар. Онда әйел адамдар неше түрлі бұйымдар тігеді. Киім-кешектерін қысқартып, тоқыма жұмыстарымен де айналысады. Сонымен қатар, жүн түтіп, ұршық иіреді, бір инемен селдір майлық, бес инемен шұлық, белдемше, кеудеше тоқиды.
Үлкендер көктем мен жаз айларында аулада гүлдер егу, ағаш отырғызу, жеміс ағаштарын күтіп-баптау жұмыстарын атқарса, қыс айларында қардан әртүрлі мүсін жасайды. Жыл бойы мекеме ішіндегі гүлдерді баптау жұмыстарымен айналысады. Бұл айтылғандарға қоса олар ағаштан түрлі бұйымдар (сандық, құстың ұясы, еден жуғыш таяқ, бесік) жасайды. Мекеме ішіндегі аквариумды арбаға таңылған Юрий Бондарь күтеді. Ол күніне екі мезгіл сәндік балықтардың жемін береді.
Әсел МОЛДАШЕВА,
№4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының әлеуметтік-еңбек терапия нұсқаушысы.